Accessibility links

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасына қарсы қол жинап жатыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанның бірқатар қаласында белсенділер "Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" жаңа заң жобасына қарсы петицияға қол жинап жатыр. Заң жобасы шикі және қайшылыққа толы деген белсенділер оның меморгандардың құзыретін кеңейтіп, отбасыға қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады.

Петицияға құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері қосылды. Олардың арасында ата-ана көп. Петиция координаторларының сөзінше, парламенттің төменгі палатасы – Мәжілістің бірінші оқылымынан өткен заң жобасына қарсы 10 мыңнан астам адам қол қойған. Петицияның алғашқы топтамасы дүйсенбі жіберілмек. Қол қою одан ары жалғасады.

– Қол жинауды аяқтаймыз деп ойлағанбыз. Бірақ адам жаппай "ояна" бастап, ұзартуды сұрады. Адамдар "иә" не "жоқ" деп айтуға, айтқанынан қайтпауға, сөйте тұра митингіге, революцияға және билікті төңкеруге шақырмауға болатынын, осындай жолмен де естіртуге болатынын түсіне бастады. Біз қазір Мәжіліс пен президент әкімшілігіне бүкіл Қазақстаннан жиған қолдың алғашқы ірі топтамасын жіберіп отырмыз. Депутаттармен тікелей сөйлескіміз келеді, оларды диалогқа шығаруға тырысып отырмыз. Қарапайым адамдардың сұрағы көп. Депутаттардың ұғынықсыз терминдер мен ұғынықсыз заң жобалары арқылы жасаған жағдайына балаларымыздың тап болғанын қаламаймыз. Сол себепті біз нақтылықты қалаймыз, – дейді Азаттыққа Қазақстан бойынша координатор, Telegram каналындағы "Единство осознанных КЗ" құқықтық каналының негізін қалаушылардың бірі Дина Садердинова.

Белсенділердің сөзінще, жаңа заң жобасындағы "зорлық-зомбылық" түсінігі қауіпті түрде кеңейтілген. Олар кей жағдайлар үшін зорлық-зомбылық фактісін анықтауда сот процедураларының қажет болмауына алаңдайды. Қазақстандық құқық қорғаушылар ұғынықсыз түсінік берілген заңға қайшы екенін айтады.

Сонымен қатар петицияға қол қоюшылар отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықты жіктеуден де қауіптенеді. Атап айтқанда, олар "баланың жыныстық еркіндігіне қасақана заңға қайшы қол сұғу", отбасындағы "экономикалық" және "психологиялық" зорлық-зомбылық ұғымдары түсініксіз дейді.

Қоғам белсенділерінің айтуынша, жаңа заң жобасына күшіне енсе, биліктің ата-анадан баланы тартып алып, ата-ана құқығынан айыру құзыреті кеңейеді. Олар жаңа заң жобасының негізінде отбасында зорлық-зомбылық болды деген жағдайда баланы қорғаншылық және қамқоршылық органдары емес, полиция қызметкерлерінің тартып ала алатынына ерекше алаңдайды. Заң жобасында баланы тартып алған полиция қызметкері қорғаншылық және қамқоршылық органдарына бірден емес, 24 сағат ішінде хабарлауы тиіс деп жазылған. Заңгерлер полицияға мұндай құзырет беру қауіпті дейді.

"Ортақ қорғаншылық" құқығынан айыру да қоғам заңгерлердің күдігін тудырды. Олардың сөзінше, бұл үстінен үшінші тарап шағым түсірген кез келген ата-ана түсуі мүмкін "тұзақ" болуы мүмкін.

"Жалпы алғанда, бұл жобада түсініксіз ұғымдар көп. Бірақ мақсаты не? Түрлі желеумен ата-ана құқығынан айыру ма? Не үшін?" деп сұрақ қояды тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі "Гарант" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жаслан Айтмағанбетов әлеуметтік желіде.

Заң жобасына қарсы шығушылар оның қазіргі неке және отбасы кодексіне, қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстеріне қайшы деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG