Accessibility links

"Шығу төркіні белгісіз байлыққа" ордер салу ісі: Әзербайжан банкирінің әйелі Ұлыбритания сотында жеңілді


Замира Гаджиеваның үйі делінген Лондондағы зәулім үй.
Замира Гаджиеваның үйі делінген Лондондағы зәулім үй.

21 желтоқсанда Ұлыбритания жоғарғы соты Әзербайжан банкінің бұрынғы төрағасы Джахангир Гаджиевтің әйелі Замира Гаджиеваның апелляциялық өтінішін қанағаттандырмады. Лондондағы Harrods дүкенінде 10 жыл ішінде 16 миллион фунттан астам ақша жұмсады (21,3 млн доллар) делінген Гаджиева өзін ақшаның қайдан келгені жөнінде есеп беруге міндеттеген Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігінің (NCA) ордерінің күшін жойғысы келген. Гаджиева бұған дейін де сотқа бірнеше рет шағымданғанмен өтініші қанағаттандырылмаған болатын.

Гаджиева - Ұлыбританияда "шығу төркіні белгісіз байлыққа" байланысты ордер салынған алғашқы адам. Ол осыған дейін ақшаның заңды жолмен келгенін айтқан.

Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі "шығу төркіні белгісіз байлыққа" ордер салуға мүмкіндік беретін заңға сүйеніп, Қазақстан президентінің бірінші қызы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиевтің Лондондағы қымбат үш жылжымайтын мүлкіне де ордер салған еді. Бірақ ізінше Назарбаева мен Әлиев сотқа шағымданып, жалпы құны шамамен 100 млн доллар тұратын зәулім үйлері мен пәтерін сақтап қалған.

Гаджиева ақшаны қайдан алғанын түсіндіре алмаса, Лондонның орталық ауданындағы зәулім үйі мен Беркширдегі гольф-алаңынан айырылуы мүмкін. 2018 жылы ақпан айында сот процесі басталған кезде бұл жылжымайтын мүліктердің құны 22 миллион фунт (29,2 млн доллар) болған.

Гаджиеваның күйеуі, мемлекет бақылауындағы Әзербайжан халықаралық банкінің бұрынғы төрағасы Джахангир Гаджиев өз елінде алаяқтық және ақша жымқыру баптары бойынша айыпталып, ұзақ жылға сотталған. (2017 жылдың мамыр айында Қазақстанның біріңғай зейнетақы жүйесі қорынан 71,3 миллиард теңге салынған Әзербайжан халықаралық банкінің дефолт болғаны хабарланған. Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Данияр Ақышев "банкке ақша салу туралы шешімді БЖЗҚ-ның бұрынғы басшылары қабылдады" деп мәлімдеген).

2018 жылы Гаджиева ісі бойынша өткен сот отырыстарында оның Әзербайжан халықаралық банкі шығарған 35 картаны пайдаланғаны анықталған еді. 2006-2016 жылдары аралығында Гаджиеваның бір ғана Harrods дүкенінде 16 млн фунтқа сауда жасағаны хабарланған.

Сот ерлі-зайыпты Гаджиевтер Лондон орталығындағы зәулім үй, Беркширдегі гольф-алаңы мен өзге де меншіктердің иесі деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG