Accessibility links

Қазақстанда қандай шектеулер енгізілді? 400 сөзбен түсіндіреміз


Алматы көшесінде отырған тұрғын. 2020 жылдың маусымы.
Алматы көшесінде отырған тұрғын. 2020 жылдың маусымы.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар күрт көбейіп, 42 мыңнан асқан тұста үкімет 5 шілдеден бастап елде 14 күндік (ұзартылуы я қатаңдауы мүмкін) карантин шарасын жариялауға мәжбүр болды. Бірақ елде наурыз-мамырдағыдай толық локдаун болмайды. Сонымен, елде қандай карантин шаралары енгізілмек?

Карантин кезінде тек азық-түлік дүкендері, ашық базарлар, ашық аспан астындағы тамақтану орындары, дәріхана, медицина орталықтары ғана жұмыс істейді.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен екінші деңгейлі банктер уақыт шектеуімен ашық болады.

Ойын-сауық, спорт және барлық бұқаралық шара, форум, конференция, той-томалақ, еске алу шараларын өткізуге тыйым салынады. Үш адамнан артық көшеде, саябақтарда, скверлерде серуендеуге шектеу қойылады. Ашық аспан астында жаттығу жасауға болады. 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуына тыйым салынады.

Сауда орындары, сұлулық салондары, жабық базарлар, шаштараз, спорт залдар, фитнес, бассейн, жағажай, аквапарк жабылады. Мәдениет нысандары, музей, көрмелер өтпейді. Балабақшалар (тек кезекші топтар ғана жұмыс істейді), балалар лагерьлері, караоке, бильярд, компьютер клубтары, боулинг, кинотеатр, фудкорт, банкет залдарының жұмыс істеуіне болмайды.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдар, кеңселер, ұлттық компаниялар, басқа да жұмыс орындары қызметкерлерінің 80 пайызын үйден істеу режиміне көшіруі тиіс.

Медициналық орталықтар жұртты тек алдын ала жазылу бойынша қабылдайды.

Маңызды құрылыс жұмыстары, өнеркәсіп орындары, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы жұмыстары, көлік жуу орындары, авто және тұрмыстық техника жөндейтін орындар қызметін жалғастырады.

Қазақстан осыған дейін ашылған халықаралық рейстерді ғана тоқтатпай жалғастыра береді. Халықаралық әуе қатынасы жанданатын елдер қатары артпайды. Ел ішіндегі әуе және теміржол қатынасы біраз шектеулермен жұмысын жалғастыра береді. Автобус қатынасы тоқтайды. Қалалардағы қоғамдық көлік жұмысына шектеулер қойылады.

Билік елдегі эпидемия өршісе, карантин шараларын созбақ я қатайтпақ.

Үкімет карантин шарттарын бұзған жеке адамдарға 83 мың теңге, заңды тұлғаларға 600 мың теңгедей айыппұл салмақ. Осыған дейін халықаралық құқық қорғаушылар "Қазақстан билігі пандемияны пайдаланып, адам құқығын бұзып жатыр" деп мәлімдеген.

Елде тағы карантин. Вице-премьер вирустың өршуіне "тығылып той жасаған" жұртты айыптады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:55 0:00

Билік карантинге байланысты жұмыссыз қалатын кәсіпкерлерге, жұмысшыларға ешқандай көмек көрсетпейді. Бұл туралы 2 шілдеде өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты. Қазақстан билігі 16 наурыз - 11 мамыр аралығында коронавирусқа байланысты төтенше жағдай мен карантин кезінде жұмыссыз қалған жұртқа ең төменгі айлық көрсеткіш көлемінде (42500 теңге, шамамен 95 доллар) жәрдемақы төлеген. Тоғжановтың сөзінше, мұндай көмек тек ТЖ режимінде төленеді, ал 5 шілдеден бастап елде тек карантин жарияланады.

Қазақстанда 16 наурыздан 11 мамырға дейін коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланғанда жұрт екі айдай қатаң карантинде отырған. Кейін билік елде эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп, карантин шараларын жеңілтеде бастады. Араға екі аптадай уақыт салып, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар өсе бастады. Шілденің басында вирус жұқтырғандар 42 мыңнан асты. COVID-19 дертінен қайтыс болғандар екі жүзге жуықтады. Пневмонияға шалдыққандар мен одан көз жұмғандар да күрт өсті. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзінше, елде пневмонияға шалдыққандар былтырмен салыстырғанда 50 пайызға өскен. Кейбір сарапшылар пневмонияның күшеюін коронавируспен байланыстырады.

Үкіметтің "мамыр айының соңында елде 5 мыңнан аса адамнан вирус табылады" деген болжамы мүлде орындалмады. Осыдан соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке елде қайта "наурыз-мамырдағыдай" қатаң карантин шараларын жариялауды тапсырған. Бірақ үкімет елде толық локдаун жарияламады. Наурыздағыдай блокпостар қойылмайды. Жұрт елдімекендер мен қалалар арасында жүре алады.

Қазақстан билігі наурыз-мамыр кезіндегі карантинде коронавирус пен экономикалық дағдарысты еңсеру үшін бюджеттен 10 млрдтан астам доллар бөлген. Үкімет бұл қаржының қалай жұмсалғаны жайлы толық есеп берген жоқ. Бюджет ашықтығын зерттеп жүрген ұйымдар билікті ашықтыққа шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG