Accessibility links

Шығу төркіні белгісіз миллиардтар. Ресей олигархтарының АҚШ-тағы ақшасы


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жақында Вашингтондағы Атлант кеңесінің сарапшылары "АҚШ-ты Ресейдің заңсыз қаржысынан қорғау” деп аталатын есебін жариялады. Онда шетелдегі офшорлық шоттарға шығарылған Ресей капиталы тыңшылық пен терроризмді қаржыландыру, саяси манипуляция жасау, жалған ақпарат тарату мақсатында пайдаланылуы мүмкін деп жазылған. Аталған есепті дайындауға қатысқан авторлардың бірі, бұрын бірнеше үкіметтің, оның ішінде Ресейдің кеңесшісі болған Андерс Аслунд Азаттыққа қаржыны офшорға жасыру жолдары, заңсыз капиталдың ұлттық қауіпсіздікке әсері және Путин мен оның айналасындағылардың байлығы туралы әңгімелеп берді.

Аслунд мырза, Ресейден қанша көлемде және қандай себеппен қаржы шығарылғаны туралы нақты ақпарат бар ма?

Олигархтар мен ықпалды тұлғалардың банктері шетелде, олар ресейлік қаржы ұйымдарына сенбейді.

– 1990 жылдан бері Ресейден шамамен бір триллион долларға жуық ақша шығарылған. Орташа есеппен алғанда, жылына 30-40 миллиард доллар шетел асады. Мұның себебі әртүрлі. Ресейде меншік құқығы болмағандықтан, бәрі ірі көлемдегі қолма-қол ақшасын шетелдегі офшорларда ұстайды. Бұл жерде қаржысы көп олигархтар мен Путиннің адамдары туралы айтып отырмын. Олардың қаржысы Ресей ЖІӨ-нің үштен екі бөлігіне тең. Олигархтар мен ықпалды тұлғалардың банктері шетелде, олар ресейлік қаржы ұйымдарына сенбейді.

Мұндай ірі көлемдегі қаржы қайда сақталады?

– Әуелі Кипрде, кейін Кайман аралдары, ары қарай Лондон немесе Делавэрде сақталады. Маңызды қаржы (мысалы, Ротенбергтерге тиесілі ақша) болса, байлықтың шынайы иесін жасыру үшін капитал 20–30 түрлі анонимді офшорлық компаниядан өтеді.

Сіз айтқан Кипр, Кайман аралдары, Делавэр штаты, тіпті Лондонның өзінде қаржы уақытша сақталып, ары қарай басқа жаққа жіберіле ме?

– Кайман аралдары – АҚШ-тың акциялары мен құнды қағаздарына инвестиция салу жөнінен әлемде екінші орын алады. Арал америкалық құнды қағаздарға триллион 900 миллиард доллар көлемінде қаржы құйған. Бір жағынан, бәрі ресми тіркелген, статистиканы АҚШ-тың қаржы министрлігі ұсынған. Екінші жағынан, мұның бәрі – шынайы иесі белгісіз, жасырын ақша.

Кайман аралдары АҚШ-қа инвестиция құю бойынша Жапониядан кейін екінші орында тұр ма?

Ресейлік қаржы тек номиналды тұрғыдан ғана офшорда сақтаулы деп есептеледі, шын мәнінде олар АҚШ пен Ұлыбританияда қалады.

– Иә, Жапониядан кейінгі орында тұр. Кайман аралдары Қытай сияқты шағын мемлекетке қарағанда әлдеқайда маңызды. 60 мың адам тұратын аралда 158 банк жұмыс істейді. Онда офшорлық ақша сақталады. Неге Кайман аралдары? Өйткені аталған банктер ресейлік инвесторлардың офшорға қоятын талаптарына толық сәйкес келеді. Біріншіден, инвесторлар Ресейде жоқ меншік құқығын алғысы келеді. Екіншіден, олар кәсіпорын атауын жасырын қалдыруды көздейді. Мұндай критерийлерге көбіне ағылшын-америкалық елдер сай келеді. Люксембург пен Нидерланд та осындай мүмкіндік ұсынады. Үшіншіден, инвесторлар ірі дамыған қаржы нарығы болғанын қалайды. Мұндай нарықтар тек екі елде – АҚШ пен Ұлыбританияда ғана бар. Ресейлік қаржы тек номиналды тұрғыдан ғана офшорда сақтаулы деп есептеледі, шын мәнінде олар АҚШ пен Ұлыбританияда қалады. Бірақ аталған екі мемлекет ақпараттарды құпия ұстайтындықтан кімде қандай байлық барын білмейміз.

Яғни Кайман аралдарындағы офшорлар арқылы Ресей капиталын жеңіл әрі анонимді түрде АҚШ-қа инвестициялауға болады ғой?

– Дәл солай. Әдетте олар ақшаны Делавэрге аударады. Өйткені онда анонимді кәсіпорындар өте көп. Делавэрде шынайы иесі туралы ақпарат сұрамай-ақ, сөреде жатқан компаниялардың бірін сатып алып, соның көмегімен кез келген жерге инвестиция салуға болады. Бұл тұрғыдан алғанда, Кайман аралдары өте тиімді саналады. Неге Кариб теңізіндегі басқа аралдар емес? Өйткені олардың бәрі қаржы дағдарысынан зардап шекті, ал офшорлық ақша қаржы дағдарысын ұнатпайды.

Батыста ірі көлемдегі ресейлік қаржы жатқаны түсінікті. Сіз дайындаған есепте бұл қаржының Батыстың қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін екені айтылады. Бұл жерде қандай қауіпті меңзеп отырғаныңызды түсіндіресіз бе?

– Қауіп ол ақшаның ішінде Путиннің де қаражатының болуында. Менің бағалауымша, Путин, Ротенберг, Тимченко, Ковальчуктың ақшасы – триллион доллардың шамамен төрттен бірі. Оның жартысы Путинге тиесілі болуы керек. Мысалы, жақында Германияда Ротенбергтің жылжымайтын мүлікке салып, жасырын сақтаған миллиард евроға жуық қаржысы табылды. Инвестиция салу қалай жүретінін сұрадыңыз ғой. Ресейліктер америкалық акцияларға көп инвестиция салады. Кайман аралдарындағы қаржының қанша пайызын ресейлік капитал құрайтынын білмейміз, бірақ шамамен 400 миллиард доллар шығады деп ойлаймын. Мәселен, Алишер Усмановтың кезінде Facebook компаниясының – 8, Twitter-дің 5 пайызын сатып алғанын білеміз.

Ресей президенті Владимир Путин Кремльде Алишер Усмановты мемлекеттік наградамен марапаттап жатыр. 27 қараша 2018 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Кремльде Алишер Усмановты мемлекеттік наградамен марапаттап жатыр. 27 қараша 2018 жыл.

Ресейліктердің америкалық корпорацияларды қолдауға қаржы жұмсағанында тұрған не бар?

– Мәселе – мынада: олар бұл қаржыны кез келген мақсатқа пайдалануы мүмкін. Мысалы, америка азаматы Лен Блаватник 1984 жылдан бері АҚШ-тың санкцияларына ілінген Виктор Вексельберг және Олег Дерипаскамен бірге Ресейге инвестиция салумен айналысып келеді. Америка азаматы болғаны үшін Блаватникке санкция салынбайды. Бірақ ол соңғы сайлауда әртүрлі америкалық республикашыл саясаткерлерге көп миллион доллар қаржы берген.

Бірақ ол сияқты сайлауда қай тараптың жеңіске жетерін білмей, екі жаққа да ірі көлемде қаржылық қолдау көрсететін бай америкалықтар аз емес қой.

– Ол кезінде Клинтон әкімшілігін қолдауға көп қаржы жұмсаған. Бірақ соңғы сайлауда республикашылдарға қолдау көрсетті. Осы тұста "ол мұндай шешімді өзі қабылдады ма, әлде біреудің ұсынысымен әрекет етті ме?" деген сұрақ туады. Ол Ресейде қаншама миллиард доллар тапқан, онда жақсы байланыстары көп. Бірақ оны өз бетінше шешім қабылдайтын инвестор деп атауға бола ма? Тағы бір мысал келтірейік: прокурор Роберт Мюллердің тергеуі нені көрсетеді? Ол ресейлік кәсіпкерлер Петр Авен, Олег Дерипаска, Кирилл Дмитриев, Сергей Горьковтан жауап алып, олардың АҚШ-та не істегенін сұраған. Авен мырза Путинмен тоқсан сайын бетпе-бет кездесетінін, президент өзіне талап қойғанда, бас тарта алмайтынын ашық айтқан. "Альфа-групп" – Ресейдегі инвесторлардың ең үлкен бөлігі саналады, олардың қаржысының көбі шетелде, жартысы Ресейде сақтаулы. Олар Кремльге тәуелді. Мюллердің айтуынша, Авен Путиннің айтқанын орындамаса, америкалық санкциялардың астында қалуы мүмкін екенін жақсы білген. Енді "Кремль қандай талап қойған?" деген сұрақ қана қалып отыр.

Сіздің есебіңізде Ресей мемлекеті Facebook және Twitter акцияларына иелік еткен болуы мүмкін деген болжам кездеседі.

– Иә, "Панама құжаттарына" сәйкес, Усманов пен Юрий Мильнер ВТБ банк және "Газпроминвест" мемлекеттік кәсіпорындарынан қаржы алған. Олар акцияларын 2014 жылы сатқан. Бірақ "Олардың бұл кәсіпорындарға қандай ықпалы болған?" деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. 2016 жылғы сайлау кезінде, әсіресе Twitter мен Facebook-тің интернетте ресейлік жалған ақпараттың тарауына үлкен үлес қосқанын білеміз. Бұған Усманов пен Мильнердің қандай да бір қатысы бар-жоғы белгісіз. Бірақ бұл деректер анықталуы керек. Өйткені бұл АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін маңызды.

Мұндай көзге анық көрініп тұрған қауіпке қарсы қалай күресуге болады деп ойлайсыз? АҚШ-та Ресей инвестициясына тыйым салу мүмкін емес қой?

– Екі жыл бұрын Еуропа комиссиясы одаққа мүше елдердің бәрін кәсіпорындардың шынайы иелерін көрсететін қоғамдық регистр дайындауға міндеттеп, арнайы құжат қабылдады. АҚШ-та да желтоқсан айының басында қорғаныс шығындары туралы құжаттың бір бөлігі ретінде осыған ұқсас заң қабылдануы керек. Америкада бұл деректер қоғам назарына ұсынылмайды, бірақ құқық қорғау органдары АҚШ-тағы кәсіпорындардың шынайы иесі туралы ақпаратқа қол жеткізуі керек. Бұл заң мен қазіргі жағдайдың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Кейін бұл кәсіпорындардың шын мәнінде немен айналысып жүргенін тексеру керек. Сонда ашықтық болады.

АҚШ-тан Путиннің ақшасы табылуы мүмкін бе?

– Солай болатынына сенімдімін. "Панама" құжаттарының арқасында, Сергей Ролдугиннің Путинге арнап екі миллиард доллардан астам ақша алғанын білеміз. Ресейлік "Форбс" журналынан президенттің кемі төрт туысының байлығы жарты миллиард доллардан асып-жығылатынын, ал оның бала кезден бері келе жатқан төрт досының қаржысы жарты миллиард долларды құрайтынын білеміз. Одан бөлек, әрине, Ротенберг, Тимченко мен Ковальчук бар. 2010 жылы Ресейден кетіп қалған Сергей Колесниковтың айтуынша, олар әдетте табысын Путинмен бөліседі. Менің бағалауым бойынша, Путин шетелде 120 миллиард доллардан астам қаржысын сақтап отыр. Бұл ақшаның нақты қайда жатқанын білмейміз, бірақ оның көп бөлігі АҚШ-та болуы мүмкін.

Азаттық радиосы Орыс қызметінің Нью-Йорктегі тілшісі Юрий Жигалкиннің сұхбатынан ықшамдалып аударылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG