Accessibility links

Сот Макс Боқаевтың әкімшілік қадағалауды алып тастау туралы өтінішін қанағаттандырмады


Сот Боқаевтың үш жыл қадағалауды алып тастау туралы шағымын қанағаттандырмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Атырау облыстық сотының апелляция алқасы белсенді Макс Боқаев пен адвокаты Жанар Сүндетқалиеваның әкімшілік қадағалауды алып тастау туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұған дейін сот белсенді Макс Боқаевты бостандыққа шыққаннан кейін 3 жыл әкімшілік қадағалауда ұстау туралы шешім шығарған.

10 ақпанда апелляциялық шағымды қараған судья Дина Тухфатова "адвокат келтірген дәйектердің Боқаевқа қатысты жағдайда маңызы жоқ" екенін айтты.

Сот онлайн режимде өтіп, оған бірнеше бақылаушы онлайн режимде қатысты. Сот процесі онлайн өткен бөлмеде адвокат Жанар Сүндетқалиева, Макс Боқаевтың өзі, азаматтық белсенді Әлібек Мұсаұлы мен Азаттық тілшісі де қатысып отырды.

- Мен өзімнің бұрынғы пікірімде қаламын. Бұған дейінгі сот процестерінде және осы күнге дейін өзімнің кінәсіз екенімді, саяси мотивпен сотталғанымды айтып келемін. Сондықтан 2016 жылғы сот үкімін де, әкімшілік бақылау туралы сот қаулысын мойындамаймын, - деді Макс Боқаев сотта.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева соттан әкімшілік қадағалау туралы алдыңғы сот шешімін жоюды, Боқаевтың түрмедегі мінездемесін ескеруді сұрады. Адвокаттың айтуынша, Боқаевты абақтыдан босатар алдында онда ешқандай тәртіпбұзушылық болмаған, колония бастығы Тәжіқұловтың өзі оған жағымды мінездеме берген.

- Боқаевтың бұрынғы 8 тәртіп бұзушылығының екеуін Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы жойған. Оған "тәртіп бұзды" деп тағылған кейінгі айыптар мекеме қызметіне кедергі келтіретіндей аса ауыр емес. Оған әкімшілік қадағалау тағайындауға мүлдем негіз жоқ,- деді адвокат Сүндетқалиева.

Іске қатысқан прокурор Әділұлының не айтқаны мүлдем естілмеді. Адвокат пен Боқаев прокурор сөзінің естілмейтіндігі туралы қайта-қайта ескерткенмен судья шешім қабылдау бөлмесіне шығып кетті.

Шамамен 20 минуттан соң судья Дина Тухфатова алдыңғы сот шешімінің өзгеріссіз қалатынын, №2 Атырау қалалық сотының 22 қаңтар күнгі Макс Боқаевқа үш жылға әкімшілік қадағалау тағайындау туралы қаулысының күшін жоюды сұраған өтініштің қанағаттандырылмағанын айтты.

- Боқаев сотталған баптардың бірі экстремистік қылмысқа қатысты. Сондықтан әкімшілік қадағалау туралы қаулы шығару - соттың міндеті. Адвокаттың тәртіп бұзушылық болмағаны туралы келтірген дәйектерінің Боқаев жағдайында маңызы жоқ, - деді судья Дина Тухфатова.

Сот шешімі бірден күшіне енеді және ол қайта шағымдануға жатпайды.

Бұған дейін белсенді жазасын өтеген УГ-157\9 мекемесінің соттан Боқаевқа 2016 жылы шыққан сот үкіміндегі "үш жылға дейін қоғамдық жұмыстармен айналысуға тыйым салу" туралы тармақты түсіндіріп беруді сұрағаны белгілі болған. Сот бес жыл бұрынғы сот үкіміне жасаған қосымша түсіндірмеде Макс Боқаевтың жиындарға, митингілерге, дебатқа қатысуына, БАҚ өкілдеріне сұхбат беруіне тыйым салынатынын нақтылаған.

2016 жылғы Жер митингілерінен кейін 5 жылға сотталған Макс Боқаев жақында 4 ақпанда Атыраудағы түрмеден босап шықты. Түрмеден шығуына санаулы күндер қалғанда ол жазасын өтеп жатқан Атыраудағы УГ157\9 мекемесінің бастығы сотқа Боқаев босап шыққан соң да оған үш жылға дейін әкімшілік қадағалау тағайындау туралы өтініш түсірген.

№2 Атырау қаласының қылмыстық соты 22 қаңтарда түрме бастығының арызын қанағаттандырған.

4 ақпанда бостандыққа шыққан азаматтық белсенді Макс Боқаев бірден Атырау қаласындағы Исатай - Махамбет атындағы орталық алаңға барып, өзінің 28 ақпан - 28 наурыз аралығында Қазақстан Конституциясын өзгертуді, билікті "ұлттық диалог" құруға шақыратын митингіге шығатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG