"БИ ЖАСТАРДАН САЙЛАНСЫН"
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бадам ауылдық округінде алты ауыл бар. Орталықтан шалғайдағы бұл ауылдарда асфальт жол салу, ауыз су тарту, көшені жарықтандыру сияқты мың-сан проблема жеткілікті. Оны округ орталығы Бадамда тұратын әкім бірде біліп, бірде білмеуі мүмкін, бірақ проблемадан хабардар болуға тиіс билер бар.
Би деген кім?
Би — ру-тайпаның басшысы ретінде әкімшілік қызметті қоса атқарып, өз қауымының тұрмыс-тіршілігін қадағалап, тәртіп-талабына жауапты болды. Ел бірлігіне, ұлт тұтастығына нұқсан келтірер ағайын араздығын басып, руаралық дау-жанжалдарды шешті.
("Қазақстан" Ұлттық энцклопедиясынан)
Осыдан 3 жыл бұрын небәрі 60-қа жуық үйі бар Қарабастау тұрғындары ауылдың шағын стадионына жиналып, бұрынғы биді орнынан алып, ауыл мекебінде информатика пәнінен сабақ беретін 27 жастағы Руслан Құдияровты би сайлаған.
– Ауылда заңсыз әрекет көп болды. Соған шыдай алмай, әлеуметтік желіге де шығаратын болдым. Содан ауыл "сені би сайлайық" деді. Іштей басқа адамды ұйғарып жүр едім. Ойламаған жерден халық маған жүк артты. "Ауылды көркейту, халықтың мәселесін шешу мойныңда" деді. Негізінен жастар қолдады. Ақсақалдар да би жастардан сайлансын деді. Бұрынғы би де қарсы болған жоқ, халық қалап тұрған соң батасын берді, – дейді ол.
Русланның айтуынша, сайлау аяқталған соң жиынға қатысқандар мен дауыс бергендердің, қарсы болғандардың қорытындысы көрсетілген хаттама жиын төрағасы мен хатшысының қолы қойылып, ауыл әкімдігіне табысталған.
Руслан би болудың қиын екенін айтады. Басшылыққа жұғымды жергілікті байлардың әрекетіне қарсы шыққанда-ақ алғашқы кедергіге кезігіп, "әлі жассың, бес жылдай күте тұр, бес жылдан соң би болуға мүмкіндік береміз" деген пікірлер айтыла бастаған.
– Сырттан адам араластырды. Бірақ ауыл халқының көбі мені қолдады, оларға көнбеді, сол үшін жаға ұстасып та қалды. Дау бір жылға дейін жалғасты. Өзім де шыңдалдым. Сөйтіп жүріп біраз заңсыздықты түзеттік, – дейді Руслан.
Ауылдағы би сайлауына әкімдік араласпаған. Халық "әкімдік араласса өздері бүйрегі бұратын, айтқанынан шықпайтын адамды сайлатуға тырысады" деп есептейді.
– Әкім бимен санасады. Бірақ ол үшін мінез керек, жұмыс істей алатыныңды көрсетуің керек. "Ауыл биісің, мектеп мұғалімісің, ауыл әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесісің, үш жұмыс ауыр емес пе?" деп қыспаққа алмақ болған сәттер де кездесті, одан да өттім, – дейді Руслан Құдияров.
Ордабасы ауданы Бадам ауылдық округіне қарасты Бадам ауылының биі Ғалымжан Шеңгелов те осыған ұқсас пікір айтты.
– Халық жиналып, "осы ауылдың мұң-мұқтажын ауыл, аудан әкіміне жеткізесің" деп мені 7 жыл бұрын би сайлады. Тұрғындардың "жақсы істесе қолдайық, жаман істесе әр 4-5 жылда ауыстырайық" деген пәтуасы бар. Жыл сайын халыққа есеп беремін. Көшелеріміз 1960 жылдардан бері асфальттанбаған, электр бағаналары тозған. Ауыл, аудан әкімдігіне қайта-қайта барып, осы мәселені шештім. 7 жыл айтып, ақыры жаңа мектеп салғызып жатырмыз. Мен би боп тұрғанда аудан әкімінің төртеуі ауысты, – дейді Ғалымжан Шеңгелов.
Оның сөзінше, би қызметі әкімдерге де ыңғайлы.
– Әкімдермен жақсы қатынастамыз. Бірақ би сайлауына ауыл, аудан әкімі ықпал ете алмайды. Бұл – халықтың таңдауы, қалауы. Әкімшілік міндетті түрде санасады, – дейді Ғалымжан Шеңгелов.
Оның айтуынша, ауыл биі тұрғындардың жалпы жиынында ашық дауыс беру жолымен сайланады.
"ДЕПУТАТ БОЛУҒА АҚША ЖОҚ"
Руслан Құдияров та, Ғалымжан Шеңгелов те ешқандай саяси партияға мүше емес. Қоғамдық жұмыстары аудан мәслихаты депутатының жұмысына ұқсағанымен, депутаттыққа түсуге талпынбаған. Біріншіден, депутаттыққа түсу үшін бір партияға өту керек, екіншіден үгіт-насихат жүргізуге қаржылары жоқ.
– Сайлау науқанын бақылап отырамыз. Халықтың белсенділігі нашар. Өйткені таңдайтын партия жоқ, бәрі ұқсас. Халық депутаттан үміт күтпеген соң мәселені би арқылы шешкісі келеді. Халық үмітсіз, енжар болып бара жатқан сияқты. Мысалы, "Қазақстан теміржолы" компаниясы "күніне екі-ақ мәшине өтеді" деп, Қарабастаудағы темір жолға қойған шлагбаумды алып тастағысы келді. Ауыл қарсы. Өйткені ауыл оқушыларын көрші ауылға күнде автобуспен барады. Балабақша да көрші ауылда, басқа да көлік көп. Ауыл адамдарын шлагбаум жанында акция өткізуге шақырдым. Көбі плакат ұстауға да жасқанады, – дейді ол.
Таңдайтын партия жоқ, бәрі ұқсас. Халық депутаттан үміт күтпеген соң мәселені би арқылы шешкісі келеді.
– Әлеуметтік желіде белсенді болғаннан кейін маған көп адам шағым айтып келеді. Оның бәрін шешуге мүмкіндік жоқ. Депутат болған жақсы, бірақ халық өзі сайлаған бидің сөзі өтімдірек, – дейді ол.
Ғалымжан Шеңгелов те партияға өтпеген. "Халық депуттаттарды би сайлағандай сайлауы керек. Партияға емес, әрбір кандидаттың өзіне дауыс беру керек" дейді ол. Оның сөзінше, халықтың басым көпшілігі сайлаудан көп үміттенбейді.
– Облыс депутаттарын көрген емеспіз. Бадамнан аудан мәслихатына сайлаған екі депутатымыз бар. Олар бізбен қуана жұмыс істейді, – дейді Шеңгелов.
ӘКІМДІК "БИ САЙЛАУЫНА АРАЛАСПАЙДЫ"
Біз сөйлескен Бадам ауылы округі тұрғындарының сөзінше, ресми құзыреті болмағанымен, ауыл мәселесін атқарушы органдарға жеткізуге бидің қызметі ыңғайлы.
– Би халыққа керек. Ауылдың жол, су, газ, мектеп, медпункт сияқты шешілмей жатқан проблемалары бар. Соны аудан деңгейінде көтереді. Ауыл өзі сайлаған биді қолдап отырады. Депутаттар әрбір ауылға жетпейді. Ауылға округ әкімі есеп бергенде де билер келеді. Сондықтан би болғаны дұрыс, – дейді Қарабастау тұрғыны Тұрсынбек Әли.
Халық сайлаған адам батыл сөйлейді, оның әкімге сөзі көбірек өтеді. Билер депутаттың шаруасын істейді, депутаттар әкімге тәуелді.
Бадам ауылы округіндегі Ақбұлақ ауылында 10 жылға жуық би болған Асылбек Табылды ауылда биден өзге сайланбалы қызмет қалмағанын айтады.
– Халық сайлаған адам батыл сөйлейді, оның әкімге сөзі көбірек өтеді. Билер депутаттың шаруасын істейді, депутаттар әкімге тәуелді, өйткені көбінің кәсібі бар, кедергі жасай ма деп сескенеді, – дейді ол.
Асылбек Табылдының сөзінше, би тегін жұмыс істейді. Биді әкімдер "ауыл әкімі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі" деп қарастырады.
Бадам ауылы округінде 16 мың адам тұратын 6 ауыл бар. Әкімі Бақытжан Оразалиевтің айтуынша, округ әкімдігі жанынан құрылған қоғамдық кеңестегі 12 адамның алтауы – ауыл биі.
– Би сайлауына араласпаймыз. Сайлаудан соң хаттама жасап әкімдікке өткізеді. Халық өзі сайлаған соң бидің сөзімен санасып отырады. Бұл бізге де ыңғайлы. Карантин шараларын халыққа түсіндіруде де билердің еңбегі көп. Қоғамдық кеңесте билермен ақылдасып, халыққа ең қажет мәселені анықтаймыз, – дейді әкім.
Ордабасы ауданы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Әділ Ысқақтың сөзінше, би сайлауының нәтижесі ресми түрде тіркелмейді. Өйткені би – қоғамдық қызмет.
Халық өзі сайлаған соң бидің сөзімен санасып отырады.
– Әкімдерге де ауыл өмірімен тікелей шұғылданып, түрлі іс-шаларды ұйымдастыратын адам болғаны жақсы. Бірақ олар қоғамда зор рөл атқарады екен деуге болмайды. Баяғы би мен болыстың заманы өтіп кетті, онымен шатастырмау керек, – дейді Ордабасы ауданы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.
Ордабасы ауданы әкімдігі берген мәліметке қарағанда, осы аудандағы 57 ауылдың 70 пайызында би бар. Ал халық сайлаған билер Түркістан облысының өзге аудандарында да жиі кездеседі. Олар жергілікті әкімдіктер жанынан құрылған қоғамдық кеңес құрамына енгізілген.
"ЖЕРГІЛІКТІ БЕЛСЕНДІЛЕР БЮДЖЕТ АҚШАСЫН БАҚЫЛАУЫ КЕРЕК"
Қазақ халқының дәстүріндегі билер институтын зерттеген тарихшы Алтайы Оразбаева оңтүстіктегі "билерді" бұрынғы билермен салыстыруға болмайды, олардың миссиясы бөлек деп санайды. "Бәлкім оны бұрынғы билер институтының әлдебір имитациясы ретінде қарастыруға болатын шығар" дейді тарихшы.
Халық өзі тікелей сайлайтын қызмет қалмаған соң ғасырлар бойы келе жатқан жергілікті өзін өзі басқару түрін таңдаған болар.
– Қазақтың дәстүрлі билер институтының биі ханмен де, халықпен де еркін сөйлесе алатын, ханға халықтың мұң-мұқтажын жеткізе алатын адам болды. Жер мен жесір дауы, құн дауы секілді әлеуметтік, саяси, экономикалық даудың бәрі осы билер арқылы шешілген. Әрине, би сайлау қазіргі форматтағыдай болған жоқ, бірақ халық беделі жоғары, сөзі өтімді, сенімді адамдарды би деп санаған. Бұл институт патша үкіметінің реформаларына байланысты өзгеріске ұшырап, біртіндеп тоқтап қалды, – дейді.
Қазақстанда жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіру керек деп есептейтін саясаттанушы Дос Көшімнің сөзінше, Ордабасы ауданындағы билер – жергілікті өзін өзі басқарудың халықтық формасы.
– Халық өзі тікелей сайлайтын қызмет қалмаған соң ғасырлар бойы келе жатқан жергілікті өзін өзі басқару түрін таңдаған болар. Меніңше, билердің қоғамдық жұмысына әкімдер де кетәрі емес. Жұмысын біреу істеп беріп жатса неге қарсы болады? Себебі, олар ұсыныс айтып, бастама көтергенімен әкімдік бюджеттен бөлетін ақшаны қадағаламайтын болса керек. Жолға, суға, басқа әлеуметтік нысандарға бөлінген ақшаны билер немесе жергілікті белсенділер тікелей бақыламайды. Егер олар "мына жобаны бақылаймыз" десе онда "жау" боп шығуы мүмкін, – дейді ол.
Дос Көшімнің сөзінше, жергілікті белсенділер бюджеттен бөлінген ақшаны тиынына дейін бақылайтын деңгейге көтеріле алады.
– Кез келген азаматтық қоғам жұмысының бірі – мониторинг. Мониторинг жасаса мектеп салуға, су жүргізуге бөлінген ақшаны көріп отырар еді. Би бола ма, басқаша атала ма, әйтеуір он адамнан құралатын бастамашыл топ құрып, бақылаймыз десе заңда оған қарсылық жоқ, – дейді Дос Көшім.
ПІКІРЛЕР