Accessibility links

WSJ: Британ соты Өтемұратовтың активтерін бұғаттады. Бұған Әблязовтың не қатысы бар?


Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов. 2016 жыл.
Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов. 2016 жыл.

Ұлыбритания азаматтық соты 13 қарашада Қазақстандағы "БТА банк" ісі бойынша 5 миллиард доллардың активін бұғаттады. Бұл жөнінде 1 желтоқсанда америкалық Wall Street Journal (WSJ) басылымы хабарлады.

WSJ мәліметінше, "БТА" банк Англия мен Уэльстің соттарында бизнес әрекеттер және дүние-мүлік бойынша жаңа адамдарды айыптап, соның негізінде Британияның азаматтық соты активтерді бұғаттау туралы шешім шығарған. Газеттің жазуынша, бұл айыптаулар қазақстандық олигарх Болат Өтемұратовқа қатысты. WSJ жүгінген сот құжаттарына сенсек, "БТА" басқалармен бірге бизнесменді де "банктен ұрланған ақшаны жасыруға көмектесті" деп айыптайды.

Басылымның жазуынша, бұғатталған активтер арасында шетелдік ірі банктердегі шоттарда жатқан ақша және Мәскеуде, Венада және Қазақстан астанасында орналасқан Ritz-Carlton қонақүйлеріне жартылай иелік ететін компаниялар, сонымен бірге Өтемұратовқа және оның ұлы Ануарға тиесілі Burger King фастфуд мейрамханалар желісінің қазақстандық франшизасы бар.

WSJ жазуына қарағанда, бұлар – осы сот бұғаттаған аса ірі көлемдегі активтер, олар әлемнің алты елінде орналасқан.

Газеттің жазуынша, Өтемұратов бұл айыптауларды жоққа шығарады. Басылым олигархтың және басты акционері – Болат Өтемұратов саналатын бұғатталған "Верный капитал" компаниясы өкілінің сөздерін келтіреді. Ольга Әбдірахманованың айтуынша, ағылшын сотындағы айыптаулар "БТА банк" және ондағы адвокаттардың жалған құжаттарына негізделген". Ол бизнесменнің апелляциялық шағым беретінін және бұғаттауды алғызып тастауды талап ететінін айтты.

WSJ басылымының жазуынша, "БТА банк" "сот шешімін құптайды, бірақ әрі қарай пікір білдіруден бас тартады".

"БТА БАНКІ" ЖӘНЕ ОНДАҒЫ БАСТЫ "КЕЙІПКЕРЛЕР"

WSJ басылымының жазуынша, "мемлекетке тиесілі" "БТА банк" ұзақ жылдан бері бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовты "әлемдегі жалған компаниялары арқылы банктен алты миллиард доллардай ақша ұрлап, оны заңдастырды" деп айыптап келеді. Бұл айыптау бойынша сот процестері Британия мен АҚШ-та және тағы оншақты елде жүріп жатыр. Ең қымбат адвокаттар мен "жеке тыңшыларды" жалдаған тараптар ұзақ жылғы сот процесіне миллиондаған доллар ақша жұмсады деп жазады басылым.

2017 жылы Әблязовты өз елінде "БТА банкінен" ақша ұрлағаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сырттай кескен. 2019 жылы бизнестегі бұрынғы әріптесін өлтірді деп айыптап, оны өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

"2004 жылы бизнестегі әріптесі қасқырға аңға шыққан кезінде тосын жағдайда қаза тапқан соң, Әблязов "БТА банкті" бақылауына алды. Кейін Қазақстан үкіметі [Әблязов] пен оның көмекшілері алаяқтық жолмен банктен миллиардтаған доллар ұрлады деп, оны өз қоластына алды" деп жазады WSJ.

Елден 2009 жылы қашып, қазір Францияда тұрып жатқан, жақында сол елден саяси баспана алған Мұхтар Әблязов бұл айыптаудың бәрін жоққа шығарады. Ол мұның барлығын өзінің саяси әрекеті үшін кек алу деп есептейді.

2013 жылы қуғында жүрген банкир "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құрды, жақтастарының айтуынша, оның басты мақсаты – елде саяси реформа жүргізу. 2018 жылы Қазақстан соты қозғалысты "экстремистік ұйым" деп танып, оның жұмысына тыйым салды. Жарияланбаған осы сот шешімі шыққалы бері ҚДТ жақтастары өз елінде көп қуғындалып жүр.

"БТА банк" айып таққан адамдардың арасында бұрын Қазақстан үкіметінде жоғары лауазымды қызмет атқарған, шетелге қашып, қазір Швейцарияда тұрып жатқан Виктор Храпуновтың отбасы мүшелері бар. Бұған қоса, Алматының бұрынғы әкімі Храпунов – Әблязовтың құдасы. "БТА" Виктор Храпуновтың өгей баласы әрі Әблязовтың күйеубаласы Ильяс Храпуновты (Ильяс Әблязовтың қызы Мадинаға үйленген) қайын атасына ақша заңдастыруға көмектескен деп айыптайды. WSJ-дың жазуынша, 2012 жылы Британия соты Әблязов пен Ильяс Храпуновқа қатысы бар 4,9 миллиард доллар активке қатысты БТА-ны қолдайтын шешім шығарған.

Ильяс Храпунов та бұл айыптаудың бәрін жоққа шығарады, "бұл – Әблязовпен туыс болғаным үшін кек алу" дейді ол. WSJ сұрағына жауап берген оның адвокаты жаңа айыптарды "күлкі келтіретін", "өтірік" және "жалған құжаттарға негізделген" деп сипаттаған. Басылымның жазуынша, айыптаушылардың мақсаты – "режимнің №1 жауы – Әблязов мырзаға көмектесті" деп айыптап, "Өтемұратовты саяси оппонент қатарынан алып тастау".

БОЛАТ ӨТЕМҰРАТОВ ДЕГЕН КІМ?

Англияда Болат Өтемұратовтың үстінен іс қозғалғанын алғашқылардың бірі болып Facebook-тегі парақшасында Әблязовтың өзі хабарлаған. 29 қарашада жазған постында ол: "... маған, Мұхтар Әблязовқа, активтерді жасыруға көмектесті деп Болат Өтемұратовқа айып тағылды" деп жазды. Өз парақшасындағы тікелей эфирде ол мұны "фантастикалық" айыптау деп атады.

Оның айтуынша, бұған Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің "қатысы бар". Оның мақсаты - "билік үшін күрестегі бұрынғы бақталасы мен қарсыласын физикалық және қаржылық тұрғыда тұқырту" деді Әблязов.

"БТА банктің" бұрынғы басшысы Өтемұратов "не үйқамақта отыр, не оның Қазақстаннан шығуына тыйым салынған" деді Мұхтар Әблязов.

Ертесі, 30 қарашада, "Верный капитал" компаниясы осы мәлімдеге қатысты пікір білдірді. Компания өкілі Өтемұратов "Нұр-Сұлтан қаласында, қоғамдық іске ден қойып, жұмыс істеп жатыр" деді, десе де оның басқа адамдармен бірге британ сотында жауапкер болып жатқанын мойындады.

"Бұл талап-арызды 2015 жылы "БТА банк" акционерлік қоғамы Мұхтар Әблязов пен Ильяс Храпуновқа қарсы берген. Кейіннен жауапкерлер тізімін кеңейтуге байланысты оның бизнес-құрылымына кірген адамдар, соның ішінде Болат Өтемұратов та 2020 жылдың қараша айында сол қатарға қосылды" делінген "Верный капиталдың" жауабында.

"БТА-ның" Өтемұратовқа бет бұруы – Қазақстанның іскерлік және саяси ортасындағы ықпалды ойыншылар қатысып жатқан істегі жаңа өзгеріс" деп жазады бұл жөнінде WSJ.

Америкалық басылымның мәліметі бойынша, қазір 62 жастағы Өтемұратов 2,9 миллиард доллар байлығымен әлемнің ең ауқатты адамдарының қатарында 764-орында тұр. Дегенмен бизнесменнің өкілі Әбдірахманова оның капиталының шынайы құны 3,2 миллиард доллар екенін айтты деп жазады WSJ.

"Forbes – Қазақстан" журналының мәліметі бойынша, Өтемұратов елдің ең бай адамдарының қатарында төртінше орын алады. Журналдың жазуынша, ол активтерінің көлемі бойынша Қазақстандағы ең ірі үштікке кіретін ForteBank-ті бақылайды (мамыр айындағы дерек). 2019 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, банк активтерінің ауқымы 2,07 миллиард теңде болған. Сонымен қатар оның тау-кен, мұнай-газ және телекоммуникация салаларында активтері бар.

Қазақстан президентінің бұрынғы көмекшісі Болат Өтемұратов Нұрсұлтан Назарбаевпен селфи түсірмекші болды. Бурабай, Қазақстан. 16 қазан, 2015 жыл.
Қазақстан президентінің бұрынғы көмекшісі Болат Өтемұратов Нұрсұлтан Назарбаевпен селфи түсірмекші болды. Бурабай, Қазақстан. 16 қазан, 2015 жыл.

2006-2008 жылдары ол сол кезде Қазақстан президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың іс басқарушысы қызметін атқарған, кейін оның штаттан тыс кеңесшісі міндетін атқарған.

WSJ-дің жазуынша, Әбдірахманова "жергілікті басылымдардың "бизнесмен президент [Назарбаевпен] дос болды" деген сөзін кішірейте көрсетіп", одан да "олар әріптес болды деу дұрыс шығар" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG