Нұр-Сұлтанда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында талаптар айтып, қатарынан екі күн түнеген көп балалы әйелдерді полицияның алып кеткені хабарланды. 10 маусым таңертеңгі сағат 7-де әйелдердің бірі Азаттыққа хабарласып "бес жедел жәрдем көлігі және бірнеше автобус келіп тұр, бізді алып кететін сияқты" деп айтқан. Шамамен жарты сағаттан кейін барған Азаттық тілшісі министрлік алдында әйелдер жоқ екенін, жұмысшының баспалдақты жуып жатқанын көрді.
Интернетте жарияланған видеолардың бірінде ақ түсті қорғаныш киім киген адамдардың полиция автобусынан түсе салып, әйелдерге қарай жүгіріп, автобусқа күшпен отырғызып жатқаны көрінеді. Әйелдер "міне, бізде әйелдерге қалай қысым жасайды, көріңдер! Көмектесіңдер!" деп айқайлайды.
Ақпарат бойынша, оларды астанадағы "Рамада Плаза" қонақүйіне алып кеткен. Таңертеңгі сағат 8-дер шамасында қонақүйге барған Азаттық тілшілерін арнайы киім киген азамат "карантиндік нысан" деп ол жаққа кіргізбеді. Қонақүй жақ маңында бірнеше жедел жәрдем көлігі көрінді. Жанында полиция қызметкері жүрді.
Қонақүйге жеткізілген наразы әйелдердің бірі Айжамал Сариеваның айтуынша, мұнда әйелдер коронавирусқа тест тапсырудан бас тартқаннан кейін полиция қызметкерлері біртіндеп оларды көлікпен алып кете бастаған. Оларды қай жаққа алып кеткені белгісіз. Әзірге көбінің телефоны өшіріліп тұр. Таңертең қонақүй алдына жиналған өзге әйелдер тобы іштегілерді босатуды талап етті. Сақшылар ішке әйелдердің заңгері Ғазиза Әмірбекованы да кіргізбеді.
Байқоңыр аудандық ішкі істер басқармасындағы кезекші қызметкер әйелдердің ұсталғаны туралы ақпаратты білмейтінін айтты. Қалалық департамент әзірге түсініктеме берген жоқ.
20 шақты әйел министрліктің алдында наразылық акциясын 8 маусымда бастаған болатын. Олардың басты талаптары: әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы беру, көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, мәжбүрлі түрде вакцина салдырмау, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған аналарға баспана беру т.б. Наразылардың арасында бес-алты аяғы ауыр әйел болған.
Бұған дейін оларға жергілікті әкімдік өкілдері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары барғанмен екі жақ келісімге келе алмаған.
Баспана сұрап, әлеуметтік салаға назар аударуды сұраған көп балалы әйелдер наразылығы былтырғы жылдан бері жалғасып келеді. Әйелдер наразылығынан соң билік көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге төлеу туралы шешім қабылдаған. Біраз уақыт өткен соң билік "елде үкіметке қол жаятындар" көбейіп кеткенін, "масылдық артып бара жатқанын" айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен АӘК төлеу шартын өзгертіп, мұны парламент пен президент қолдаған.
Жаңа ережеге сай, үкімет көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай ай сайын жәрдемақы төлейді. Енді билік төрт балаға - 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға - 53127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге береді. Ал 2019 жылдың 1 сәуірінен бері көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлемінде қаражат беріліп келсе, енді биылдан бастап АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты төленеді. Наразылық акциясына келген әйелдер бұл шешіммен келіспейді.
Қарай отырыңыз: Нұр-Сұлтанда әйелдер "естімейтін билікке" қарсы "үнсіз наразылыққа" шықты (8 маусым 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР