Accessibility links

Оқу орнындағы "қаржы махинациясын әшкерелеген" Ботагөз Көпбаеваға Transparency сыйлығы берілді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының қызметкері Ботагөз Көпбаева халықаралық Transparency International ұйымы тағайындайтын Жемқорлықпен күрес сыйлығының (Anti-Corruption Award 2020) лауреаты атанды. Ұйым сайтындағы ақпарат бойынша, "қуғынға ұшыраған" Көпбаеваға сыйлық "батылдығы үшін" берілген.

"Жеке мүдде үшін билікті асыра пайдалануға төтеп беру әлемде жемқорлықпен күресіп жүргендерге жігер сыйлайды" делінген ұйым хабарламасында.

Көпбаева 2017 жылдан бері Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында қаржы-экономикалық мәселелер жөніндегі проректор қызметін атқарған. 2018 жылы маусым айында оқу орнында қаржылық заңсыздықтар мен есепшінің заңсыз әрекеттері анықталған. Көп кешікпей консерваторияны 20 жыл басқарып келген Жәния Әубәкірова қызметінен кеткен. Оқу орнына қаржы аудитін жүргізу міндеті жүктелген проректор Көпбаеваға осыдан кейін шабуыл жасалған, оқу орны онымен еңбек келісім-шартын бұзған. Кейінірек Көпбаева келісім-шарттың бұзылуы заңсыз екенін сот арқылы дәлелдеп, қызметіне оралған.

2019 жылы мамыр айында сот консерваторияның бұрынғы бас есепшісін "ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін" кінәлі деп тауып, 8 жыл түрме жазасын берген. Бірақ кәмелетке толмаған бес жасар баласы барын ескеріп, жазаны жеңілдеткен. Сот сонымен бірге бас есепшіден консерваторияға шамамен 128 млн теңге қаражатты қайтаруды міндеттеген және 3,8 млн теңге көлемінде мемлекеттік салық төлеуді де үкім еткен.

TI ақпараты бойынша, Көпбаева "қатаң шабуылға төтеп беріп" "студенттердің стипендиясына арналған айтарлықтай қаржының ұрлануын әшкерелеген". Көпбаеваның өзі бұл сыйлық "Қазақстан билігін жемқорлық мәселесіне назар аударуға" ықпал етеді және "жемқорлық туралы айтудан қорқатын адамдарға жігер береді" деп айтқан.

Жемқорлықпен күрес сыйлығы биыл Көпбаевамен бірге африкалық журналист Заки Дарьябиге де берілді. TI сыйлығы жыл сайын "жемқорлықты әшкерелеп, онымен күресіп жүрген жекелеген ұйымдар мен тұлғаларға" беріледі. Номинанттарды қоғам ұсынады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG