Accessibility links

АҚШ Қытай шенеуніктеріне Шыңжаңдағы әрекеті үшін санкция енгізді


АҚШ қаржы департаменті.
АҚШ қаржы департаменті.

АҚШ Қытайдың бұрынғы және қазіргі лауазымды төрт шенеунігіне Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылмандарды қудалағаны үшін санкция енгізді. Бұл санкция әлемдік Магнитский заңы аясында енгізілді деп хабарлады АҚШ қаржы департаменті.

Санкцияға сәйкес, аталған адамдардың АҚШ аумағындағы мүлкі бұғатталады, олармен [америкалық компаниялар және азаматтардың] іскерлік байланыс орнатуына тыйым салынады, виза берілмейді.

Санкция салынғандардың арасында Қытай компартиясының Шыңжаңдағы хатшысы Чэнь Цюаньго, оның бұрынғы орынбасары Чжу Хайлунь, Шыңжаң қоғамдық қауіпсіздік бюросының қазіргі директоры Ван Миншань, осы бюроны оған дейін басқарған Хо Люцзюнь, сонымен бірге (полиция қызметін атқаратын) бюроның өзі бар. АҚШ билігінің мәлімдемесінде бұл адамдар мен аталған мекеменің «Шыңжаңдағы аз ұлттардың құқығын бұзуға, кей хабарлар бойынша, оларды жаппай ұстап, озбырлықпен күш қолдануға қатысы бары» айтылған.

АҚШ "Шыңжаңдағы жекелеген мұсылман топтардың құқықтарын өрескел бұзғаны" үшін Қытайға қарсы қысымды күшейткен. Өткен айда АҚШ президенті Дональд Трамп Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылмандарды қудалауға атсалысқан Қытайдың жоғары лауазымды шенеуніктеріне санкция салуға мүмкіндік беретін заңға қол қойған. Оған дейін бұл заңды конгресс мақұлдаған болатын.

Шілденің басында АҚШ кеден қызметі Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі саяси лагерлерде жасалған деген күдікпен шаштан дайындалған 13 тонна өнімді тәркіледі. АҚШ қытайлық Lop County Meixin компаниясын мәжбүрлі еңбекті пайдаланғаны үшін қара тізімге қосты. Компания Шыңжаңдағы шаш өнімін жасаушы кәсіпорындар арасында үшінші болып қара тізімге кіргізілді.

Маусымның соңында жарияланған баяндамада Қытай билігінің Шыңжаңдағы этникалық топтардың санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге немесе контрацепцияны қолдануға мәжбүрлеп жатқаны айтылған.

Ресми Пекин бұл айыптауларды жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG