Accessibility links

Митинг қарсаңында ұсталған белсенділер көбейді


Жолды жауып тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.
Жолды жауып тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.

25 қыркүйекке белгіленген оппозицияның бейбіт митингісі қарсаңында Нұр-Сұлтан, Қостанай, Ақтау, Шымкент қалаларында тағы белсенділер ұсталып, кейбірі қамалды, кейбіріне айыппұл салынды.

Қостанайлық белсенді Азат Ибраев өзін полиция бөліміне шақырғанын айтты. Ол 25 қыркүйекте кешкі сағат 18.00-де полиция бөліміне баруы керек. Сөзінше, пікірін қоғамға ашық айтып жүрген жергілікті белсенді Зинаида Проценконы да полиция бөлімшеге шақырған. Екі күн бұрын қалада белсенділер Алексей Плясковский және Рүстем Демесінов әрқайсысы 5 тәулікке қамалған.

Ибраев саяси көзқарасын ашық айтып жүрген Плясковскийді "құқық қорғау органдары митинг қарсаңында арандатқысы келген" деп санайды. Оның түсіндіруінше, 22 қыркүйек күні Плясковский велосипедпен келе жатып жолға шыққан бір ер адаммен соқтығысып қалған. "Төбелес шығарғысы келген ер адам" кейіннен сотқа шағым түсірген.

23 қыркүйекте шыққан сот қаулысында Плясковскийге "қоғам тәртібін бұзып, балағаттады" (Әкімшілік кодекстің 434-бап, 1-бөлігі) деген айып тағылғаны жазылған. Онда Мырзамұратов есімді жәбірленушінің Плясковскийді "агрессия көрсетіп, балағаттады" деп айыптағаны да көрсетілген. Белсенді өзіне тағылған айыппен келіспей, істің астары барын айтқан.

25 қыркүйекте таңертең Шымкентте белсенді Жанмұрат Аштаевты Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне алып кеткені хабарланды. Қалада кейбір белсенділердің жеке шаруамен көшеге шығып, ұсталғаны туралы ақпарат бар. Солардың бірі Жарқынбек Сейтінбек немересін емханаға алып бара жатқан жерінен полицияның ұстап Қаратау аудандық полиция бөліміне жеткізгенін айтты.

Құқық қорғаушылардың есебінше, кейінгі үш күнде Қазақстанның түрлі аймағында жүзден астам адам ұсталып, әкімшілік жазаға тартылған. "Ар.Рух.Хақ" қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында әкімшілік жауапқа тартылған 13 адамның аты-жөнін жариялады. Олардың арасында белсенділер Ардақ Сәтбаева (83 мың теңге айыппұл салынған), Анна Шүкеева (58 мың теңге айыппұл салынған), Болат Нұрғазин (10 тәулікке қамалған), Абзал Қаналиев (10 тәулікке қамалған), Жамбыл Көбейсінов (10 тәулікке қамалған), Берік Әбішев (7 тәулікке қамалған), Ерғали Байдақов (10 тәулікке қамалған) бар.

Азаттық тілшісі сот орындарынан жауап ала алмады.

Бұған дейін шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир, Ақорда сыншысы Мұхтар Әблязов жақтастарын 25 қыркүйекте билікке қарсы митингіге шығуға шақырған еді. Митинг болады деген күні елдегі ең ірі қала - Алматыда "наразылық орны" ретінде белгіленген аумақ қоршалып, маңындағы сауда орындары жабылды.

  • Митингіде карантинді тоқтату, саяси тұтқындарды босату, Назарбаев режимін кетіру, несие амнистиясы сынды талаптар қойылмақ.
  • Қазақстан билігі Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық қозғалысын" билік "экстремистік ұйым" деп танып, сот шешімімен қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылғы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
  • Қазақстан заңнамасы бойынша жиын, шеру өткізгісі келетін тұрғындар жергілікті атқару органына ескерту жасауы немесе одан рұқсат сұрауы тиіс. Әкімдік рұқсат етпеген бейбіт жиынға келгендерді әдетте полиция ұстайды. Құқық қорғаушылар Қазақстанның бейбіт жиын туралы заңы халықаралық стандартқа сәйкес келмейтінін айтып, сынаған.

(Жаңалықты жазуға Сәния Тойкен мен Дилара Иса қатысты).


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG