Accessibility links

Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп атаған Кенжебек Әбішевтің ерте босап шығу өтініші қанағаттандырылмады


Кенжебек Әбішев (сол жақта) және Алмат Жұмағұлов сот залында. Алматы, қыркүйек 2018 жыл.
Кенжебек Әбішев (сол жақта) және Алмат Жұмағұлов сот залында. Алматы, қыркүйек 2018 жыл.

5 қазанда Қапшағай қаласының соты қоғамда резонанс тудырған "жихадшылар ісі" бойынша сотталған 53 жастағы Кенжебек Әбішевтің мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Сот өкілдері Азаттыққа дүйсенбі күні онлайн режимде өткен сот отырысы жайлы ақпарат Алматы облысы Заречный елді мекеніндегі ЛА-155/14 мекемесіне жіберілетінін айтты.

Кенжебек Әбішев бұған дейін де ерте босап шығу туралы өтініш берген.

  • 13 наурызда Қапшағай қалалық соты қылмыстық заңнаманың өзгеруіне байланысты Әбішевтің қамау мерзімін қайта есептеп, 8 айға қысқартқан.
  • 29 сәуірде Қапшағай қалалық соты Кенжебек Әбішевтің қалған жазасын бас бостандығын шектеу жазасымен алмастыру туралы қаулы шығарған еді.
  • Алайда мамыр айында Алматы облысындағы жазалау мекемелерінде заңдылықтың сақталуын қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокуратура Қапшағай қалалық сотының қаулысына шағым түсіріп, облыстық апелляциялық соттан оны босатпауды өтінген. ​
  • 8 шілдеде Алматы облыстық апелляциялық соты Кенжебек Әбішевтің қамау жазасын бас бостандығын шектеу жазасымен алмастыру туралы қаулының күшін жойған.

53 жастағы Кенжебек Әбішев 2018 жылдың 21 желтоқсанында "терроризмді насихаттады" және "ұлттық алауыздықты қоздырды" деп айыпталып, жеті жылға сотталған. 2019 жылы апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталған тағы бір белсенді Алмат Жұмағұловтың да ерте босап шығу туралы өтініші бұған дейін қанағаттандырылмаған еді.

Бірқатар қазақстандық құқық қорғау ұйымдары Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевті саяси тұтқындар тізіміне қосқан. Құқық қорғаушылар билік саяси тұтқындардың жағдайына салғырт қарайды деп есептейді. Олар ауыр қылмыс жасаған бұрынғы шенеуніктерді мерзімінен ерте босатып жақтан шақта саяси тұтқындардың жазаны жұмсарту бойынша құқықтары жиі бұзылады дейді.

Бір топ америкалық сенатор маусым айында Қазақстан билігін көзқарасын ашық айтып, қамалған азаматтарды дереу босатуға шақырған.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ деп есептейді және "өзгеше ойлайтындарды" қудалайды деген тұжырыммен келіспейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG