Accessibility links

Оралда экс-күйеуі кепілге алған әйелдің үстінен сот басталды


Ираида Ислямғалиева. 9 маусым 2020 жыл.
Ираида Ислямғалиева. 9 маусым 2020 жыл.

Оралда бұрынғы күйеуінің арызы бойынша қала тұрғыны Ираида Ислямғалиеваның үстінен сот басталды. Шағымданушы бұрынғы әйелін кепілдікке алу оқиғасынан кейін қамауда отыр.

Сот отырысы онлайн-режимде өтіп жатыр. Сот залына айыпталушы ғана келген. Ислямғалиеваға Қылмыстық кодекстің 130-бабы 2-тармағы (БАҚ арқылы жала жабу) және 131-баптың 2-тармағы (БАҚ арқылы қорлау) бойынша айып тағылған. Оның үстінен экс-күйеуі Ерлан Ислямғалиев жеке шағым түсірген.

- «Уральская неделя» газеті мен Facebook желісіндегі «НеМолчи.KZ» қорының парақшасында Ислямғалиеваның өлім алдындағы хаты жарияланған соң Ислямғалиев жеке шағым түсірді, - деді судья Айжан Мырзалы.

Ислямғалиева өлім алдындағы хатында «егер өмірден өтсе оған «маньяк», «оңбаған» күйеуім кінәлі болады» деп жазған.

- Бұл хатты Ерлан мені үйде бірнеше күн күштеп ұстап, қорлық көрсеткен соң жаздым. Сол кезде ол мені өлтіретініне сенімді болдым, - дейді айыпталушы.

Ислямғалиев сотта «бұрынғы әйелім мені соттағысы келеді, улағысы келеді және мұрагерлікке таласқысы келеді» деді. Шағымданушыдан кеңірек пікір алу мүмкін болмады. Ол тергеу изоляторында отыр, ал адвокаты телефонға жауап бермеді.

Ерлан Ислямғалиев өзіне қатысты тергеу жүріп жатқанда шағымданған. БҚО полиция департаменті Азаттыққа оның үстінен Қылмыстық кодекстің алты бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

Оның ішінде «Қинау», «Қорқыту», «Бірнеше рет зорлау», «Қару қолдану арқылы кепілге алу» сынды баптар бар.

Оқи отырыңыз: Экс-күйеуі кепілге алған жәбірленуші әйелдің үстінен қозғалған қылмыстық іс

Былтыр қараша айында Ираида Ислямғалиева жұмыс істейтін нотариус кеңсесіне оның бұрынғы күйеуі Ерлан Ислямғалиев келіп, кабинетті ішінен жауып, бұрынғы әйелін алты сағат бойы кепілде ұстаған. Жәбірленуші бұрынғы күйеуі «өлтіремін» деп қорқытқанын, келіссөз жүргізушілер мен полицияға әртүрлі талаптар қойып, кеңседен өз шарттары орындалғаннан кейін ғана шыққанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG