Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, саяси белсенділер мен журналистер Орталық сайлау комиссиясының 10 қаңтардағы мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысты жаңа қаулысын сынға алды. Олардың айтуынша, жаңа құжат сайлауды тәуелсіз бақылау мүмкіндігіне үлкен шектеу қояды. "Бұл қаулы күшін жоймаса, Қазақстан тарихындағы ең әділетсіз сайлау болмақ" деп жазды Қазақстанда сайлауды бақылау ұйымына жетекшілік етіп жүрген белсенді Бэлла Орынбетова Facebook парақшасында. Орынбетова қоғамдық ұйымдарды жақын арада комиссияның осы "қисынсыз" қаулысына қатысты талқы өткізуге шақырды.
"Халыққа адал қызмет" партиясын құрмаққа талпынып, сайлауды бақылауға ат салысып жүрген және бір белсенді Тоғжан Қожалиева "Орталық сайлау комиссиясының бүгінгі брифингінен соң таяу болашақта әділ сайлау болмайды деп батыл түрде айта беруге болады" деп жазды.
Журналист Мирас Нұрмұханбетовтың тұжырымы бойынша, Орталық сайлау комиссиясының қаулысы "тәуелсіз бақылаушыларға үлкен соққы береді". Оның жазуынша, "бұдан былай бақылаушының куәлігімен қоса, сені нақты учаскеге жіберген ұйымның жарғысының көшірмесін көрсетесің" және жарғысында бақылаумен айналысу туралы нақты жазылған ұйымдар ғана сайлау учаскесіне бақылаушы жібере алады. "Бұған дейін кез келген коммерциялық емес ұйым, қор, және тағы басқалар осылай істей алатын [бақылаушы жібере алатын], соның арқасында Тоқаев-Қосанов сайлауында (2019 жылғы президент сайлауы – Ред.) олар (бақылаушылар) көп болды" деп жазады Нұрмұханбетов. Оның болжауынша, қаржылық органдардың қандай да бір ескертуі болса, бұл істе "ең тәжірибелі деген" үкіметтік емес ұйымның өкілі де сайлау учаскесінен шығарылып жіберуі мүмкін.
Журналистің айтуынша, осының бәрінен өтіп, бақылаушылар арасынан орын алған күннің өзінде дауыс беру, оларды санау процесі кезінде фото, видео түсіру қиындап кетеді, себебі "[өзін фото, видеоға] тартуға рұқсат бермегендер кадрға ілінбейтіндей етіп түсіру керек болады". Оның үстіне, пост авторының айтуынша, сайлау учаскесінен онлайн-трансляция жүргізу туралы "ұмыта беруге болады", себебі Орталық сайлау комиссиясының қаулысы бұған тыйым салған.
Нұрмұханбетов № 43/371 қаулыға қарсы сотқа шағымдану мүмкіндігін қарастыруға шақырды.
Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы 4 желтоқсанда "2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттін іске асыру мәселелері туралы" қаулысын жариялады. Онда кандидаттар сенім білдірген адамдардың, бақылаушылардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құқықтары мен міндеттері айқындалған. Қаулыда бұл құжат "Кишиневте жасалған 2002 жылғы 7 қазандағы "ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы" Конвенцияның, 1990 жылғы "ЕҚЫК (ЕҚЫҰ) Адами өлшем жөніндегі конференциясының Копенгаген кеңесі құжатына", Демократиялық сайлау жөніндегі кеңестің 31-ші отырысында және Венеция комиссиясының 85-ші пленарлық сессиясында бекітілген "Сайлаудағы байқаушылардың халықаралық танылған мәртебесіне қатысты басшылыққа алынатын қағидаттарға" толық сәйкес келеді" деп жазылған.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев қол қойған қаулыда оның "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заң негізінде әзірленгені көрсетілген.
ПІКІРЛЕР