19 қарашада әскери сот Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасындағы ұлтаралық жанжалға байланысты сотталған жеті адамның төртеуінің жазасын жұмсартты.
Апелляциялық шағымды қараған сот төрт сотталушыға берілген түрме жазасын шартты жазамен ауыстырған. "Жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталған бұл сотталушылардың барлығы бірінші инстанцияда дәл осы мөлшерде түрме жазасын алған еді. Сот үкіміне сәйкес,
- Ерлан Бұралқыновтың бостандығы - 3 жыл 20 күнге шектелді;
- Алмат Тілеуғалиевтің бостандығы 3 жылға шектелді;
- Рүстем Бежібайдың бостандығы 4 жылға шектеллді;
- Ұлан Атанбаевтың бостандығы 3 жылға шектелді.
Бейсенбі күні бұл ақпаратты Informburo сайты жазды, әскери сот өкілдері растады. Сот қызметкерлері үкімнің үш күн ішінде онлайн ресурсқа салынатынын айтты.
Сайттың жазуынша, сотталушыларды 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге де міндеттеген. Сот оларды қамаудан бірден босату туралы қаулы шығарған.
Қалған үш сотталушы: Абзал Нұраханов, Мырзағали Дүйсенбаев, Бақытбек Ибрагимовке шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалған.
Бірінші инстанцияда "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (Қылмыстық кодекстің 272-бабы) және "ұрлық жасады" (Қылмыстық кодекстің 188-бабы) деп айыпталған Абзал Нұраханов 8 жылға сотталған еді.
"Аса ірі көлемде ұрлық жасады" деп айыпталған Мырзағали Дүйсенбаев - 5 жылға, дәл сондай айып тағылған Бақытбек Ибрагимов 7 жылға сотталған болатын.
Бұл іс бойынша алғашқы сот үкімі 29 қыркүйекте шыққан.
Биыл 7 ақпанда түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Жанжалдан соң 120-дан астам қылмыстық іс қозғалып, 50-ден астам адамға айып тағылған.
Ақпарат бойынша, 40-тан астам қалған айыпталушының ісі бойынша сот жақын арада басталады.
Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам экспертиза жүргізіліп, мың жарымнан астам адам сұралған.
Қордайдағы жанжал кезінде негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шеккен.
Ресми мәлімет бойынша, жанжалға Сартөбе ауылындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы кикілжің себеп болған. Тергеу органдары дерегінше, ұлты дүнген Марат Юнху жолға шығып, ауладан ағасы мінген жүк көлігін шығару үшін басқа көліктерді тоқтатқан. Дәл осы кезде 78 жастағы қазақ Төлеген Құдашбаевты балалары көлікпен дәрігерге апара жатқан. Осы кезде екі жақ жолға таласып, төбелесіп қалған. Қарияның жамбасы сынған, оның ұлының бас сүйегі мен миына зақым келгені хабарланған. Кейін сот Марат Юнхуды 2,6 жылға соттаған. Ал оның әкесі Эрсман Юнхудың бас бостандығын 2,6 жылға шектеген.
Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.
29 сәуірде Алматыдағы тергеу изоляторында ұлтаралық жанжалға байланысты ұсталған Бекбол Кибаев қайтыс болды. Прокуратура осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған. Оқиғаның басқа жайттары белгісіз.
ПІКІРЛЕР