Америкалық Pfizer және германиялық BioNTech компаниясы бірігіп әзірлеген коронавирус вакцинасын әлемде бірінші болып тіркеген Ұлыбритания 8 желтоқсаннан бастап тұрғындарға вакцина еге бастайды. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен 80 жастан асқан адамдар вакцинациядан өтеді.
Ұлыбритания Pfizer-BioNTech компаниясынан 40 млн доза вакцина алуға келіскен. Бұл 20 млн адамға екі реттен салынады. Вакцинация елдегі 50 шақты ауруханада жүргізіледі деп айтылады.
Вакцина дозалары иммунизация бағдарламасы басталмай тұрып екі күн бұрын Ұлыбританияға жеткізілген. Шамамен 800 мың доза өте суық контейнерлерге жіберілген. Бұған дейін Pfizer вакцинасын -70 градус температурада сақтау қажеттігі айтылған еді.
Қараша айында компания вакцинаның вирустан 95 пайыз қорғай алатынын көрсетті деп мәлімдеген.
Ұлыбритания - Еуропада вирустан қатты зардап шеккен елдердің бірі. Мұнда 61 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болған. Әлем үкіметтері мен денсаулық сақтау агенттіктері Ұлыбританияның вакцинация бағдарламасын мұқият бақылап отыр.
Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде бірінші орында тұрған АҚШ осы айдың соңына таман вакцинация бастауды жоспарлап отыр.
ПІКІРЛЕР