Орал қаласында азаматтық белсенді Аслан Жамалиевке "анонимдік үгiттеу материалдарын дайындау немесе тарату" бабы бойынша 73 мың теңге (170 доллар) айыппұл салды.
Әкімшілік істің материалдарына қарағанда, 6 қаңтар күні Орал қаласының прокуратурасы "Уральская неделя" газетінің беттерінде Жамалиевтың мәжіліс сайлауына қатысты үгіттеу үнпарақтарын таратып жүргені бейнеленген видео жарияланғанын анықтаған.
Сот қаулысында Жамалиев жабыстырып жүрген үнпарақтарда заңда көрсетілген ақпарт болмағаны жазылған. Осы себепті судья Мағауия Құрмашев белсендінің әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 113-бабына ("Анонимдік үгiттеу материалдарын дайындау немесе тарату") жатады деп қаулы еткен. Судья белсендіні "кінәлі" деп тауып, оны мемлекетке 72 925 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеді.
Белсендінің өзі кінәсін мойындамайды. Ол өзінің әрекетінде заңға қайшы ешнәрсе жоғын, ал билік әрекетін қысым көрсету деп қабылдайтынын айтады.
Мұның алдында дәл осы баппен азаматтық белсенді Орынбай Оқасовқа екі рет айыппұл салған. Оны сотқа бір баппен екі рет тартқан. Белсенді жалпы есебі 140 мың теңге (330 доллар) айыппұл төлеуі тиіс.
Айыппұл салынған белсенділердің екеуі де 10 қаңтардағы мәжіліс және мәслихат сайлауында бақылаушы болатынын мәлімдеген. Белсенділер сот шешімдерін өздерінің азаматтық ұстанымдарымен байланыстырады.
ПІКІРЛЕР