Accessibility links

"Одақтастарға бет бұрады, автократтарға қысымды күшейтеді". Байденнің президенттігі қандай болмақ?


Байден жеңді деген хабар тарағаннан кейінгі Ақ үй алдындағы көрініс. 7 қараша, 2020 жыл.
Байден жеңді деген хабар тарағаннан кейінгі Ақ үй алдындағы көрініс. 7 қараша, 2020 жыл.

Джо Байден сайлау алдында "Трамп президент кезінде бұзылған альянстарды қалпына" келтіруге, авторитаризм, пандемия және климатты өзгеру сынды ғаламдық қауіптермен күрестегі АҚШ-тың лидерлік позициясын қайтаруға уәде берген. Бірақ ол ел ішінде өткір болып тұрған теңсіздік, жұмыссыздық және нәсілдік мәселелерге көп көңіл бөліп, халықаралық жағдайлар екінші кезекке сырғуы мүмкін.

Байден кандидат кезінде Трамп әкімшілігінің халықаралық келісімдерден шығып кеткен шешімдерін жойып, Еуропада 75 жылдан бері тұрақты қамтамасыз етіп келе жатқан трансатлантикалық қарым-қатынасты реттейтінін мәлімдеген.

Вашингтонда елу жылдай жұмыс істеген бұрынғы вице-президент және сенатор Байден АҚШ ғаламдық мәселелерді демократиялық елдермен құрған альянстар арқылы шеше алады деп сенеді.

Ол президент болып сайланса, "Америка әлемде қайта лидер болу үшін" одақтарды күшейтуге "бірден қадам жасайтынын" айтқан.

Бірақ сарапшылардың пайымдауынша, қаңтардан бері пандемиядан, жұмыссыздықтан, нәсілшілдіктен, теңсіздіктен қажыған халықты басқаруға кіріскенде ішкі мәселелерге көп көңіл бөліп, сыртқы саясат екінші қатарға сырғуы мүмкін.

Сарапшылар Байден әкімшілігіне ішкі саясат бойынша барлық команданы жинап, басымдықтарды анықтап алуға уақыт керек болады деп санайды.

НАТО МЕН ЕУРОПА ОДАҒЫ

Байден Дональд Трамп президент кезінде НАТО мен Еуропа одағын жиі сынап, еуропалық кейбір тауарларға тариф енгізіп, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты бұзып алды деген еді. Ол президент болса трансатлантикалық байланыстарды қайта реттеймін деп сендірген.

Трамп 2016 жылы НАТО-ны "ескірген" деген еді. Ал Байден НАТО-ны "жаңа тарихтағы ең тиімді саяси-әсери альянс" деп атап, Ресейден төнген қауіп кезінде күшті ұйым ретінде қалуы тиіс деген.

АҚШ вице-президенті Байден мен НАТО Бас хатшысы Столтенберг. Мюнхен, Германия. 7 ақпан, 2015 жыл.
АҚШ вице-президенті Байден мен НАТО Бас хатшысы Столтенберг. Мюнхен, Германия. 7 ақпан, 2015 жыл.

"Ресейдің агрессиясына төтеп беру үшін альянстың әскери мүмкіндігін жоғары деңгейде сақтауымыз керек. Бұған қоса, қару-жарақ саласындағы жемқорлық, дезинформация және кибер ұрлық сынды қауіптерге қарсы тұра алатын мүмкіндіктерін арттыруымыз тиіс" деп жазды ол 2020 жылдың басында Foreign Affairs журналындағы мақаласында.

РЕСЕЙ МЕН УКРАИНА

Байден Ресей президенті Владимир Путинге қарсы қатаң саясат ұстанатынын айтып, Мәскеуді "қарсылас", ал Ресейді "қазіргі заманда АҚШ қауіпсіздігіне төнген ең ірі қауіп" деп атаған.

Ол Кремльді Қырымды аннексиялап алғаны, Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдап отырғаны үшін сынаған. Байден Мәскеуді АҚШ-тағы сайлауға араласты, ресейлік журналистер мен белсенділерді қудалады деп те айыптайды. Трамп Кремльді сирек сынайтын.

Ол тамызда Twitter желісінде "Трамптан айырмашылығым, мен біздің демократиялық құндылықтарымызды қорғап, Путин сияқты автократтарға қарсы тұрамын" деп жазған.

АҚШ вице-президенті Байден (оң жақта) және Украина президенті Порошенко. 29 қыркүйек, 2015 жыл.
АҚШ вице-президенті Байден (оң жақта) және Украина президенті Порошенко. 29 қыркүйек, 2015 жыл.

Байден Мәскеу 2020 жылғы сайлауға кедергі келтірсе жазалайтынын, Трамптың Ресейді дамыған елдердің G7 тобына Ресейді шақыру идеясын жүзеге асырмайтынын да айтқан.

"Ресейдің халықаралық нормаларды бұзғаны үшін құн талап етіп, Путиннің авторитар жүйесіне табанды түрде қарсылық көрсетіп келе жатқан Ресейдің азаматтық қоғамын қолдауымыз керек" деп жазды ол Foreign Affairs журналына.

Байден Кремльдің Ресейден Германияға газ тасымалдайтын Nord Stream 2 газ құбырын тоқтату бастамасын да қолдайды. Бірақ бұл бастамаға қарсылар Украина Ресейдің транзит үшін төлейтін төлемінен қағылады, ал Еуропа Ресейдің энергия тасымалдаушыларының экспортына тәуелді бола түседі деп санайды.

Байден Барак Обама тұсында вице-президент болып тұрғанда Украина мәселесін басқарып, бұл елдің Еуропамен интеграциясын қолдаған. Бұған қоса, Ресей қолдайтын сепаратистермен күресте Украинаны қолдау үшін қару-жарақ жіберу бастамасын жақтаған.

ҚАРУ-ЖАРАҚТЫ БАҚЫЛАУ

Байден New START (Ресей мен АҚШ арасындағы ядролық қару жөніндегі келісім) уақытын созып, жаңа пакт бойынша келіссөзді жалғастыратынын да мәлімдеді. Екі ел арасындағы ядролық арсеналды шектейтін New START келер жылы ақпанда аяқталады, бірақ екі жақтың келісімімен бес жылға созылуы мүмкін.

Трамп әкімшілігі Мәскеудің New START келісімін бес жылға я бір жылға созу туралы ұсынысын қабылдамаған. Байден бұл келісім АҚШ қауіпсіздігі үшін пайдалы деп, жаңа келісім жасалғанша оны созу керек деп санайды.

Бірақ Байденнің ұстанымына қарап, Вашингтон мен Мәскеу арасындағы текетірес сақталады және ол Ақ үйде қызметіне кіріскен соң ушығады деп болжауға болады. Сарапшылар қару-жарақты бақылау келісімі – АҚШ пен Ресей арасындағы сәтті келіссөздерге бастайтын бірден-бір жол деп санайды.

ИРАН

Байден Иран 2015 жылғы ядролық келісім шарттарын сақтаса, АҚШ оған қайта қосылатынын айтқан. 2015 жылы АҚШ, Еуропа елдері, Ресей, Қытай және Иран ядролық келісімге қол қойып, Тегеран ядролық қаруға шектеу қоюға келіскен. Ал АҚШ Иранға салған санкцияларды жеңілдетуі тиіс еді. Бірақ Трамп кейін Иран сөзінде тұрмады деп келісімнен шығып, Тегеранға санкцияны көбейткен. 2018 жылы Иран да келісімнен шығатынын мәлімдеді. Жаңа санкциялар Иран экономикасына көп зиян келтіргенімен, Тегеран жаңа келісім жүргізуге ниетті емес.

Байден Иран айтқанынан таймаса, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей, ЕО және Қытаймен келісімді қайта қарауға дайын екенін жеткізген.

"Одақтастарымызбен бірге ядролық келісімді кеңейтіп әрі күшейту үшін жұмыс істейміз. Адам құқығы және шетелдіктерді түрмеге қамау мәселелерінде көтереміз" деген Байден.

ҚЫТАЙ

Байден кейінгі уақытта Қытайға сынды күшейтіп, Пекинді адам құқығын бұзды және сауда саясатын әділетсіз жүргізді деп айыптап жүр.

Бұған қоса, ол Трамптың саясатын сынап, АҚШ президенті Қытаймен сауда соғысын жасағанша, одақтастармен коалиция құрып, Пекин саясатына қарсы шығуы керек еді деп санайды.

"Басқа демократиялық елдермен біріксек, күшіміз еселенеді. Әлем экономикасының жартысы біріксе, Қытай көз жұмып отырмайды. Бұл қоршаған ортадан бастап, жұмыс, сауда, технология және ашықтық бойынша әлемге ортақ ереже қалыптастыруға көмектеседі. Бұл ережеде демократиялық құндылықтар анық көрінуі тиіс" деді ол Қытайды меңзеп.

Бірақ кейбір сарапшылар Байден Трамп енгізген тарифтерді бірден жоймай, алдымен Қытаймен сауда келіссөзін жүргізеді деп топшылайды.

АУҒАНСТАН

Байден Ауғанстанда жүрген АҚШ әскерилерін елге қайтарғысы келетінін айтқан. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактіден кейін Талибан экстремистік тобын биліктен тайдыру үшін Ауғанстанға әскер кіргізген. Кейін АҚШ әскерін қайтара бастаған, бірақ қазір Ауғанстанда терроризммен күрес миссиясымен жүрген америкалық әскерилер әлі бар.

Байден 2009-2017 жылдары вице-президент болып тұрғанда АҚШ-тың Ауғанстандағы әскерін көбейтуге қарсы шыққан.

20 қаңтардағы инаугурацияға дейін жағдай өзгеріп кетпесе, Байден Трапм әкімшілігі бастаған АҚШ пен Талибан арасындағы тарихи келіссөзді әрі қарай жалғауға ниетті болмақ.

КЛИМАТ МӘСЕЛЕСІ

Байден ғаламдық жылынуды әлемге төнген "шынайы қауіп" деп, климаттағы өзгерістерді тоқтату үшін 2015 жылы құрылған Париж келісіміне АҚШ-ты қайта қосқысы келетінін айтқан. 2017 жылы Трамп АҚШ-ты бұл келісімнен шығарған. Foreign Affairs журналына жариялаған мақаласында ол қызметке кірісе сала Париж келісіміне қайта қосылып, ауаға көміртек таратуды азайту үшін саммит өткізетінін жазған.

Сонымен бірге жаңа сайланған президент елде көмірсутек пайдалануды қысқарту үшін жел және күн энергиясы сынды жергілікті энергетикаға басымдық беретінін мәлімдеген. Сыншылар Байден мұнай, газ, көмір өндірісінің инвестициясы мен дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін деп қауіптенеді.

АҚШ Трамп президент болып тұрғанда мұнай мен газ өндіруді ұлғайтып, әлемде көмірсутек өндірісі бойынша әлемде көшбасшы болуға талпынды.

Вашингтон мұнай мен газ өндіруді ұлғайту арқылы Ресей, Иран және Венесуэлаға санкция салуға мүмкіндік берді.

ДЕМОКРАТИЯ

Байден АҚШ-тың серіктестерімен бірге әлемдегі демократияны күшейтетінін және авторитаризммен күресетінін айтқан. Ол НАТО құрамындағы кей елде, соның ішінде Польша және Венгрияда демократияның нашарлағанына алаңдаушылық білдірген.

"Президенттігімнің алғашқы жылы еркіндікке ұмтылған әлем халықтарының мақсатын ақылдасу үшін АҚШ-та әлемдік демократиялық саммит ұйымдастырамын. Бұл әлемдегі демократияны жаңғыртуға, демократиялық институттарымызды күшейтуге, демократиядан артқа кеткен елдермен шынайы қарсыласуға және ортақ жоспарымызды құруға мүмкіндік береді" деп жазды Байден 2020 жылдың басында.

ЕЛДІҢ ІШКІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Президент қызметімен қоса, Байден полицияның қара нәсілділерге қатігездігіне қарсы наразылықтан екіге жарылған қоғам мен коронавирус мәселесін "қабылдап" алды.

Трамптың қарсыластары оны елде нәсіл және миграция мәселелерін ушықтырды деп айыптап келген. Демек "елді қайта біріктіремін" деген Байденді көп жұмыс тұр.

Байден коронавирус мәселесі бойынша "ғалымдарға құлақ асатынын" және індеттің АҚШ-та тарауын тоқтату үшін "бәрін жасайтынын", қажет болса толық локдаун енгізетінін айтқан. Ол адам көп жиналатын жерде маска тағу міндетті болғанын қалайды.

АҚШ коронавирус жұқтырғандар мен Covid індетінен қайтыс болғандар саны бойынша әлемде бірінші орында тұр. Пандемия кесірінен елде жұмыссыздар саны артты. Індеттен табысы аз тұрғындар көп зардап шегіп, елде теңсіздік артты.

Байден Трамптың корпорациялар мен бай америкалықтарға салықты азайту шешімін жоятынын, табысы төмендердің мүддесі үшін ең төменгі табысты өсіретінін айтқан. Байден Барак Обама кезінде қабылданған Медициналық сақтандыру туралы заңды (жұрт арасында Obamacare деп аталады) күшейтуге уәде етті. Трамп президент болып тұрған тұста бұл заңға өзгеріс енгізіп, сынға қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG