Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы Талант Мамытов Жогорку Кеңештің спикері ретінде Мәскеуге сапарлап, Ресей Мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володинмен кездесті. Бұл қазан айындағы оқиғалардан кейін билікке келген басшылықтың – алғашқы мемлекеттік сапары.
Кездесу кезінде Талант Мамытов екі ел арасындағы тұрақты және чартерлік рейстердің сұранысты қанағаттандыра алмай отырғанын атап өтті.
"Екі ел арасындағы тұрақты рейстер санын арттыру не жолаушы тасымалына арналған чартерлік рейстерге қойылған шектеулерді алып тастау қажеті туып отыр. Қырғызстан Республикасының әуе компаниялары Қырғызстан мен Ресей Федерациясы арасындағы рейстерді коммерциялық жүксіз атқаруға мәжбүр, ал бұл әуе билеттерінің бағасына теріс әсер етіп отыр" деді Мамытов.
Жогорку Кеңеш баспасөз мәслихаты тараптардың парламентаралық қарым-қатынасты, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы әріптестікті талқылады деді.
Бірақ ел назарын аударғаны – Вячеслав Володиннің осы кездесудегі сөзі.
"Еуропаға қызығатындар көп, бірақ ол жақта ТМД-ға кіретін елдердің азаматтарын құшақ жая қарсы алайын деп тұрған ешкім жоқ. Болашаққа көз тастайтындар сол болашақтың интеграцияда екенін түсінуі керек. Интеграция болғанда қандай елді таңдаған да маңызды. Ондайда түрлі факторды ескеру керек. Ешкімді ренжіткім келмейді. Кей елдерде батысша ойлайтын саясаткерлер интеграция туралы сөз болғанда бірден Батыс елдеріне, АҚШ-қа қарайды. Бірақ жағдайы қалай қиындайды, солай Ресейге жүгінеді" деді Володин.
Қырғызстанда Володиннің сөзін ескерту ретінде қабылдады. Дипломат Асқар Бешимовтың пікірінше, 2014 жылдан кейін Ресейдің Қырғызстанға ықпалы күшейген. Дипломат сыртқы саясат көпвекторлы саналатын Қырғызстан іс-жүзінде Ресейге жармасып отыр дейді.
"Ресей бізге Украина, Молдова не Грузия секілді болмай, өзге елдердің соңынан кетпеу жөнінде ескерту жасады. Біз болсақ, кепілдік беріп, Ресейдің стратегиялық әріптес екенін, орыс тілі мәртебесін өзгертпейтінімізді ашық айттық. Нәтижесінде еліміз қаржылай көмек алуы тиіс. Қазір жаңа билік нық тұру үшін барлық ресурсты пайдаланып, Мәскеуге түрлі уәде беріп жатыр" дейді Бешимов.
Мәскеуге Мамытовпен бірге Жогорку Кеңеш депутаттары Бақтыбек Турусбеков, Алтынбек Сулайманов, Айсулуу Мамашова, Салайдин Айдаров, Гюльшат Асылбаева және Омурбек Бакиров барды. Олардың бір бөлігі Володиннің сөзі туралы пікір білдіруден бас тартты. Бакиров қолы бос емесін, Турусбеков Қырғызстанға оралғаннан кейін ғана пікір білдіретінін айтты.
Сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары Талант Кушчубеков те Володиннің сөзінде ескерту барын айтады. Оның сөзінше, дәл қазір Ресейдің қолдауынан бас тарту қиын.
"Ресей – біздің бас әріптесіміз, елдегі қазіргі жағдай сондай, саясат сондай. Экономикамыз осы елге байланған. Оның үстіне Ресей географиялық тұрғыдан бізге жақын. Ол жақта біздің мыңдаған мигранттарымыз жұмыс істейді. Әрине бұл сөздер намысқа тиеді, бірақ қарым-қатынастың бұлай өрбуінің де өз себебі бар екенін түсінген жөн. Қазіргі билік уақытша, сайлауда кімнің жеңіске жетері белгісіз" дейді Кушчубеков.
Талант Мамытов Вячеслав Володинмен кездескен күні Қырғызстан сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Бішкектегі елшісі Дональд Лудың ұйымдасқан қылмысты тергеуге көмек қолын созу туралы мәлімдемесі жөнінде пікір білдірді.
СІМ Twitter-аккаунтында "АҚШ елшілігіне АҚШ елшісі Дональд Лудың видео үндеуінде ішкі істерге араласу және тергеуге қысым көрсету элементтерінің бары көрсетілді" деп жазды.
Қазан айындағы оқиғалардан кейін билік мемлекеттік кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовты қамауға алған. Бірақ оны келесі күні-ақ үйқамаққа ауыстырған. Ресми мәлімдеме бойынша, Матраимов мемлекет қазынасына 2 миллиард сомды қайтаруға уәде еткен. АҚШ елшісі биліктің бастамаларына қолдау білдірді, бірақ бұл амалдардың аздығын айтты.
Саясаттанушы Эмиль Джураев Қырғызстан көпвекторлы саясатты ұстануы керек дейді.
"Қырғызстандағы кейінгі оқиғалар сыртқы саясаттың қауқарсыздығын көрсетті. Жиі көмек сұрау арқылы біз егемендігіміз бен ел намысына күмән келтіреміз. Бұл жағдайды кей мемлекеттер өз пайдасына қолданып отырғанға ұқсайды. Сол себепті жоғары деңгейде бұл дауда бір тараптың жағында болып қалудан қашу керек".
Мамытов 5 қазандағы оқиғалардан кейін орнаған биліктің Мәскеуге барған алғашқы өкілі емес. Осыған дейін Ресей астанасына премьер-министр міндетін атқарушы Артем Новиков пен сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев барған.
Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің тілшісі Айбек Бийбосуновтың мақаласынан ықшамдалып аударылды.
ПІКІРЛЕР