Accessibility links

Ағаділдің туыстары мен адвокаты тергеу изоляторы қызметкерлерінің үстінен тағы шағымданды


Белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Дулатұлы, адвокат Ғалым Нұрпейісов пен анасы Гүлбараш Жолмұхамбетова (солдан оңға қарай) прокуратурадан шыққан сәт. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2020 жыл.
Белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Дулатұлы, адвокат Ғалым Нұрпейісов пен анасы Гүлбараш Жолмұхамбетова (солдан оңға қарай) прокуратурадан шыққан сәт. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2020 жыл.

29 мамырда белсенді Дулат Ағаділдің адвокаты мен туыстары Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғау туралы қалалық прокуратураға жаңа шағым түсірді. Ағаділ 25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында белгісіз жағдайда көз жұмған еді. Белсендінің туыстары мен адвокаты изолятор қызметкерлері Дулат Ағаділ өзін "нашар сезінсе де оған көңіл бөлмеді" деп санайды.

Белсендінің анасы Гүлбараш Жолмұхамбетова баласын "билік өлтірді және ол - саяси өлім" деп санайтынын айтты.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов Ағаділ көз жұмған тергеу абақтысы қызметкерлері ісіне салғырт қарады деп бұған дейін де арызданғанымен, тергеуші оны іске қосудан бас тартқанын айтады. Нұрпейісов "Ағаділдің өліміне қатысты 7 томнан тұратын істегі изолятор камерасынан алынған видеода изолятор қызметкерлерінің ісіне салғырт қарағаны анық көрініп тұр" деп санайды.

- Конституцияда мемлекеттің бар байлығы адам деп айтылғанымен, видеодан біздегі адам өмірі ит құрлы емес екенін көріп қатты қынжылдым. Видеодан біз оның изоляторға алып келгеннен бастап өзін нашар сезінгенін көрдік. Ол еденде жатыр, оған ешкім келмейді, көмектеспейді. Айтыңызшы, бұл жерде сонда заң бұзушылық, қылмыс құрамы жоқ па? Одан жатпауды тұруды, отыруды талап етеді. Ал оның жағдайы нашар. Сондықтан мен қылмыс құрамы жоқ дегенмен мүлде келіспеймін, -дейді қорғаушы.

Адвокаттың сөзінше, "түнде ұстап әкелгеннен кейінгі видеокадрлар жоқ. Сапасы нашар, сақтау жады шектеулі видеокамера тек таңғы сағат 6 мен 8-дің арасын түсірген".

Видеоны адвокатпен бірге көрген белсендінің анасы Гүлбараш Жолмұхамбетова "Мен бұл арнайы бұйрықпен болған саяси өлім деп санаймын. Оның артында алты баласы жетім қалды. Ол қылмыскер емес. Бар жазығы – шындықты айтқаны. Оның өліміне [Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан]Назарбаевты, [қазіргі президент Қасым-Жомарт] Тоқаевты, [Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы] Мәсімовты. [Ішкі істер министрі] Ерлан Тұрғымбаевты себепші деп санаймын. Мен үкіметтен баламның құнын талап етемін" деді.

Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасы 25 мамырда белсенді Дулат Ағаділдің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істің қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылғанын, оның "миокард инфарктісінен" көз жұмғанын хабарлаған.

Ағаділ ісін тоқтату шешімін прокуратура өкілдері желіде жаппай қолдады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:55 0:00

25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қайтыс болған 44 жастағы белсенді Дулат Ағаділдің түрмедегі жұмбақ өлімін ІІМ "жүрек талмасынан" болғанын айтқан.

Ағаділді 24 ақпанда түнде қарапайым киімдегі бірнеше адамның үйінен күштеп әкеткен. Полиция департаменті баспасөз қызметі белсендіні тергеу изоляторына әкетуді "биыл қаңтар айында Дулат Ағаділге айып тағылып, "ешқайда кетпеу" туралы шара қолданылған, тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен 24 ақпанда қамауға алынды" деп түсіндірген еді.

Кейін марқұм жерленген соң, 27 ақпанда әлеуметтік желіде Дулат Ағаділдің мәйітінің видеосы тараған. Видеоны түсірген адам оның денесінде көгерген іздер барын айтады. Сол кезде жергілікті прокуратура "видео интернетке белсендінің туыстарының рұқсатынсыз жарияланды, денедегі дақтар – биологиялық өлім белгілері" деп мәлімдеген.

Дулат Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында өткен наразылық акцияларына қатысушылар белсендінің қазасына билік кінәлі деп есептейді және әлі күнге дейін оның өлімін әділ тергеуді талап етіп келеді.

28 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді Дулат Ағаділ "жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеген. Сараптаманың ресми қорытындысы шықпай тұрып айтылған бұл тұжырымды белсенділер сынаған.

Дулат Ағаділдің полиция әкеткен соң жұмбақ қазаға ұшырауына байланысты АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі мен Еуропаның қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Нұр-Сұлтанды тергеуді ашық әрі әділ жүргізуге шақырған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар да Дулат Ағаділдің қазасын "саяси сипаты бар" деп санайтынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG