Беларусьтің орталық сайлау комиссиясы қамаудағы банкир Виктор Бабариконы президенттікке үміткер ретінде тіркеуден бас тартты. Комиссия шешімді бірауыздан қабылдады. Ресми себеп – Бабариконың табысы мен мүлкі туралы декларациясында сәйкессіздіктің болуы және сайлау науқанының шетелден қаржыландырылуы.
Беларусьтің мемлекеттік бақылау комитеті ОСК-ға Бабарико қылмыс тобының жетекшісі және ол заңсыз табысқа кенелген деп хабарлаған. Комитеттің айтуынша, мұны кәсіпкердің кәмпелескеленген құжаттары мен күдіктілердің жауабы арқылы растауға болады.
Алайда Бабарико ісі туралы сот ісі болмаған және ол кінәлі деп табылмаған. Бабариконы қолдаушы бастамашыл топ өкілдері мемлекеттік бақылау комитетінің хаты туралы алдын ала хабар берілмегенін айтты. Ал қолда бар құжаттарда банкирдің заңсыз әрекеті туралы фактілер көрсетілмеген, куәгерлердің оған қарсы жауаптарына қайшылық көп.
Бабарико маусым айының ортасынан бастап тергеу абақтысында қамауда отыр. Билік оны қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыптады: салық төлеуден жалтару, ақшаның ізін жасыру және пара беру. Бабариконың ұлы әкесіне қарсы қозғалған іске куәгер ретінде тартылған. Банкир әкесінен кейін ұлы Эдуард Бабарико да қамауға алынған.
Бабарико 20 жылға жуық Белгазпромбанкке жетекшілік етіп, президенттік сайлауға түсетінін жариялаған соң, қызметінен кеткен. Құқық қорғау органдары маусымның ортасында оның үйін және банкті тінтілген. Беларусь президенті Александр Лукашенко қарсыласын қудалауды жеке өзі тапсырғанын мойындаған.
Беларусьте президент сайлауы 9 тамызға белгіленген. Лукашенко алтыншы мерзімге талпыныс жасап отыр. Ол мемлекетті 25 жылдан астам уақыт бойы басқарып келеді. Халықаралық ұйымдар Лукашенконың кейінгі сайлаулардағы жеңісін демократиялық стандарттарға сай емес деп сынға алды.
Қазіргі сайлау науқаны кезінде Лукашенкоға қарсы көптеген наразылық акциялары өтіп жатыр. Билік оларды күшпен таратып отыр. Төрт жүзге жуық адам қамауға алынған. Беларусь президенті Лукашенко биліктің “майданның” алдын алғанын айтып, шет мемлекеттерді елдегі сайлауға араласты деп айыптады. Айыпталған елдер қатарында Ресей де бар. Еуроодақ пен АҚШ елдегі саяси репрессияны тоқтатуды талап етті.
ПІКІРЛЕР