12 қарашада Оралда бірнеше адам қаланың орталық алаңына Нұр-Сұлтандағы төбелес кезінде пышақ жарақатынан қаза тапқан Жанболат Ағаділдің фотосын ұстап шықты. Плакатта "Кешір Жанболат, сенің өліміңе біз кінәліміз. Халық" деген жазуы бар.
— Тоғыз ай бұрын әкесін (Жанболаттың әкесі, белсенді Дулат Ағаділ ақпанда Нұр-Сұлтан түрмесінде көз жұмған – Ред.) өлтірді, енді Жанболатты өлтірді. Кім кінәлі? Біз Қазақстанда биліктің саяси қарсыластарын, белсенділерді өлтіретін "өлім эскадроны" бар деп ойлаймыз. Президенттен, парламенттен бізді осындай бассыздықтан қорғауды сұраймыз. Біз кінәлілерді тауып, жазалауды талап етеміз, - деді акцияға келгендердің бірі Мақсат Айсауытов.
Шараны ұйымдастырғандар Жанболат Ағаділдің өлімін "саяси қылмыс" деп санайды.
Полиция бұған дейін 17 жастағы Жанболат Ағаділ 10 қараша түнде астанадағы Көктал шағын ауданында төбелес кезінде пышақ жарақатын алып қаза болғанын хабарлаған.
- Билік Жанболаттың қазасына кінәлілерді тауып, жазаға тартуын талап етеміз, - деді шараға келген Василий Хасанов.
15 минуттан соң ішкі саясат басқармасының қызметкерлері акция ұйымдастырушыларға шығып, шараның рұқсатсыз өтіп жатқанын айтып ескерту жасады. Артынша алаңға полиция көлігі де жетті. Қазақстанда жұрт қандай да бір наразылық шарасын өткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс.
Алаңға келген әкімдік қызметкерлерінен комментарий алу мүмкін болмады. Олар Азаттық тілшісінің сұрағына жауап бермеді.
Шенеуніктердің ескертуінен кейін алаңға келгендер плакатты жинап, тарады.
11 қарашада Алматыда да белсенділер Жанболат Ағаділдің өліміне кінәлілерді табуды талап етіп, наразылық шарасын өткізген.
12 қарашада полиция Жанболат Ағаділ өліміне кінәлілер ұсталғанын хабарлаған.
ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов 12 қарашадағы брифингте төбелес жеке компания жұмысшылары мен Талапкер ауылының жастары арасында болғанын айтты. Төбелес кезінде Жанболат Ағаділ пышақ жарақатын алып, көз жұмған.
- Елдегі наразылық шараларында көзге түскен белсенді Дулат Ағаділ биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қайтыс болды. 24 ақпан түнде оны бірнеше адам оны үйінен алып кеткен. Ертеңінде полиция оның изоляторда қаза болғанын хабарлады.
- 43 жастағы белсендінің өлімінен кейін елде митинг пен еске алу шаралары өтті. Наразылар оның өліміне билікті айыптап, ресми мәлімдемеге сенбеді. Билік Дулат Ағаділдің түрмеде жүрек талмасынан қаза болғанын айтқан.
ПІКІРЛЕР