Liberty қорының президенті, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов және "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Алматы әкімдігінің 24 қазанда митинг өткізуге рұқсат бермегенін хабарлады. Құқық қорғаушылар бұған дейін "саяси реформа жүргізу және саяси себеппен қудалауды тоқтату" тақырыбында митинг өткізуге өтініш берген.
Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы төрағасының орынбасары Айдар Есенбековтің қолы қойылған хатта әкімдік өкілі митингіге елде сот шешімімен қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше" партиясының белсенділері қатысуы мүмкін, ал бұл қоғам қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін деп жазған. "Бейбіт жиын туралы" заңның 14-бап 1-бөлім 3-тармақшасына сүйенген хат авторы мұндай жағдайда "жергілікті атқару органының митинг өткізу туралы өтінішті қанағаттандырмауға құқығы бар" деп жазған. Құқық қорғаушылар хаттың мәтінін де жариялады.
Әкімдіктің әрекетін сынаған құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов жергілікті атқару органы азаматтарды саяси көзқарасына байланысты алалап отыр деді.
"Мұндай себепті олар кез келген митинг ұйымдастырушысына айтуы мүмкін. Бұл азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын шектеуге негіз бола алмайды. Бұл Қазақстан сотымен тыйым салынған, бірақ Еуропарламент экстремистік емес деп тапқан ҚДТ мен "Көшені" алалау" деп жазды.
Бұған дейін Алматы әкімдігі Шоқан Уәлиханов алаңында Демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ өкілдерінің қытай экспансиясына тыйым салуды және несие амнистиясын талап ететін митингісін өткізуіне рұқсат берген еді. Құқық қорғаушылар өтініште дәл осы алаңда митинг өткізетінін айтқан.
Қазақстан билігінің сыншысы, қазір шетелде тұрып жатқан бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов бұған дейін жақтастарын 25 қыркүйекте билікке қарсы митингіге шақырған еді. Митингіге дейін елде құқық қорғаушылар есебінше, жүзден астам белсенді ұсталып, митинг өтетін күні түрлі аумақтар қоршалды. Кейбір аймақта полиция митинг басталмай тұрып белсенділерді ұстап әкеткен.
Мамыр айында сот "Көше партиясын" елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыз айындағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен жақтастары ҚДТ туралы сот шешімінің саяси астары бар деп санайды. "Көше партиясы" мен ҚДТ қызметіне тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланбады.
Қазақстанда маусым айында "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар бейбіт жиынға шыққан азаматтарды ұстау мен оларды қудалау тыйылмады деп отыр. Жергілікті билік бұрынғыша шараның "рұқсат етілмегенін" алға тартып, заңсыз деумен келеді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар жаңа заңда ескі шектеулер қалғанын айтады.
ПІКІРЛЕР