10 қаңтар таңертеңнен бері Қазақстанның түрлі аймағында бақылаушылар сайлау учаскесіне кіре алмай жатқанына шағымданып жатыр.
Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Тәңірберген Жайлыбаев ауылындағы №405 сайлау учаскесіне "Мұқалмас" қоғамдық бірлестігі атынан бақылаушы болып барған Мұқтархан Дүйсенбекұлы өзін сайлау учаскесіне кіргізбегенін айтты.
- "Мұқалмасты" бақылаушылар ұйымдарының қатарынан алып тастаған" деп кіргізбеді. Мектеп директорына да, әкімге де бардым. Ауданға да хабарласып, жеткіздім. Бірақ нәтиже болмады. Мектеп маңайында жүрмін осылай, - деді Дүйсенбекұлы 10 қаңтар таңертеңгі сағат 7 жарым шамасында Азаттық тілшісіне.
Оның сөзіне қарағанда, қолында бақылаушыларға қажет барлық құжаттар болған. "Мұқалмас" қоғамдық бірлестігінің өкілі Кәмила Қиясова Төле би ауданы, Қазығұрт ауданы, Арыс қаласында 5-6 бақылаушының учаскеге кіре алмағанын хабарлады. Айтуынша, жергілікті әділет департаментінде тіркеліп үлгермеген қоғамдық ұйымның бақылаушылары республикалық құжатпен барған.
- Біздің құжаттарымыздан қате тауып, жергілікті әділет департаменті тіркемей қойған еді. Сол себепті республикалық құжатпен келгенбіз ғой. Соған қарамастан соны түсінбей бұлар кіргізбей отыр. БСН (бизнес сәйкестендіру нөмірі) арқылы тексерсе шығады ғой. Өзім Төле би ауданындағы Майлыбұлақ ауылындағы №780 сайлау учаскесіне барып, кіре алмадым, - деді ол.
"Мұқалмас" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ақайдар Ысымұлының айтуынша, әділет департаментінде 2020 жылы қыркүйек айында ресми түрде тіркелген, жарғысында сайлауды бақылау мақсаты бар деп көрсетілген ұйым сайлау қарсаңында барлық бақылаушыларын қажетті құжаттармен қамтамасыз еткен. Ол сайлау қарсаңында ұйымның кедергілерге жиі тап болғанын тілге тиек етті.
- Бақылаушыларда барлығы 6 құжат болуы тиіс: бақылаушы куәлігі, ұйымның заңды тұлға ретінде тіркелгенін растайтын анықтама, сайлауды бақылауға құқымыз бар екенін растайтын жарғыдан үзінді көшірме, біздің тарқамай жұмыс істеп тұрғанымызды растаған анықтама, осы қоғамдық бірлестіктің құжаттарына қол қоюға құқығым бар екенін растайтын, менің оған төраға екенімді дәлелдейтін бұйрық және ПТР-тест. Біз сайлау алдында бақылаушыларымызды бұл құжаттардың барлығымен қамтамасыз еттік. Көкшетау, тағы бірқатар қалаларда кейбір бақылаушыларымыз ПТР-тест қорытындысын ала алмай қиналды. Бірақ жалпы құжат бойынша басқа мәселе болмауы тиіс еді. Бізге кедергі көп, - дейді Ақайдар Ысымұлы.
Шымкентте де ұйымның кемінде үш бақылаушысы сайлау учаскесіне кіргізілмеген. Қоғамдық ұйымның Шымкенттегі бөлімшесінің жетекшісі Айжан Жолдасова Азаттық тілшісіне бақылаушыларды кіргізбеу себебін анықтап жатқанын айтты.
Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді. Хабарласқан кезде баспасөз қызметінің өкілдері телефондарын көтермеді.
Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтіп жатыр. Сайлау індет кезінде өтіп жатқандықтан сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар мен партиялардың сенімді өкілдері ПТР-тестін тапсыруы тиіс.
Осыған дейін кейбір тәуелсіз бақылаушылар ПТР-тест тапсырудың қиындығына шағымданған. ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бақылау мүмкіндігінен айырылғандар да бар. Кейбір сарапшылар мен құқық қорғаушылар билік індетті белсенділер мен бақылаушыларға қысым жасау мақсатында пайдаланып кете ме деп қауіптенген.
ПІКІРЛЕР