Қырғызстанда наразылар талап еткен соң бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев, бұрынғы премьер-министр Сапар Исаковты қамаудан босатты. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, бұған қоса бұрынғы депутат Садыр Жапаров, бұрынғы депутат Равшан Жээнбеков те бостандыққа шыққан. Алмазбаевтың адвокаты заң бойынша, олардың ісі жақын арада қайта қаралып, ақталуы тиіс деп мәлімдеген.
Қырғызстанда парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы топ 5 қазанда күндіз Бішкек орталығында митинг өткізіп, Жээнбековтің биліктен кетуін, қайта сайлау өткізуді талап еткен еді. Кешке қарай парламент пен президент әкімшілігі маңында наразылар мен полиция қақтығысып қалған. Наразыларды таратуға тырысқан күштік құрылым өкілдері көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, түтін құтылар қолданған, су шашқан. Ондаған адам жараланған. Кейінірек наразы топ парламент ғимаратына еніп, полиция мен арнайы жасақ оларға ешқандай қарсылық көрсетпеген.
6 қазанға қараған түні наразылар Ақ үйді басып алғаннан кейін олар мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) ғимаратына қарай жылжыған. МҰҚК ғимаратын күзеткен күштік құрылым өкілдері қолдарын көтеріп шығып, халықпен бірге екенін айтқан. МҰҚК басшылығымен келіссөз жасағаннан кейін тергеу изоляторда қамауда болған бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев Бішкек уақытымен таңғы сағат 4:30 шамасында босап шыққан. Наразылар бақылауына өткен қоғамдық КТРК арнасы жұртты ұрлық, тонаудан аулақ жүруге шақырған.
Соңғы мәлімет бойынша, 130 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратып жатқан Азаттықтың Қырғыз қызметінің мәліметінше, 6 қазан таңертең де Бішкек орталығында наразылар тарамай тұрған.
Президент Сооронбай Жээнбеков саяси күштер "бейбітшілік пен тұрақтылық" сақтайды деп үміттенетінін жеткізген. Оның сөзін Азаттыққа президенттің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева жеткізген. Бұған дейін ол мемлекет басшысының Бішкекте екенін айтқан.
ПІКІРЛЕР