Accessibility links

Парламент ғимаратының алдына 20 шақты әйел жиналды


Парламент маңында жиналып тұрған әйелдер. Олар мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға мемлекет есебінен тегін баспана беруді талап етіп отыр. Нұр-Сұлтан, 25 қараша 2020 жыл.
Парламент маңында жиналып тұрған әйелдер. Олар мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға мемлекет есебінен тегін баспана беруді талап етіп отыр. Нұр-Сұлтан, 25 қараша 2020 жыл.

25 қарашада күндіз 20 шақты әйел парламент ғимаратының алдына жиналып, ашық хатқа қол жинады. Олар мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға мемлекет тарабынан тегін баспана беруді талап етті.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің атына жазылған хатта әйелдер мемлекеттің мүгедектерге қолдау көрсететіні жайлы бірқатар заңдар мен ережелерге сүйенген.

"Мәселен, "Тұрғын үй қатынастары" туралы заңның 13-бабында 1 және 2-топтағы мүгедектердің тұрғын үйді тегін алу құқығы бар екені көрсетілген. Аталған заңның 98-бабында осы заңда белгіленген жағдайларда коммуналдық тұрғын үй қорынан үйлер жалдаушылардың меншігіне өтеусіз беріледі деп айтылған" делінген хатта.

Хат авторлары бұған қоса, өздерінің 15-20 жылдан бері баспана кезегінде тұрып келе жатқанын, мәселе қанша айтылса да, шешілмей келе жатқанын айтқан.

- Біздің көбіміз 10-15 жылдан бері баспана кезегінде тұрып келеміз. Ал балалары ауруға шалдыққан ата-аналарға пәтер жалдау өте қиын. Себебі, ондай балаларға ерекше күтім керек. Біз жұмыс істемейміз, балаларымызға қарауымыз керек. Ипотеканы, пәтерақысын да төлей алмаймыз, - дейді Ақмарал Біләлова.

Оның сөзіне қарағанда 18 қарашада әйелдер әкімдікке барған кезде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Дәурен Бабамұратов шығып "бұл біздің құзыретімізге кірмейді, бұл мәселе парламент деңгейінде шешіліп жатыр" деп парламентке баруға меңзеген.

Әйелдер жиынын арнайы жасақ өкілдері бақылап тұрды. Жақын жерде бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан "Нұр Отан" съезі өткендіктен аумақта полицейлер өте көп болған.

Ақыры наразылар парламент ғимаратына кіріп, ашық хаттарын тапсырған. Кейінірек тараған.

25 қараша таңертең полиция әйелдер наразылығын қолдап, осында келмек болған астаналық белсенді Болатбек Біләловті үйінен ұстап әкеткен болатын. Полиция белсендіні түске таман босатып, "ҚДТ-ға байланысты қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде" шақырту қағазын берген.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар былтырдан бері баспана мәселесін шешуді талап етіп келеді. Биыл жаз айларында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында түнеген әйелдерді полиция ұстап әкеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG