Accessibility links

Мәскеуге ұшып келген Навальныйды кеденнен өтер кезде ұстап әкетті


Алексей Навальный Мәскеудегі Шереметьево әуежайында журналистер сұрағына жауап беріп жатыр. 17 қаңтар 2021 жыл.
Алексей Навальный Мәскеудегі Шереметьево әуежайында журналистер сұрағына жауап беріп жатыр. 17 қаңтар 2021 жыл.

17 қаңтар күні кешке Германиядан Мәскеуге ұшып келген Кремль сыншысы Алексей Навальныйды кеден қызметінен өту сәтінде ұстап әкетті.

"Настоящее время" телеарнасының мәліметінше, Жазаны орындау жөніндегі федералдық қызметі Навальныйдың ұсталғанын растаған.

Германияға ес-түссіз жеткізілген Навальный содан бері сол елде болып, 13 қаңтар күні "Победа" әуе компаниясының рейсімен оралатынын мәлімдеген.

Өткен айда Жазаны орындау жөніндегі федералдық қызметі Навальныйдан дереу оралуды талап етті, болмаса қамауға алынатынын мәлімдеді.

Ресейдің оппозициялық саясаткері 20 тамыз күні Томскіден Мәскеуге бағыт алған ұшақта хәлі нашарлап, есінен танған. Ұшақ экипажы шұғыл түрде жол бойындағы Омбының әуежайына қонып, саясаткерді сол жерден жедел жәрдем қызметі жергілікті ауруханаға алып кетті.

Екі күннен кейін арнайы санавиация комада жатқан Навальныйды Германияда алып кетті. Ресейлік саясаткерді "Шарите" клиникасында емдеді.

2 қыркүйек күні Германия билігі Навальныйдың "Новичок" уымен уланғанын мәлімдеді. Ал 7 қыркүйек күні Кремль сыншысы комадан шығып, өзіне келе бастады. Есін толық жиған кезде Навальный өзін қасақан улағанын, оның артында тек Путин ғана тұруы мүмкін екенін мәлімдеген.

Өткен жылғы желтоқсанның ортасында Bellingcat зерттеу тобы мен бірқатар баспасөз құралы бірлесе жүргізген журналистік зерттеуін жариялап, Навальныйды улаудың артында ФСБ қызметкерлері тұр деп мәлімдеді.

17 желтоқсан күні Ресей президенті баспасөз мәслихатында Навальныйдың улануы туралы сұраққа "Өлтіргіміз келсе, өлтірер едік. Ол кімге керек еді өзі" деп мысқылмен жауап берген.

Бір аптадан кейін, 21 желтоқсан күні Алексей Навальныйдың улау операциясына қатысы бар ФСБ агенті деген адаммен телефон әңгімесі жарияланды. Онда ФСБ агенті удың ізін жасыруға әрекеттенгенін мойындаған.

Берлиннен Мәскеуге ұшқан ұшақта Навальныймен бірге оның әйелі Юлия, баспасөз хатшысы Кира Ярмыш және адвокаты Ольга Михайлова және көптеген журналист болды. Олар ұшақ әуеге көтерілгенше хабар таратып, одан әуежайға қонған сәтте эфирге қайта шықты.

Ұшақ "Внуково" әуежайына қонуы керек болған. Әуежайға саясаткердің көптеген жақтасы жиналды, полиция әуежайды айналасын "автозакпен" толтырып, Навальный жақтастарын біртіндеп ұстап жатты.

Қону уақыты таяғанда әуедегі ұшақтардың ұшу бағытын тіркеп отыр Flightradar24.com қызметі әуежайдың бағытын өзгерткенін көрсетті. "Победа" әуе компаниясының ұшағы ақыры "Шереметьево" әуежайына қонды.

Навальныйды кеден қызметінен өтер кезде ұстап әкетті. Оған дейін ол журналистердің сұрағына жауап беріп үлгерген.

"Ең әуелі жолаушылардан кешірім сұрағым келеді" деп бастады Навальный. "Оралу-оралмау туралы сұрақ болған емес. Мен бақыттымын. Бұл – ең керемет күн. Бұл – менің үйім, мен қорықпаймын" деді Навальный журналистерге.

12 қаңтар күні Жазаны орындау жөніндегі федералдық қызмет Мәскеу қаласы Симоновск ауданының сотына жүгініп, Алексей Навальныйдың шартты жазасын қамауға ауыстыруды сұрағаны белгілі болды. Өтініш содан бір күн берілген. Навальныйға шартты жаза үкімі "Ив Роше ісі" бойынша кесілген және оның мерзімі 30 желтоқсанда аяқталған. Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты істің саяси астары бар деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG