Accessibility links

Ақтөбе әкімдігі пандемияны алға тартып, құқық қорғаушыларға митинг өткізуге рұқсат етпеді


Ақтөбе әкімдігі жанындағы митинг кезінде полиция қызметкері құқық қорғаушы Дана Жанайдың құжатын тексеріп тұр. Ақтөбе қаласы, 26 қазан 2019 жыл.
Ақтөбе әкімдігі жанындағы митинг кезінде полиция қызметкері құқық қорғаушы Дана Жанайдың құжатын тексеріп тұр. Ақтөбе қаласы, 26 қазан 2019 жыл.

22 қазан күні Ақтөбе әкімдігі құқық қорғаушылар Дана Жанай, Алтынай Түксікова мен Зухра Нариманның бейбіт митинг өткізу туралы екінші өтінішін де қанағаттандырмай тастады. Бұл туралы Азаттыққа "Qaharman" қорының өкілі, құқық қорғаушы Дана Жанай айтты.

Құқық қорғаушының сөзінше, ақтөбелік белсенділер 31 қазан күні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев (президенттіктен кетсе де, билікке ықпал етіп отыр – Ред.) атындағы паркте саяси реформа мен саяси қуғын-сүргін тоқтатуды талап ететін митинг өткізбек болған. Ол үшін Данай Жанай мен әріптестері Ақтөбе әкімдігіне 15 қазан күні өтініш жазған еді.

- Қала әкімдігі бірінші өтінішімізді "Назарбаев атындағы парк митингі өткізуге арналмаған жер" деп қанағаттандырмай тастады. 20 қазан күні екінші рет өтініш жазып, митинг өткізуге рұқсат етілген Ақтөбедегі екі орынның бірі ескі филармония алаңын сұрадық. Оның жауабын бүгін, 22 қазан күні алып отырмыз. Бұл жолы әкімдік "пандемияға байланысты митинг өткізуге рұқсат берілмейді" деп жауап берген, - дейді құқық қорғаушы Дана Жанай.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Қабыл құқық қорғаушылардан әкімдікке екі мәрте митинг өткізуге арыз түсіп, екі ретте де рұқсат берілмегенін растады.

- Ақтөбе облысы бас санитарлық дәрігерінің №53 қаулысы бар. Сол қаулыға сәйкес, пандемия кезінде көпшілік жиналатын шараларға шектеу қойылған. Митингілерді өткізу туралы заңның 14-бабында да тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы айтылған. Осы заңнамаларға сүйеніп, қала әкімдігі митинг өткізуге рұқсат берген жоқ, - дейді Мадияр Қабыл.

Құқық қорғаушы Дана Жанайдың сөзінше, ол митинг өткізуге рұқсат сұрап, ертең яғни, 23 қазан күні үшінші рет өтініш жазбақ.

- Францияда пандемияға байланысты карантин күшейген. Соған қарамастан мұғалім өліміне наразылар бейбіт митинг өткізіп жатыр (Францияда ұлты шешен ер адам Charlie Hebdo карикатурасына бола мұғалімнің басын кесіп кеткен, кейін жұрт марқұмды еске алу шарасын ұйымдастырды – Ред.). Франция билігі карантинді сылтау қылып, азаматтарының құқығын шектеп отырған жоқ. Қазақстан билігінен де азаматтардың бейбіт митингілер өткізу туралы конституциялық құқығын шектемеуді талап етеміз, - дейді Дана Жанай.

Өткен аптада Алматы қаласы әкімдігі қазақстандық құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуовке саяси реформа мен саяси-қуғын сүргінді тоқтатуты талап ететін 500 адамдық митингіге рұқсат берген. Олар 31 қазанға жоспарланған митингіге үш рет өтініш берген соң ғана шараны өткізуге мүмкіндік алған. Осыдан соң елдің басқа да аймақтарында белсенділер биліктен 31 қазанда митинг өткізуге рұқсат сұрай бастаған. Бірақ жергілікті билік коронавирус шектеулерін алға тартып, рұқсат бермеді.

Белсенділер "саяси қуғын-сүргін болмауын" талап етіп митинг өткізгісі келеді. Билік келіспейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін билікке алдын ала ескертуі тиіс рұқсат алуы керек. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан заңнамасындағы бұл ережені жиі сынайды.

Бұдан бөлек, Human Right Watch халықаралық ұйымы және басқа да құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды коронавирус пандемиясын пайдаланып, адам құқығын шектеп отыр деп сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG