Accessibility links

Баламен жыныстық қатынасқа түскені үшін шартты жаза алды. Қазақстанда бұл алғаш рет емес


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Оралда сот 12 жасар қызбен жыныстық қатынасқа түскен 21 жастағы азаматқа шартты жаза кесті. Алқа билер сотының қатысуымен шығарылған үкім қоғам наразылығын туғызды. Бұл – Қазақстанда педофилия айыбы тағылған адамға түрме жазасы берілмеген бірінші оқиға емес.

ПРОКУРОР 20 ЖЫЛҒА ТҮРМЕГЕ ЖАБУДЫ СҰРАДЫ, СОТ БОСТАНДЫҒЫН ШЕКТЕУДІ ҰЙҒАРДЫ

Екі жарым жылға бостандығы шектелсін. Бұл шағын ұрлық жасаған немесе ақша бопсалаған азаматқа емес, кәмелеттік жасқа толмаған “баламен жыныстық қатынасқа түсті” деген айып тағылған адамға берілген жаза. Батыс Қазақстан облысындағы алқа билер соты осындай шешім шығарған.

Қазақстанда балаларға қарсы қылмыстық істер қаралатын сот отырысына баспасөз бен қоғам өкілдерін қатыстырмайды. Бірақ Оралдағы алқа билер сотының шешімі үлкен резонанс туғызып, қылмыстық іс жайлы біраз дерек белгілі болды. Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыс 2019 жылы қарашаның басында жасалған: 12 жастағы қыз зорлық көрген. Қылмыстық кодекстің 120-бабының 3-тармағы (“Кәмелеттік жасқа толмаған адамды зорлау”) бойынша қозғалған іс сотқа өткен. Сот процесі кезінде аталған іс “16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу” бабына ауыстырылған.

Жыныстық қатынас жәбірленушінің келісімімен болған. Айыпталушы күш қолданбаған, зорламаған. 18 жасқа толмаған адаммен ерікті түрде жыныстық қатынасқа түскен.
Судья Шара Зайнуллина

– Алқа билер сот процесіне қатысушы тараптардың бәрін тыңдап, басым дауыспен “жәбірленуші физикалық және психикалық дамуына байланысты жыныстық қатынастың не екенін білген” деген байламға келді. Жыныстық қатынас жәбірленушінің келісімімен болған. Айыпталушы күш қолданбаған, зорламаған. 18 жасқа толмаған адаммен ерікті түрде жыныстық қатынасқа түскен, – деді сот үкімінен кейін қылмыстық істің бабы неге өзгергенін түсіндірген судья Шара Зайнуллина.

Сот айыпталушының кішкентай баласы барын ескеріп, мұны жазаны жеңілдететін жағдай ретінде қарастырған. Сот айыпталушының жазасын ауырлататын себептер таппаған. Істі жеті әйел мен үш ер адам – жиыны он азаматтан тұратын алқа билер соты қараған.

Соттағы пікірталас кезінде айыптау тарабы айыпталушыны 20 жылға бостандығынан айыруды сұраған. Бұл позицияны жәбірленушінің адвокаты да қолдаған.

– Біз сондай жазаға келістік, прокурорды толық қолдадық. Бірақ сот үкіміне наразымыз. Апелляцияға шағым береміз, – деді Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен жәбірленушінің адвокаты Хибат Темірғалиева.

Қорғаушы тарап сот үкімімен толықтай келіседі.

– Сот үкімімен келісеміз, алқа билер соты дұрыс шешім қабылдады. Айыпталушыға “Жас баланы зорлау” айыбы тағылған, бірақ сот дұрыс шешім қабылдап, оны бұл бап бойынша ақтап шықты. Бапты өзгертіп, айыпталушының бостандығын шектеу туралы үкім шығарды, – деді мемлекеттік қорғаушы Юрий Кобзарев.

“ӨРЕСКЕЛ ҚАТЕЛІК” ПЕН “МАСҚАРА ШЕШІМ”: СОТ ҮКІМІНЕН КЕЙІНГІ РЕЗОНАНС

Сот үкімі 20 тамызда шықты. Келесі күні ақпарат құралдарында сот отырысы туралы материал жарияланған кезде әлеуметтік желіде наразылық күшейді. Қоғам өкілдері, журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары сот үкіміне қарсы болды.

Отыздан астам үкіметтік емес ұйымды біріктіретін Қазақстандағы әйел күштері альянсы Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа ашық хат жазып, болған оқиғаны “әрбір ата-ананың төбе шашын тік тұрғызып, ашу-ызасын туғызатын жағдай” деп атады. Альянс сот үкімін қайта қарауға, педофилияның таралуына жол бермеу үшін “масқара” шешімнің күшін жоюға үндеді. Бірлестік Оралдағы алқа билер сотына қатысушылардың аты-жөнін жария етуді де сұрады, бірақ әзірге бұл талап орындалған жоқ.

Қазақстандағы алқа билер соты

Қазақстанда алқа билер соты 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Билер алқасы мен кәсіби судья аса ауыр қылмыс жайлы істерді қарай алады. Алқа билер айыпталушының кінәлі не кінәсіз екенін шешеді. Кәсіби судья үкім шығарады.

Алқа билер сотына 25 жасқа толған, мойнында өтелмеген жаза мерзімі жоқ, судья немесе күш құрылымдарының қызметкері болып істемейтін Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады. Билер алқасында болған азаматтарға сот процесі аяқталғаннан кейін бюджет қаржысы есебінен сыйақы төленеді.

Қазақстандық заңгер Дәурен Момбаев соттың әрекетін “өрескел қателік” деп санайды. Ол айыпты басқа бапқа өзгерту дұрыс болмағанын айтады.

– Жыныстық қатынас ерікті түрде болғанның өзінде, бұл жәбірленушінің жас бала (14 жасқа дейін) екенін жоққа шығармайды. Бәрібір жыныстық қатынас кезінде қандай да бір бұзық әрекеттер жасалғаны белгілі. Бұл әрекеттердің бәрі Қылмыстық кодекстің 124-бабына (“Жас балаларды азғындық жолға түсіру” – ред.) сай келеді, – дейді Момбаев.

Тұрмыстағы және сексуалды зорлық мәселесін көтерумен айналысатын “НеМолчиKZ” қорының басшысы Дина Смаилова Қазақстанда қылмыстық кодекстің баптарын қайта қарап, педофилия айыбы тағылған адамдардың шынайы жазадан жалтарып кетуіне жол бермеу керек деп есептейді. Ол әсіресе, 122 (“16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу”) және 124 (“Жас балаларды азғындық жолға түсіру”) баптарды өзгертуді ұсынады.

“НеМолчиKZ” қорының басшысы Дина Смаилова.
“НеМолчиKZ” қорының басшысы Дина Смаилова.

– Баланы азғыру өте оңай. Балалар бұл жаста ересек болуға, өз алдына шешім қабылдауға ұмтылады. Физиология мен заңдарды әлі дұрыс білмейтін баламен олар айтқандай ерікті түрде болған жыныстық қатынас үшін жауапкершілік баланың емес, ересек адамның мойнына жүктелуі керек, – дейді Дина Смаилова.

Ол заңнан 16 жасқа дейінгі балалармен болған “ерікті жыныстық қатынас” ұғымын алып тастап, қылмыстық кодекстегі балаларға қатысты сексуалды әрекеттер туралы баптарды қатаңдату керегін айтады.

– [Мұндай қылмыстық істе] ерікті жыныстық қатынас деген болмайды. Педофилдер баланың санасына манипуляция жасау, бопсалау, қорқытып-үркіту, көндіру амалын қолданады, – дейді Смаилова.

АЛҒАШ РЕТ ПЕ? ЖОҚ

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин қылмыстық іс материалдарын беруді және сот үкімінің көшірмесін жіберуді сұрап, бас прокурорға өтініш жазғанын айтты. Омбудсмен Қазақстан қылмыстық кодексінің нормалары өрескел бұзылған деп санайды.

Балалар омбудсмені Аружан Саин.
Балалар омбудсмені Аружан Саин.

“Қорғансыз күйде болды деп жәбірленушінің (жасының кіші болуы немесе т.б. себептермен) физикалық және психикалық жағдайына байланысты кінәлі азаматқа қарсылық білдіруге мүмкіндігінің болмауын айтамыз. Қылмыскер зорлауға немесе сексуалдық сипаттағы өзге де зорлық әрекеттеріне бара отырып, жәбірленушінің осындай жағдайда екенін жақсы түсінеді”, – дейді Азаматтық кодекске сәйкес 14 жасқа толмағандар жас бала саналатынын атап өткен Аружан Саин.

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы Азаттыққа резонансты іс бойынша апелляциялық наразылық білдіру туралы шешімді сот үкімі қолға тигеннен кейін қабылдайтынын айтты.

Қазақстандық блогер Александр Цой айыпталушыны түрме жазасынан босатқан Оралдағы сот үкімі прецедент емесін айтады. Ол Instagram парақшасында “біреудің тағдырына балта шапқаны үшін” сотта шартты мерзім және бостандығын шектеу жазасына кесілген азаматтар туралы көп қылмыстық істің бесеуін мысалға келтірген.

“Бүкіл өркениетті әлемде педофилдерге өте ұзақ мерзімді жаза беріледі... Бізде педофилдер ерекше құрметке ие. Олар тіпті түрмеге де түспейді. Бұлай жалғасуы мүмкін емес, өйткені мемлекет педофилдерге қарсы күрескісі келмесе, бұл істі халық өз қолына алады”, – деп жазды тамыздың басында Қапшағайда болған оқиғаны еске салған блогер. Алматы облысындағы қаладан жас баланы азғырды деген айыпқа іліккен азамат өлі табылған (полиция бұл суицид болуы мүмкін деп топшылайды).

Қазақстанда педофилдерді жазалау туралы пікірталас Қарағанды облысының Сәтпаев қаласындағы толқудан кейін қайта жанданды. 24 шілдеге қараған түні жергілікті тұрғын бес жасар қызды ұрлап әкетіп, пәтерінде ұстағаны туралы хабар тарағаннан кейін, жүздеген қала тұрғыны көшеге шығып, күдіктіні халықтың қолына беруді талап еткен. Сарапшылар халықтың наразылығына сот және құқық қорғау жүйесіне деген сенімсіздік әсер еткен деп есептейді.

Өткен жылдың соңында Қазақстанда сексуалды сипаттағы қылмыстарға қатысты заңнама қатаңдатылды: зорлауды орта деңгейлі қылмыс қатарынан ауыр қылмыстар санатына көшірді, тараптар келісімге келген жағдайда жауапкершіліктен босату туралы бөлімді алып тастады. Жас баланы зорлау айыбы бойынша 20 жылға дейін түрмеге жабу немесе өмір бойына бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ заңда кәмелеттік жасқа толмағандарға жасалатын “сексуалды сипаттағы өзге әрекеттер” туралы бап бар. Оған сәйкес, айыпталушылар шынайы түрме жазасынан жалтарып кетуі мүмкін. Заңгерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері заңдағы “өзге әрекеттер” деген ұғымды сынап, мұндай баптар балалардың құқығын бұзады деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG