Accessibility links

Қамаудағы белсенді Закированың өміріне қауіп төнгені жайлы шағымы ҚАЖД-ға жетті


Санавар Закирова сот отырысында.
Санавар Закирова сот отырысында.

Алматыдағы тергеу изоляторында жатқан Санавар Закированың өміріне қауіп төнгені туралы шағымы қалалық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне жетті. Бұл ақпаратты департамент кеңсесі растады. Мұның алдында тергеу изоляторының кеңсесі аталған құжат бұл мекемеден 25 тамызда жөнелтілді деген. Қалалық прокуратура шағымды 26 тамыз күні алып, қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне жібергенін хабарлаған.

Сотталған белсендінің қызы Азаттыққа шағымның фотокөшірмесін жіберді. Шағымда Закирова өзіне шабуыл жасалғанын және қамаудағылардың «физикалық, психологиялық және моральдық қысым» көрсетіп, «қылмыс әлемінің заңдарына бағынбағаны үшін» өлтіреміз деп қорқытқанын айтады. Белсендінің сөзіне сенсек, өзі отырған изоляторда «қылмыс әлемінің заңдары» жұмыс істейді.

«Олай-бұлай болып кетсем, өліміме тергеу изоляторының тиісті басшылары мен қызметкерлерін кінәлі деп тануды сұраймын» деген Закирова шағымында сол адамдардың аты-жөнін де келтіреді.

21 тамызда прокурормен кездестіруді талап еткен Санавар Закированың үш күнге аштық жариялағаны мәлім болды. Талабы орындалған соң ол ашығуды тоқтатқан.

15 шілдеде Алматы қаласы Медеу аудандық соты биліктегі «Нұр Отан» партиясының мүшесі Т.Ш. есімді азаматтың 39 жастағы қызы Д.Ш.-ның «денсаулығына орта дәрежеде қасақана зиян келтірді» (Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 2-бөлімі, 7-тармағы) деп тауып, 53 жастағы Санавар Закированы 12 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Ол қазір үкімге қарсы апелляциялық шағымының қалалық сотта қаралуын күтіп тергеу изоляторында жатыр. Айыптауға негіз болған оқиға 8 тамызда Т.Ш.-ның үйінің маңында болған. Сол оқиғадан соң екі жақ «дене жарақатын салды» деп бір-бірін айыптаған.

Үкім шыққанға дейін Закирова онлайн отырыстарға үйінен қатысып отырды. Сот үкімінен соң оны қамауға алды.

Өзінің және жақтастарының айтуынша, Санавар Закированы саяси себеппен қудалап жатыр және бұған былтырғы сот ісінің қатысы бар. Былтыр шыққан шешім бойынша, Закирова мен оның екі жақтасы «Нұр Отан» партиясының төрт мүшесіне өтемақы төлеуге міндетті. Арасында Т.Ш. бар партия мүшелері Закирова мен оның жақтасын «ар-намысымыз бен абыройымызды қорлады» деп айыптаған. Сотта Закироваға қарсы шығып жүрген Д.Ш. істің саяси астары барын жоққа шығарады.

Закирова – өз айтулары бойынша әділетсіз деп санайтын сот шешімдерінің күшін жоюға талпынып жүрген топтың жетекшісі. Бұған қоса, Закирова Facebook-те билікті және «Нұр Отанды» сынап, оларды өзі жақтастарымен бірге құрмақ болған оппозициялық саяси ұйымды тіркеуге кедергі жасады деп жиі айыптайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG