Accessibility links

Қарабақтағы соғыстың тоқтатылуына наразылар армян үкіметінің ғимаратына басып кірді


Видеодан алынған скриншот.
Видеодан алынған скриншот.

Таулы Қарабақтағы соғыстың тоқтатылуына наразы топ полиция қоршауын бұзып, Армения үкіметінің ғимаратына басып кірді. "Новости Армении" агенттігі оқиғадан тікелей эфирде хабар таратты.

Бірнеше сағат бұрын Армения премьер-министрі Никол Пашинянның Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Ресей басшысы Владимир Путинмен Қарабақта соғысты тоқтату туралы келісімге қол қойғаны хабарланған еді.

Осыдан кейін бірнеше мың адам Ереван орталығына жиналып, келісімге қарсылық танытқан. "Жерлерімізді бермейміз" деп ұрандатқан топ азаматтарды өздерінің жағына қосылуға шақырған. Оппозиция Пашинянның отставкаға кетуін талап етті.

"Новости Армении" сайтының жазуынша, үкімет ғимараты орналасқан көшелерді полиция қоршаған.

Үш мемлекеттің басшылары қол қойған келісімге сәйкес, Армения 20 қарашаға дейін "Агдам ауданы мен Әзербайжан Республикасының Газах ауданында армян тарабы бақылауда ұстаған аумақтарды" әзербайжан жағына қайтаруы тиіс. Бірақ Таулы Қарабақпен байланысын үзбеу үшін Лачин дәлізін (ені 5 км) сақтап қалады. Алайда дәліз Шуша қаласынан өтпейді. Аумаққа ресейлік бітімгер сарбаздар әкелінеді.

Осыған дейін әзербайжан әскерінің Таулы Қарабақтағы бірқатар аумақты бақылауға алғаны, өзін республика жариялаған Таулы Қарабақ орталығы Степанакертке жақындап қалғаны жайлы хабар тараған еді.

Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта этникалық армяндар тұрады. Таулы Қарабақтағы армяндарды Ереван қолдап отыр. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қайтыс болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың бақылауында. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялап алған.

Биыл 27 қыркүйекте Таулы Қарабақ үшін қақтығыс қайта басталып, мыңдаған адам қайтыс болды. Олардың арасында бейбіт тұрғындар да бар. Екі тарап үш рет атысты тоқтату туралы келісімге келгенімен, бұл келісім сақталмады.

Таулы Қарабақтың де-факто үкіметі қыркүйектен бері 1221 әскери қайтыс болғанын мәлімдеді. Әзербайжан соғыстан қанша сарбаз қаза тапқанын айтпай отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG