Accessibility links

"Көше партиясына" байланысты қамалған белсенділер апелляциялық шағым түсірді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов алматылық белсенділер Абай Бегімбет пен Асхат Жексебаевты екі айға қамау туралы 23 тамызда шыққан шешімге апелляциялық шағым түсірді. Екі белсенді елде "экстремистік ұйым" деп танылып, сот шешімімен тыйым салынған "Көше партиясына" қатысы бар деген күдікке ілінген болатын.

"Асхат Жексебаевты сенбі күні Ақтау қаласында ұстап, жексенбі күні арнайы бортпен Алматыға жеткізген. Тергеу соты тыйым салынған "Көше партиясына" қатысты тергеу жалғасып жатқан тұста оны екі айға қамау туралы қаулы шығарған. Сол күні 23 тамызда Алматыда дәл осы іс бойынша Абай Бегімбетов те ұсталып, тергеу соты оны да қамады. Соттан кейін олар Алматы тергеу изоляторына жеткізілді. Мені оларға кіргізбеді. Бірақ кеше (25 тамызда) ресми түрде олардың адвокаты болдым, бүгін тергеу сотының шешімін апелляцияға бердім" деді Ғалым Нұрпейісов Азаттық тілшісіне.

47 жастағы белсенді Асхат Жексебаев биылдың өзінде наразылық акциясына қатысқаны үшін бес рет әкімшілік қамауға алынды. Кейбір кезде оның қамау мерзімі бітпей жатып, оны қамау туралы басқа шешім шығып жатты.

47 жастағы Абай Бегімбетов те бұған дейін әкімшілік жазаға тартылды. 18 маусымда Алматыда "субботаж" шеруіне қатысқаны үшін оған ірі көлемде айыппұл салынған.

Мамыр айында сот "Көше партиясын" елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыз айындағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Оның жеткшісі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов ҚДТ туралы сот шешімінің саяси астары бар деп санайды. "Көше партиясы" мен ҚДТ қызметіне тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланбады. Бұл ұйымның жақтастары шешімнің саяси астары бар деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG