«БІР АЙ ІЗІНЕН ҚАЛМАДЫ»
37 жастағы Надежда Белоус екі баласымен Нұр - Сұлтанның қарапайым бес қабатты үйлерінің бірінде тұрған. 28 сәуірде Надежданы бұрынғы күйеуі подъезде, пәтерінің алдында пышақтап кеткен. Айқа-шуды ести сала жүгіріп шыққан сіңлісі Наталья:
- Сөйлей алмай, қиналып жатып, кім пышақтағанын әрең айтты. Не істерімді білмей абдырап қалдым. Бұрынғы күйеуі артқы жағынан тап беріп, аяусыз пышақ салған екен, - дейді.
Надежда шамамен бір жарым сағаттан кейін ауруханада көз жұмды.
Натальяның сөзінше, әпкесі Надежда мен Станислав (аты - жөні өзгертілді – Ред.) 2017 жылы шаңырақ көтеріп, қызды болған. Надежданың бірінші некеден сегіз жасар ұлы бар. Алайда тұрақты жұмысы жоқ Станислав әу бастан - ақ әйелінен ақша талап етіп, ұрып - соғуды көбейткен. Соңғы жылы бөлек тұрған. Сүт компанияларының бірінде жұмыс істеген Надежда үш ай бұрын ажырасуға бекініпті.
Нұр - Сұлтан полициясы қанды оқиғадан бір күн бұрын, «27 сәуірде Наталья бұрынғы күйеуінің үстінен шағым түсірген» дейді.
«Құқық бұзушы полиция бөліміне жеткізіліп, сұрақ-жауап алынғаннан кейін босатылды. Ертеңіне әйелі Надежда Белоус қоңырау шалып, күйеуін босатуды сұрап, іс сотқа кетпеді. Осылайша ерлі - зайыптылар татуласқандай болған еді», - деп жазады полиция баспасөз қызметі.
Бірақ бұл ақпаратқа Надежданың сіңлісі Наталья күмәнмен қарайды.
- Ол полицияға телефон шалып, күйеуін босатуды сұраған жоқ. Арызын қайтып алу ойында да болған жоқ, - дейді ол.
Наталья әпкесінің қазасына байланысты әртүрлі жорамалдар тарағанын, тіпті әпкесінің өзі кінәлі деушілер де шыққанын айтады.
- Ол екі бала тәрбилеп отырған ана. Күйеуі бір ай бойы ізінен қалмай, таңнан кешке дейін аңдып жүрді. Қорқытып, ақша бопсалады. Осыдан құтылайық деп ақша да ұсындым. Надежданы қасақана өлтірді. Ең ауыр жазаны талап етемін, - дейді Наталья.
1 мамырда Надежданы қала шетіндегі ескі зиратқа жерледі. Ұлы мен қызы жетім қалды.
БҰРЫНҒЫ КҮЙЕУЛЕР
2017 жылы Қылмыстық кодекстің «Сабау» және «Денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру» баптары Әкімшілік кодекске ауыстырылды. Отбасында зорлық-зомбылық жасағандар Қылмыстық кодекс бойынша 226 900 - 453 800 теңге аралығында айыппұл төлейтін немесе екі айға дейінгі мерзімге қамалатын еді.
2019 жылы желтоқсан айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойып, Әкімшілік кодекстегі тұрмыстық әлімжеттік туралы бөлікке өзгеріс енгізілген. Жаңа өзгеріске сәйкес, отбасында әйеліне қол көтергендерге бұрынғыдай айыппұл емес, ескерту ғана беріледі. Құқық қорғаушылар мен заңгерлер заңды сынаған. Ал ішкі істер министрлігі «айыппұл салынғанымен ол отбасы бюджетінен төленеді. Бұдан отбасы мен бала жапа шегеді» деп түсіндірді.
Биыл наурыздың басында парламент қарауына «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы ұсынылған.
49 баптан тұратын заң жобасын депутаттар мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінен құралған жұмыс тобы талқылап отыр. Алайда, қоғам белсенділері заң жобасындағы «отбасы мүшелері» деген негізгі ұғымның анықтамасына таңырқайды.
Жобаның бірінші бабында «отбасы мүшелері – некеде, туыстық немесе жекжат адамдар, асырап алу нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық қатынастағы немесе өзге нысанда тәрбиелеуге қабылдаған адамдар, бұрынғы ерлі-зайыптылар, некесі тіркейтін органдарда тіркелмеген адамдар және олардың отбасы мүшелері» деп көрсетілген.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін зерттеп жүрген Немолчи.kz қоғамдық ұйым жетекшісі Дина Смаилованың сөзінше, бұл анықтама «бұрынғы күйеулердің» жазадан жалтаруына мүмкіндік береді.
- Бұрынғы күйеулер де отбасы мүшесі болып саналса, онда бұрынғы әйелін ұрып-соқса әкімшілік жазамен құтыла алады. Егер ол отбасы мүшесі болып есептелмесе, онда Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша жазаға тартылар еді, - дейді Дина Смаилова.
Бір топ депутаттың бастамасымен дайындалған құжат биыл наурыздан бері талқыланып жатыр. Бүгінге дейін төрт отырыс өткен. Бастамашыл топ өкілі депутат Ирина Унжакова, отбасы мүшелері ұғымынан «бұрынғы күйеулерді» алып тастауға қарсы емес, дегенмен оның өзге заңдарға қатысы барын ескеру керек дегенді айтады.
- Мұндай анықтама «Неке және отбасы туралы» Кодексте бар. Сондықтан бұрынғы күйеулерді отбасы мүшесі деген ұғым аясында алдық. Кодекс отбасы мүшелері арасындағы алимент қатынасын реттейді. Кодекс өзге заңдардан жоғары тұрады, сол себепті біз ұсынған заңдағы анықтама оған кереғар болмауы керек, - дейді депутат Унжакова.
Депутаттың сөзінше заң жобасы әлі бірнеше ай талқылануы мүмкін.
БІР АЙДА 12 МЫҢ АРЫЗ
Отбасындағы зорлық-зомбылықтың тыйылмай тұрғанына жазаның жеңілдігі де себеп болып отыр деп санайтын НеМолчиKZ қоғамдық ұйымы әлеуметтік желіде петиция жариялады. Оған 10 мыңнан аса адам қол қойған.
Петицияда «Қазақстанда күніне бір әйел тұрмыстық зорлықтан көз жұмады, төрт әйел зорланып, суицидтан екі әйел қайтыс болатыны және айына 18 әйелге қоқаң-лоқы көрсетілетіні» айтылады.
Дина Смаилованың сөзінше, Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық көріп, шағымданған әйелдердің 70 пайызы бұрынғы күйеулерінен зардап шеккендер. Мәселен, бір ғана наурыз айында республика бойынша 12 мыңнан аса әйелден арыз түскен».
- Оның бәрі бірдей сотқа жетпейді. Сотқа қоғамда резонанс тудырған санаулы-ақ іс жетеді. Себебі қаншама тергеуден өтіп, сотқа жеткен күннің өзінде зорлықшыл күйеу 15 тәулікке ғана қамалады. Сондықтан біз отбасындағы зорлық-зомбылық ісін Қылмыстық кодекс бойынша қарау керек деп есептейміз, - дейді Дина Смаилова.
Алайда, депутат Ирина Унжакованың бұл пікірге қарсы уәжі бар. Ол «қамап, қатаң жазалағаннан адам түзелмейді, керісінше қатыгез бола түседі» деп санайды.
- Заңды ізгілендіру мәселесі халықаралық тәжірибеде бар. Мысалы, бұрын әйелін ұрып - соққан зорлықшыл күйеу түрмеден шыққан соң әйелін өлтіре салуы әбден мүмкін. Сондықтан біздің заңнама бірнеше принциптерге сүйеніп отыр. Біріншісі – отбасын сақтап қалу. Екіншісі – профилактиқалық, алдын алу шарасына басымдық беру, - дейді депутат Унжакова.
Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымының биылғы мәлімдемесінде Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы заңнамасы «айыппұл төлеп, әрі қарай да күш көрсете беруге мүмкіндік береді» деп жазған. HRW «әйелдердің отбасындағы зорлық-зомбылықтан заң жүзінде қорғалмауы - Қазақстанның адам құқығы бойынша міндеттемелеріне қайшы» деп есептейді.
Қазақстандағы құқық қорғаушылар да биліктен отбасындағы зорлық-зомбылық жөніндегі істерді Қылмыстық кодекс бойынша қарау керек деп санайды. Алайда, небәрі үш жыл бұрын ғана керісінше жасаған билік әзірге үнсіз.
ПІКІРЛЕР