"Назарбаевтың күшіктері" деген сөзі үшін "билік өкілін қорлады" деп екі рет айыппұл алған белсенді Ербол Есхожиннің үстінен "тыйым салынған ҚДТ мен "Көше партиясы" қозғалысының жұмысына араласты" деген айыппен үшінші қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, 3 қарашада Нұр-Сұлтан қалалық соты Есхожиннің айыппұл алған жазасына қатысты жазған апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Ербол Есхожин полиция өзін 31 қазанда Алматыда өткен құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов ұйымдастырған рұқсат етілген митингіге қатыспақ болған жерінен ұстап алып, Нұр-Сұлтанға таксимен алып келгенін айтады. Сөзінше, үш сағат жауаптап "қызметіне тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты" деп айыптап (405-бап), қылмыстық іс қозғаған.
- 31 қазандағы митингіге қатысамын деп, саяси тұтқындар аты-жөні жазылған плакат дайындап жатыр едім. Кейбірінің аты-жөнін ұмытып қалып, Бақытжан Төреғожинаның парақшасынан қарау үшін телефон қосып едім бір сағат ішінде тауып алды. Таксимен [Алматыдан Нұр-Сұлтанға] 16 сағат жүрдік. Келгеннен кейін бірден [Нұр-Сұлтандағы] Алматы аудандық полиция бөлімшесіне апарып, үш сағат тергеді. Сол жерде 405-баптың 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалғанын естідім, -дейді ол.
Белсенді үстінен 405-бап бойынша іс қозғалғанын Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті де растады.
Белсендінің адвокаты Ольга Эннс 3 қарашада Нұр-Сұлтан қалалық соты Ерғожинді "билік өкілдерін қорлады" деген жазасынан ақтауды сұрап жазған апелляциялық өтінішінің қанағаттандырылмағанын да айтты.
Белсендінің биыл 20 қаңтар мен 3 ақпанда Нұр-Сұлтандағы "Бәйтерек" монументі мен АҚШ елшілігі алдында саяси тұтқындарға бостандық беру талабымен өткен наразылық акциясында полиция қызметкерлеріне "Назарбаевтың күшіктері" деп айтқан сөзі екі қылмыстық іске себеп болған.
14 қыркүйекте Нұр-Сұлтандағы Алматы аудандық соты оған 80 АЕК (212 080 теңге немесе шамамен 500 доллар) айыппұл салған. 24 қыркүйекте Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық соты Есхожинге 20 АЕК (53 мың теңге не 125 доллар) айыппұл тағайындаған.
Адвокат Ольга Эннстің сөзінше, сот 24 қыркүйектегі 20 АЕК көлемінде айыппұл салу туралы сот шешімі "жаңылысып шығарылғанын" мәлімдеген.
- Сот Есіл аудандық сотының қаулысын қылмыстық процессуалдық кодекстің 58-бабына сай алғашқы қалпына келтіріп, 20 АЕК айыппұлды 80 АЕК айыппұлға ауыстырды. Бірақ "онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға өзгертіп" екі қылмыстық істің жазасын біріктірді. Нәтижесінде оған жалпы сомасы 80 АЕК айыппұл тағайындалды, - деді адвокат.
Қазақстан билігі шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын жақтайтындарды жиі қудалап, жауапқа тартады.
2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ-ны "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
2020 жылы мамырда Нұр-Сұлтан соты тіркелмеген "Көше партиясын" ҚДТ қозғалысымен бір ұйым деп, оның да қызметіне тыйым салған. Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысы мен "Көше партиясына" тыйым салу туралы шешімін жарияламаған. Әблязов сот шешімінің астары бар деп санайды.
ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын құқық қорғаушылар жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды деп біледі.
ПІКІРЛЕР