Accessibility links

Transparency Қазақстан билігін тәуелсіз ұйымдарды қудалауды доғаруға шақырды


Құлпы салынған есік. Көрнекі сурет.
Құлпы салынған есік. Көрнекі сурет.

Халықаралық Transparency International ұйымы Қазақстан үкіметін адам құқығы, сайлау әділдігі және қоғамдық бақылау мәселелерімен айналысатын тәуелсіз ұйымдарды қудаламауға шақырды. 1 ақпанда жариялаған мәлімдемесінде ұйым маңызды міндет атқарып отырған азаматтық қоғам өкілдері жұмысын тоқтатса, Қазақстанның жемқорлықпен күрес саласындағы жетістіктері "құмға сіңген судай" жоғалып, мемлекет кері кетуі мүмкін деп ескерткен.

"Қазақстан билігі тәуелсіз азаматтық қоғамға қысым жасап, оларды жаба берсе, жетік басқару саласында алған мақсаттарына жете алмайды" деді ұйымның төрайымы Делиа Феррейра Рубио.

Бұған дейін Қазақстанның салық органдары адам құқығын қорғайтын тәуелсіз бірнеше ұйымның жұмысын үш айға тоқтатып, бірнешеуіне айыппұл салған. Қазір тағы бірнеше ұйымның ісі қаралып жатыр. Салық органдары олардың "қаржы бойынша есеп беру құжаттарынан қателік кеткенін" айтып, "көрінеу жалған ақпарат таратты" (Әкімшілік кодекстің 460-1 бап 2-бөлігі) деп айыптаған. Ал тәуелсіз ұйымдар тағылған айыппен келіспей, істердің саясиланғанын айтып отыр. Өткен аптада үкіметтік емес ұйымның бірнеше өкілі "кез келген бұлыңғыр техникалық қателікке бола ірі көлемде айыппұл салып, ұйымның жұмысын тоқтатуға мүмкіндік беретін Әкімшілік кодекстің шикілігін" сынаған еді.

"Қудалау тыйылуы тиіс. Қазақстан үкіметі бірнеше жылдан бері Ашық үкімет стандартын қабылдауға ниет танытып келеді... Алайда іс жүзінде құқық қорғау органдары адам құқығын қорғайтын ұйымдардың заңды әрекетін шектеп, қоғам ресурстарын қорғау және демократияны жетілдірумен айналысатын азаматтық қоғамға қауіп төндіріп келеді. Біз Қазақстан үкіметін ішкі және халықаралық міндеттемелерін орындап, азаматтық қоғамға салық органдары арқылы шабуыл жасауын дереу тоқтатуға шақырамыз" деді Transparency International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі аймақтық кеңесшісі Алтынай Мырзабекова.

Дүйсенбі, 1 ақпанда Алматының Бостандық аудандық салық басқармасы MediaNet ұйымының "ісін" қарады. Салық органдары олардың құжаттарынан да "9 заңсыздық" анықтаған. Онлайн өткен тыңдауда салық органына MediaNet заңгері Марина Әбжанова "мемлекеттік орган "заң бұзған" ұйым немесе жеке тұлғаға қандай жолмен хабарлама беруі тиіс?" деген сұрақ қойды. Ал салық органының өкілдері "жоғары органнан келген бұйрық бар, соның негізінде заңсыздықтар тізімі жіберілді" деп жауап берді. Тәуелсіз ұйым өкілдері тыңдаудан кейін "салық органдары жоғарыдан түскен бұйрық негізінде тексеруді бастағанын ашық мойындады" деп бағалады.

MediaNet журналистерді қолдау орталығына байланысты шешім әлі шыққан жоқ.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің әрекетін өткір сынаған. Өткен аптада халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарға билік тарабынан жасалып отырған қысымды сынап, қудалауды доғаруға шақырған. Оған 40-қа жуық халықаралық ұйым басшысы қол қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG