13 қаңтарда Түркістан облысы Түлкібас ауданы Сартөбе ауылының тұрғыны Үрбігүл Сәдуова шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедовтің қамалуына наразылық ретінде басын тақырлады. Азаттық тілшісі көрген видеода Сәдуова сайлау алдында "экстремистік ұйым ісіне араласты" деген күдікпен ұсталып, үйі тінтілген шымкенттік белсенді Нұржан Мұхамедовті босатуды талап етеді.
"Нұржан Мұхаммедовтің ешқандай жазығы жоқ. Оған 405-бапты да ілудің қажеті жоқ. Мен тез арада оны босатуды талап етемін. Мен наразылығымды осылай білдіремін" дейді де басын тақырлайды. Одан соң "бұдан басқа амалым қалған жоқ" дейді.
6 қаңтарда полиция шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедовтің үйін тінтіп, өзін алып кеткен. Сол күні жақтастары оның бостандығын талап етіп, полиция басқармасына жиналған. Прокуратура өкілдері оларға Мұхаммедовтің 405-бап бойынша күдікке ілінгенін айтқан.
"Сәуле" мөлтекауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесіне қамалған Мұхаммедов екі күннен соң өзіне тағылған айыппен келіспей, аштық жариялаған.
Кейінгі кезде шаш алу немесе басты тақырлау - қазақстандық белсенділер арасында билік қысымына қарсылық түрі ретінде танымал болып барады. Былтыр қазан айының соңында бір топ белсенді "Қазақстан атты түрмеде тұратынын" айтып, белсенділерді қудалауға қарсылық ретінде бастарын тақырлаған.
Видео: "Қазақстан деген түрмеде тұрамыз". Белсенді әйелдер билікке қарсылық ретінде басын тақырлады (30 қазан 2020 жыл).
Нұржан Мұхаммедов әйелі және кәмелет жасына толмаған бес баласымен бірге Шымкенттің Қаратау ауданындағы Қайнарбұлақ саяжайында пәтер жалдап тұрады. Ол бұған дейін "саяси тұтқындарға бостандық талап еткен" жиындарға қатысып, Қытай экспанциясына, жердің сатылуына қарсы шыққан. Сол үшін ол бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот Мұхаммедовті "заңсыз митингіге қатысқаны үшін" бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған. Қараша айында оған "полицияға тіл тигізді" деген айып тағылып, 220 мың теңгеден астам (80 айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салған.
2019 жылы қараша айында белгісіз біреулер белсендінің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткен. Нұржан Мұхаммедов бұл туралы полицияға арыз жазғанымен, қылмысты кім жасағаны әлі күнге анықталған жоқ.
ПІКІРЛЕР