Accessibility links

Бурабайдағы "депутат қалашығы". Шенеуніктер ұлттық парк жерін сатуға дәнігіп алды


Бурабай курорты мен Сарыбұлақ ауылы арасындағы жол. Ақмола облысы, 30 қазан 2020 жыл.
Бурабай курорты мен Сарыбұлақ ауылы арасындағы жол. Ақмола облысы, 30 қазан 2020 жыл.

Жүздеген мың қазақстандық жеке тұрғын үй салуға мемлекеттен тегін 10 сотық жер алу үшін жылдар бойы кезекте тұрады. Әкімдіктер әртүрлі сылтау айтып, жер бермейді. Ал ұлттық парк аумағына депутаттарға тиесілі зәулім үйлер еш қиындықсыз салынады.

Ақмола облысындағы Сарыбұлақ (бұрынғы атауы – Воробьевка) ауылы Қазақстан астанасынан 265 км жерде – Бурабай ұлттық паркі аумағында орналасқан. Сарыбұлақтан елдегі танымал курортқа дейін шамамен жеті шақырымдай жүру керек. "Қазақстандағы Швейцария" аталып кеткен қарағайлы аумақта Қатаркөл көлі бар. Қазір мұнда "депутаттарға арналған коттедж қалашық" салынып жатыр. Жаңа үйлерді жергілікті халық осылай атайды.

Сарыбұлаққа кірген бойда оң жақтан еуропалық үлгімен алдыңғы беті ағаштан салынған біркелкі бес коттедж үй көзге түседі. Олардың жанында тағы екі үй салынып жатыр.

53 жастағы Марат Әбелдинов Бурабайда туып, өмір бойы Сарыбұлақта тұрып келеді. Бұрын электр таратушы мекемеде бақылаушы болып істеген Марат ауылда қанша есептегіш құрал болғанын ұмытпағандықтан, Совет одағы тарағаннан кейін мұнда бес жүзге жуық үй болғанын айтады. Ол кезде мектеп пен медицина пункті жұмыс істеген. Ауыл тұрғындары мал өсіріп, шаруашылықпен айналысқан. Кейін көбі ауылдан көше бастаған, негізінен Ресейге қоныс аударған. Қазір ауылда тұрып жатқан он бес шақты отбасы бар. Әбелдиновтың айтуынша, бұл жерге екі-үш қабатты коттедж үйлер алғаш рет он бес жыл бұрын салыныпты. Басында сатып алынған ескі үйлердің орнына тұрғын үй есебінде салынған ғимараттар кейінірек демалыс орны ретінде жалға беріле бастаған.

– Мал ұстаймыз, шағын шаруашылықпен айналысамыз. (Зәулім үйлердің иелеріне) бұл ұнамайды. Демалушылар қаладан келеді ғой. Оларға кедергі жасап отырғандай көрінемін. Мысалы, қоқыс контейнерлері демалыс үйінің аумағында болуы керек. Ал олар сыртқа шығарып қояды. Қоқыс ішінде нан мен басқа қалдықтар болады. Мал қоқыстың бәрін шашып тастайды. Сол себепті олармен арамызда араздық бар, – дейді ауыл тұрғыны.

Сарыбұлақ ауылындағы ұлттық парк аумағына салынған коттедж үйлер. Ақмола облысы, 30 қазан 2020 жыл.
Сарыбұлақ ауылындағы ұлттық парк аумағына салынған коттедж үйлер. Ақмола облысы, 30 қазан 2020 жыл.

Марат Азаттық тілшісінің "Кезекті коттедж үйлердің құрылысы басталғалы ауыл өмірінде өзгеріс байқала ма?" деген сұрағына "Ауылда мектеп, медицина пункті, көшеде жарық пен бос жұмыс орны жоқ. Сондықтан әзірге ауылдағы коттедж үйлер құрылысынан еш жақсылық көріп отырған жоқпын" деп жауап берді.

Марат Әбелдинов жақында салынған жаңа төрт үйдің депутаттарға тиесілі екенін айтады.

– Біз бұл адамдарды теледидардан көреміз. Көргенде танимыз. Олар өздері де жасырмайды. Мына коттедж үй Дариға Назарбаеваның құдаларына тиесілі деп естідік. Сайлауға жауапты… кім еді әлгі…Имашев. Оны білемін. Оны бәрі біледі. Осында алабай иттерін серуендетіп жүретін, – дейді ауыл тұрғыны.

Жергілікті тұрғын әңгімесіне қосқан Берік Имашев – Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Қазақстанның бұрынғы президенті, қазір Қауіпсіздік кеңесі мен биліктегі "Нұр Отан" партиясын басқаратын Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызының құдасы. Имашев 2008-2012 парламент сенаты депутаты болған. Азаттық ОСК төрағасы Берік Имашевқа Сарыбұлақта өзінің немесе туыстарының үйі бар-жоғын сұрап хат жолдады. Орталық сайлау комиссиясының аппараты "Коттедж қалашығында не ОСК төрағасының, не оның туыстарының үйі жоқ" деп жауап берді.

"ЗӘУЛІМ ҮЙЛЕРДІҢ ОРНЫНДА БҰРЫН ЖИДЕК ӨСЕТІН"

60 жастағы Бота Әбішеваның отбасы Сарыбұлақта көп жылдан бері тұрады. Совет одағы тұсында ауылда "одақ деңгейіндегі" демалыс үйі болған. Онда демалып, емделуге жүздеген адам келетін. Бота Әбішева жаңа көршілерін жақтырмайды. Саңырауқұлақ жинап, сататын ауыл тұрғыны коттедж иелерінің орманға баратын жолды бөгеп отырғанын айтады.

– Олар бізді қыспаққа алып отыр. Ана жерде (жаңа үйлер тұрған жақты нұсқап) жидек өсетін алаң болатын. Оның орнына үй салып тастады. Енді орманға өте алмай отырмыз. Орманды айнала құрылыс жүргізіп, жолымызды жауып тастады. Мен ормандағы әрбір жолды, ағаш кесуге рұқсат етілген аумақты жақсы білемін, – дейді Әбішева.

Сарыбұлақ ауылындағы коттедж. Ақмола облысы, 30 қазан 2020 жыл.
Сарыбұлақ ауылындағы коттедж. Ақмола облысы, 30 қазан 2020 жыл.

– Бұл депутаттар қалашығы емес. Басқалар солай атағанымен, бұл жекеменшік құрылыс. Ондағы жерді жеке тұлғалар сатады. Құрылысқа қатысымыз жоқ, – деді Бурабай аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Рахат Сыздықов Азаттыққа.

Ақмола облысының баспасөз хатшысы Мырзабек Батырұлы да оның сөзін қайталады:

– Менің білуімше, бұл – жекеменшік жер. Бұл жер ресми түрде депутаттарға не дипломаттарға бөлінбеген. Жекеменшік аумақ. Сонда 15 жыл бұрын бөлген ғой… Қалалық не облыстық мәслихат депутаттарына арналған арнаулы қалашықтар жоқ. Мүмкін өздерінің жеке мүлкі бар шығар. Ол да мүмкін. Бірақ ондай жеке мүлік барлық адамда болады ғой.

Сарыбұлақ қарайтын Бурабай ауылының әкімі Сабыр Жалмұқанов депутаттарға тиесілі үйлер туралы ештеңе білмейтінін айтты.

– Ол жерде депутаттар тұратыны нақты анықталмаған. Тексеру кезінде коттеджер жабық тұрды. Онда үй иесі ме, басқа адам ба, кім тұратынын білмейміз. Біз тек тұрғын үй аумағын ғана қарап шықтық. Бұл – жекеменшік жер, – деді ауыл әкімі.

Әкімнің дерегінше, Сарыбұлақ ұлттық парк аумағына қарайды. Ауылдық округте жеке тұрғын үй салуға жер алу үшін үш жүзден астам адам кезекте тұр. Бірақ қазір тұрғын үй салуға жер берілмейді.

– Курорт аймағында жер болмауына байланысты жеке тұрғын үй салуға жер телімін бермеу туралы бұйрық түсті. Кезекке қоямыз, бірақ әзірге жер беріп жатқан жоқпыз, – деді жергілікті әкім.

Азаттық тілшісі Ақмола облысы әкімдігінің сайтында жақында Бурабай мен Сарыбұлақ ауылдарынан жер учаскесін алған адамдар мен заңды тұлғалардың тізімі барын айтқанда, Сабыр Жалмұқанов оған былай жауап берді:

– Көп жер бұрын жеке тұлғаларға жалға берілген. Олар кейін бұл жерлерді сатып алған. Сіз осы жерлер туралы айтып отырған шығарсыз. Одан бөлек, ауыл жері коммерциялық мақсатқа да беріледі.

"ӘКІМДІКТЕР ЖЕРДІ САТЫП ЖІБЕРЕДІ"

Заңгер әрі жер құқығы саласының сарапшысы Бақытжан Базарбек Жер кодексін бұзып, жер телімін беру – жер қатынастарындағы маңызды проблеманың бірі екенін айтады. Көбіне құрылысқа арналған учаскелер өзен мен көлге, кәсіпорындар мен зираттарға, әуежайларға, мұнай-газ құбырларына жақын жерлерден, рекреациялық аймақ, ұлттық табиғи парк пен қорық аумағынан беріледі.

Ерекше қорғауға алынған табиғи аумақтарға қатысты мәселе де жиі шығады. Олар тарихи-мәдени, сауықтыру және рекреациялық мақсатқа арналған жерлер деп үш санатқа бөлінеді. Жер кодексінің 122-бабына сәйкес, мұндай жерлерді жекеменшікке беруге немесе бөліп алуға болмайды.

Жер сатылатыны туралы жарнама. Бурабай ауылы, Ақмола облысы, 30 қазан 2020 жыл.
Жер сатылатыны туралы жарнама. Бурабай ауылы, Ақмола облысы, 30 қазан 2020 жыл.

– Көбіне ерекше қорғауға алынған табиғи аумақтардың қолданылу мақсатын өзгертіп, жекеменшікке беріп жібереді. Мысалы, жерді әуелі елдімекен құрамына қосады немес ауыл шаруашылығына арналған жер деп белгілейді. Заң бойынша, мұндай шешім қабылдау үшін мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы керек. Жерді пайдалану мақсатын өзгертіп, оларды бөліске салудан аудандық деңгейдегі шенеуніктердің өзі миллиондаған, миллиардтаған табыс табады. Мұндай тәжірибе Бурабайда ғана емес, басқа облыстарда да кездеседі, – дейді заңгер.

Жерді пайдалану мақсатын өзгертіп, оларды бөліске салудан аудандық деңгейдегі шенеуніктердің өзі миллиондаған, миллиардтаған табыс табады.

Сарапшының пікірінше, бұл саладағы жемқорлықты тыю үшін Жер кодексіне өзгеріс енгізіп, ерекше қорғауға алынған аймақтарды басқа жер санатына қосуға тыйым салу керек.

– Сонда ғана қорғауға алынған табиғи аймақтарды сақтап қалуға болады. Әйтпесе ұлттық парктерге тиесілі жерді иемденіп алып, жаппай құрылыс салуға мүмкіндік беріп отырмыз, – дейді Бақытжан Базарбек.

2019 жылғы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық баяндамаға сәйкес, "мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және жер телімдерін беруде қызмет құзыретін асыра пайдаланып, бюджет қаржысын жымқыру" жергілікті атқарушы органдарда көп кездесетін жемқорлық әдісі деп танылған.

БУРАБАЙДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Заңгер Бақытжан Базарбек биыл қыркүйекте "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жанындағы 50 гектар жердің 1 миллиард 251 миллион 90 мың теңгеге саудаға қойылғанына назар аударған. Парк қызметіне жауапты Қазақстан президенті істері басқармасының сайтындағы дерек бойынша, 2012 жылдан бері ұлттық парк аумағы 636 гектарға қысқарған: табиғи аймаққа тиесілі жерлер үш рет жалға немесе жекеменшікке берілмейтін учаскелер қатарына өткен. Қазір табиғи парк аумағы – 129 299 гектар.

Ұлттық парк аумағына салынған коттедж. Сарыбұлақ ауылы, Ақмола облысы, 30 қазан 2020 жыл.
Ұлттық парк аумағына салынған коттедж. Сарыбұлақ ауылы, Ақмола облысы, 30 қазан 2020 жыл.

2020 жылы маусымда Ақмола облысындағы мемлекеттік істер жөніндегі агенттіктің этика кеңесі Бурабай аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы мен Бурабай ауылы әкіміне жер заңнамасын бұзғаны үшін ескерту жасалғанын хабарлаған. Ал Бурабай аудандық прокуратурасы 20-ға жуық заңбұзушылықты анықтаған. Олардың ішінде жерді байқаудан тыс немесе саудаға шығармай беру фактісі де бар.

2019 жылы шілдеде Көкшетау қалалық соты Бурабай ауданы Зеленый бор ауылдық округінің әкімі Дулат Жабағиннің "Щучинск-Бурабай курорт аймағының 2017-2020 жылдарға арналған кешенді даму жоспарын" жүзеге асыру аясында аудандық жер комиссиясында Зеленый бор ауылынан жеке тұрғын үй салуға жер сұраған азаматтардың мүддесін қорғау үшін жарты миллион теңге пара алғанын анықтап, шенеунікке 3 млн 750 мың теңге айыппұл салған.

Әкім өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылған.

Бурабайдағы жерлер қазір де сатылады. Мысалы, қыркүйектің ортасында Бурабай аудандық әкімдігі мемлекет иелігіндегі, оның ішінде Сарыбұлақ ауылындағы жер телімін сату бойынша аукцион өткізген.

ЖЕМҚОРЛЫҚ НЫСАНЫНА АЙНАЛҒАН ЖЕР

– Барлық өңірде әкімдіктер шаруалармен бірге жерді жеке қосалқы шаруашылық немесе жеке тұрғын үй салуға арналған учаскеге айналдырып, сатады. Жер кодексінің 7 және 9-баптарына сәйкес, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерде құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Біраз жылдардан кейін жер инспекциясы органдары мен прокуратура жердің қолданылу мақсатын өзгерту процесінің заңдылығын тексеріп, жерді қайтарып алуы да мүмкін. Сатып алу-сату шарты заңсыз деп танылса, адамдар ақшасын қайтара алмайды, – дейді Бақытжан Базарбек.

Жер құқықтары бойынша сарапшы, заңгер Бақытжан Базарбек. Сурет оның жеке архивінен алынды.
Жер құқықтары бойынша сарапшы, заңгер Бақытжан Базарбек. Сурет оның жеке архивінен алынды.

Заңгердің айтуынша, жер инспекциясы 2019 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Белбұлақ ауылы, 2016 жылы Алматы облысы Іле ауданы Жаңа қуат ауылы тұрғындарына қарсы осындай арыз берген. Белбұлақта – 240 адам, Жаңа қуатта 200 адам назарға ілінген. Заңгер екі жағдайда да сот арқылы азаматтардың құқығын қорғап қалған.

Биыл қазанда Алматы облыстық жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау басқармасы бір ғана Қарасай ауданы бойынша төрт мыңнан астам арыз дайындап жатқанын, бұл жерлерді беру кезінде әкімдік тарапынан "жер заңнамасы бұзылғанын" хабарлаған.

Мемлекеттің қандай жеке және заңды тұлғаларға жер беріп, кімнің жер учаскесін тартып алғанын жер ресурстары комитетінің сайтынан көруге болады.

Жер қатынастары саласындағы жемқорлықтың мемлекеттік органдарға тамыр жайғаны соншалық, мұның алдын-алуға олардың шамасы жетпейді.

– Жер учаскесін беру жүйесіндегі жемқорлық мемлекет тегін беретін 10 сотық жерді үлестіру кезінде де кездеседі. Республика бойынша бір жарым миллион адам жер кезегінде тұр. Бұл кезектің бірыңғай цифрлық платформасы жоқ. Тізім тек әкімдік сайтына ғана жарияланған. Аталған тізімдерде "жоқ адамдар" да бар. Қайтыс болған, елден көшіп кеткен немесе жер учаскесін алған адамдар тізімнен шығарылуы керек, – дейді заң бойынша жеке тұрғын үй салуға арналған жер учаскесі инженерлік дайындықтан өткен аумақтардан берілуі керегін еске салған сарапшы.

Оның есебінше, алдағы 15 жылда 100-200 мың, жиырма жылдан кейін 400 мың адам мемлекеттен жеке тұрғын үй салуға жер алады.

– Бір жарым миллион адамның қажетін өтеуге жететін бюджет қаржысы жоқ. Өкінішке қарай, жер қатынастары саласындағы жемқорлықтың мемлекеттік органдарға тамыр жайғаны соншалық, мұның алдын-алуға олардың шамасы жетпейді,– дейді Бақытжан Базарбек.

Сарапшы жер саласындағы жемқорлыққа қарсы тұру үшін азаматтарға мемлекеттік органдардан барлық кезде жазбаша жауап талап етуге кеңес береді.

– Өйткені шенеуніктер көбіне қызмет өкілетін асыра пайдаланып, ауызша жауап берумен шектеледі немесе азаматтардың құқықтық сауаты төмен екенін пайдаланып, күші жойылған заң нормаларына сілтейді. Турасын айтқанда, алдына келген адамды "қайтарудың" амалын жасайды. Сондықтан барлық сұрақ бойынша, әсіресе жер сатып алардан бұрын заңгерден кеңес алған дұрыс, – дейді Базарбек.

"Транспаренси Қазақстан" қоғамдық қорының зерттеуіне сәйкес, 2019 жылдың қорытындысы бойынша "жер учаскесін алу немесе тіркеу", "емделу немесе маманның қабылдауында болу" және "жұмысқа тұру" жемқорлық жиі кездесетін салалар деп танылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG