Accessibility links

"Біз дәрменсіз емеспіз". Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен күресі


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда жоғары мемлекеттік қызметте отырғандардың арасынан мүмкіндігі шектеулі азаматты кезіктірмейсіз. Қазіргі депутаттар, министрлер мен әкімдердің арасынан да ондай жанды көрмейсіз. Елдегі мүгедек деп танылған азаматтардың басым бөлігі мүлде жұмыс істемейді. Оқуын жалғастырып, білім алатыны да кемде кем. Олардың көбі кедейдің өмірін кешіп жатыр. Балалардың церебралды сал ауруына шалдыққан Вениамин Алаев – ерекше адам. Ол MBA дәрежесін алған, шетелде тағылымдамадан өтіп, белсенді жұмыс істеп жүрген құқық қорғаушы. 20 ақпан – дүниежүзілік әлеуметтік әділет күніне орай Вениамин Алаев өзінің басынан өткені, мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алып, еңбек ету құқығына қандай кедергі барын және "мүгедек" сөзіне көзқарасы туралы әңгімелеп берді.

"МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ, АЛАЙДА БІЛІМДІ, БЕЛСЕНДІ АЗАМАТ КӨП"

Азаттық: Жақында "Қазақстанда маңызды мемлекеттік қызметтегілер арасында мүгедек жандар неге жоқ?" деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Мәжіліс депутаттарының бірі бұған жауап ретінде мүгедек адамның жолында ешқандай кедергі жоғын, оларға жай ғана бәсекеге қабілетті болу керегін айтты. Мүмкін депутат мүгедек адамдар бәсекеге қабілетті болмағаннан және жеткілікті тырыспағаннан жоғары қызметке тағайындалмайды дегенді айтқысы келген шығар. Бұл туралы не дейсіз?

Вениамин Алаев: Бұл пікірмен келіспеймін. Елімізде мүгедек деп танылған адамдардың арасында білімді, біздің құқығымызды қорғап жүрген белсенді азамат көп, олар бұрын да болған. Өңірлерде ел танып, құрметтейтін белсенділер де, қоғам өмірінде белсенді болмағанымен, кәсіпорындарда жұмыс істейтін басшылар да, зерттеушілер мен мүгедек балалардың ата-аналары да, "Болашақ" бағдарламасы (азаматтарды шетелде оқытуға арналған мемлекеттік бағдарлама – ред.) бойынша шетелде білім алған, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген азаматтар да бар. Яғни, қаласа мәжіліс депутаты болуға лайықты кандидат табылады. Қазір мүгедек адамдар мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес құрамына кіреді. Мәжіліске келсек, [осыған дейінгі] алтыншы шақырылымда мүгедек деп танылған бір де бір депутат болған жоқ. Білуімше, мәжілістің жаңа құрамында да ондай депутат көрінбейді.

Азаттық: Мүгедек адамдардың осыған дейін саяси маңызды қызметтерге тағайындалмағаны рас па? Мұның қандай кері салдары болуы мүмкін?

Вениамин Алаев: Бізде ондай тағайындау болғанын білмеймін. Кері салдарына келсек, мүгедек адамдардың үні биліктегілердің құлағына жетпеуі, жеткен күннің өзінде, оларды дұрыс түсінбеуі мүмкін. Биліктегілердің арасында мүгедек адам болмаса, біздің мүдделеріміз ескерілмей, назардан тыс қалады.

Nothing about us without us – "Біз туралы ештеңе бізсіз жүзеге аспайды" деген принцип бар, мен соған қосыламын. Мүгедек адамның мүддесін дәл осы топтың өкілі ғана қорғай алады. Осы тұста, мүгедек балалардың мүддесін үнемі ата-анасы қорғайтынын атап өткім келеді.

Азаттық: Ал өзіңізді "бәсекеге қабілетті тұлғамын" деп санайсыз ба?

Вениамин Алаев: Әрине. Менде магистр дәрежесі бар, бірнеше рет шетелде білім алдым. Бизнес басқарып көрдім, мүгедек жандардың құқығын жүзеге асыру тақырыбында бірнеше зерттеу жаздым, қала әкімінің кеңесшісі қызметінде істеп, жұмыс топтарына мүше болдым. Сәтін салып, жолымнан жөн сілтейтін жақсы азаматтар кездесті. Қазір өзім де тәжірибемді бөлісіп жүрмін. Бір кемшілігім, мемлекеттік тілді жақсы білмеймін. Одан бөлек, ешқандай партияға мүше емеспін. Онсыз билікке өтуге мүмкіндік жоқ. Тағы да қайталаймын, мүгедек адамдардың барлық санатында бәсекеге қабілетті азаматтар бар. Facebook-қа кірсеңіз, қаншама кандидат табуға болады.

Вениамин Алаев High Level Political Forum жиынына қатысып, сөз сөйледі. Нью-Йорк, 2019 жылғы шілде.
Вениамин Алаев High Level Political Forum жиынына қатысып, сөз сөйледі. Нью-Йорк, 2019 жылғы шілде.

Басқа мемлекеттердің тәжірибесіне қарап, халықтың әлеуметтік жағдайы осал топтарының мүддесін қорғайтын "Әлеуметтік партия" (шартты түрде осылай атайық) құруға талпыныс болуы мүмкін деп ойлаймын. Бұл партияға қазір жұмыс істеп тұрған бірлестіктер мен коалициялар өкілдері мүше болатын шығар. Елдегі 700 мың мүгедек адамды, олардың туыстары мен әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған азаматтарды елестетіп көріңізші. Олардың бәрі қартайғанда қамсыз болғысы келеді. Сондықтан бұл партияның өз жақтастары болады.

ДЕПУТАТҚА АРНАЛҒАН "ҮСТЕЛ КІТАБЫ"

Азаттық: Депутат бір нәрсені дұрыс айтқан сияқты: Қазақстанда мүгедек адамдардың көбіне не білімі, не жұмысы болмайды. Олардың аз ғана бөлігі жұмыспен қамтылған, көбінің кәсіби білімі жоқ. Бұл қалай болды? Жағдайды өзгерту үшін не істеу керек?

Вениамин Алаев: Елімізде дискриминацияға қарсы заң жоқ. Мұндай заңда тікелей және жанама дискриминация болатыны және ол үшін қандай жауапкершілік қарастырылғаны жазылуы керек. Құқық қорғаушылар мен белсенділер бұл мәселені 1990 жылдардан бері көтеріп келеді. Заң болса, дискриминацияның сипатына қарай адамды немесе ұйымды жауапкершілікке тартуға болады. Осындай заң қабылданса, дискриминацияға жиі ұшырайтын топ өкілдерінің өмірі жеңілдер еді.

2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедек адамдардың құқығы туралы Конвенциясын ратификациялады. Қазір бұл нормаларды Қазақстан заңдарына енгізу процесі жүріп жатыр. Көбі осы заңдарды ратификациялағаннан кейін мүгедек адамдардың өмірі әп-сәтте өзгеріп шыға келеді деп ойлады, бірақ бұл – ұзақ процесс.

Әрине, осыған қанағат етіп, тоқтап қалуға болмайды. Заңдардың орындалуын бақылауды жалғастырып, алғышарттар байқалған жағдайда құқықбұзушылықтарды атап көрсету қажет. Конвенция үнемі үстел үстінде болатын кітапқа айналып, ал мемлекеттік қызметкерлер оның мазмұнын басқа заңдармен бірдей деңгейде білуі керек.

Қазір Қазақстан инклюзивті білім беруге бет бұра бастады. Бірақ біздің білім алу мүмкіндігіміз әлі де шектеулі. Мүгедек балалар басқа оқушылармен бірге білім алуға құқылы. Бірақ олар көбіне сыныптағы оқушылар тарапынан буллингке (мұқатып, кемсіту – ред.) ұшырайды. Сыныпта топ құру бойынша шаралар жүргізіп, психологпен жұмыс істеу керек. Әдетте мұндай жұмыстар жүргізілмейді. Мұғалімдер ерекше баламен тиімді қарым-қатынас орнатып, ақпаратты ыңғайлы форматта жеткізе алмайды. Бұл үшін мұғалімдердің осы бағыттағы біліктілігін арттыру керек. Мектеп орталықтан қашық болған сайын, бұл жағдай одан әрі ушыға береді.

"ДЦП-ға мойымаған". "Қабілеті ерекше блогердің" өмір жайлы сыры

"ДЦП-ға мойымаған". "Қабілеті ерекше блогердің" өмір жайлы сыры
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:16 0:00

Қазақстандағы университеттердің көбінде әлі күнге мүгедек студентті қолдау орталығы жоқ. Мұндай орталықтарда студенттерге психологиялық көмек беріліп, басқа да мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі. Сондықтан қазіргідей жағдайда орталықтың көмегінсіз білім алған жан – өте мықты тұлға деп ойлаймын.

Жұмысқа орналасуға келсек, иә, шынымен, арамызда еңбекке жарамсыз адамдар да бар. Бірақ жұмыс істегісі келетін адамдардың мәселесі толық шешілмеген. Жұмыс беруші мүгедек адамды қандай қызметке аларын білмейді, жұмыс орнын ұйымдастыруға көп шығын кетеді деп қорқады, алдында тұрған азаматтың ерекшелігін қабылдағысы келмейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған, мүгедек адамға арналған мамандықтар атласы жұмыс беруші басшылыққа алатын құралға айналып, оларға аталған топ өкіліне қандай жұмыс ұсыну керегін түсіндіреді деп үміттенемін.

Азаттық: Мүгедек адамдарға арналған жұмыс орындарына 2-4 пайыз квота бөлу туралы не ойлайсыз? Бұл квотадан пайда бар ма?

Вениамин Алаев: Бізде әзірге жұмыс орнына бөлінген квотаны сақтамағандарға айыппұл салу сияқты репрессивті әдістер қолданылады. Жұмыс беруші мүгедек адамды жұмысқа алудан мемлекеттік сатып алу немесе несие беру кезіндегі жеңілдіктер сияқты мүмкіндіктер көруі керек.

Азаттық: Өзіңіз қалай білім алдыңыз?

Вениамин Алаев: Бастауышта арнаулы мектепте оқыдым, ол кезде инклюзивті білім ешкімнің ойына да кіріп-шықпайтын. Сабақты жақсы оқыдым. Анам мені қарапайым мектепке ауыстырғысы келді, бірақ олар "ерекше балалармен жұмыс тәжірибеміз жоқ" деп, қабылдамады. Ата-анамның еңбегінің арқасында мені жекеменшік мектепке – Жәния Әубәкірованың колледжіне қабылдады. Сынып жетекшімнің арқасында мектептегілер мені жақсы қарсы алды. Осылай мектепті бітіріп шықтым.

МВА дәрежесінің иегері, "Сорос Қазақстан" қорының "Құқық қорғаушылардың жаңа толқыны" деп аталатын жобасының түлегімін. АҚШ-та тағылымдамадан өтуге арналған байқауларда бірнеше рет жеңіске жетіп, Финляндия мен Ирландияда құқық қорғау қызметі бойынша семинарларға қатыстым. Сондықтан қазір айналамдағыларға "Бір орынға 50 адам таласып тұрса да (өз тәжірибемде дәл солай болған), байқауға қатысыңдар" деп кеңес беремін. Әйтеуір түбі сәтті болады.

Азаттық: Мүгедек азаматқа білім алу мен жұмыс істеуге арналған орта қалыптастыруға болады деп ойлайсыз ба? Бұл неге байланысты? Қандай мысал келтіруге болады?

Вениамин Алаев: Бізде ALMAU, Nazarbayev University, KIMEP, Caspian University сияқты әлеуметтік жауапкершілігі бар жоғары оқу орындары бар деп ойлаймын. Аталған университеттерде мүгедек студенттер еркін пайдалана алатындай инфрақұрылым жасақталған, оларға қолдау көрсету жолға қойылған. Бұл мекемелерде мүгедек адамдар білім алып, еңбек етеді. Қазір бұл негізінен университет басшылығының еркі мен шешіміне байланысты.

"МҮГЕДЕК ЖАННЫҢ ӨМІР САПАСЫ ӨЗГЕРДІ ДЕП ОЙЛАМАЙМЫН"

Азаттық: Жалпы алғанда, Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы конвенциясын ратификациялағаннан кейінгі бес жылда мүгедек азаматтардың құқығын қорғау саласында не өзгерді? Ол адамдардың құқығын қорғап жүрген қоғам өкілдері мен мемлекет арасында диалог орнағаны байқала ма?

Вениамин Алаев: Қазақстан аталған конвенцияны ратификациялаған кезден бері мүгедек адамдардың өмір сапасы өзгерді деп ойламаймын. Реформалар жалғасып жатыр. Мысалы, үкімет жанындағы мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіруші кеңестің құрамы 80 пайызға жаңарды. Кеңестің кей мүшелері онлайн дауыс беру арқылы таңдалды. Бұл органда жұмыс топтары құрылды, тиімділікті бағалау жүйесі енгізіліп жатыр. Бірақ өзгерістерге баға беруге әлі ерте.

Интернет пен әлеуметтік желінің арқасында мүгедек адамдардың өміріндегі өзгерістер туралы құқық қорғаушылар мен қарапайым азаматтардың пікірін еш қиындықсыз білуге болады. Мүгедек адамдардың белсенділігі артып келеді. Олар әлеуметтік желілерге суреттер салып, құқықбұзушылықтар туралы мәлімдеу үшін тікелей эфирлер өткізеді. Әлеуметтік желілер – коммуникация үшін жақсы құрал. Мүгедек жандарды біріктіретін арнаулы топтар бар. Онда адамдар сұрақ қойып, пікірталасқа қатысып, сын-пікірін айтады. Бізге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, омбудсмен Эльвира Азимова жиі жауап береді. Facebook-те басқа мемлекеттік органдарда істейтін тұлғалар, депутаттар да бар. Министрлік өкілдері де талқылауға жиі қатысып тұрады. Бірақ олардың бәрі бірдей диалогқа араласа бермейді, бұл бағытта әлі жұмыс істеу керек.

Азаттық: Қазір заңда бар нормалардың қайсысы жұмыс істейді? Жұмыс істемейтін нормалар бар ма? Болса, оның себебі неде?

Вениамин Алаев: Бұл сұраққа жауапты біздің қауымдастықтың құқық қорғаушылары дайындаған баяндамадан табуға болады. Бірқатар мәселелер қамтылған баяндама мүдделі мемлекеттік органдарға таныстырылды. Оларды талдап шығу үшін жеке сұхбат жасау керек.

Менің ойымша, мүгедек адамдардың қолында бізге сапасыз қызмет көрсетіп отырғандарға ықпал ету құралы жоқ. Біз құқығымызды бұзған адамдарды барлық кезде бірдей жауапкершілікке тарта алмаймыз. Мысалы, 2020 жылы Алматыда азаматтардың сапасыз қызмет көрсету жайлы атқан шағымынан кейін әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы тапсырыс беруші ретінде қызмет көрсетуші компанияны сотқа берді. Бірақ сотта жеңіліп қалды. Сондықтан заң жүзінде қорғау құралдарын жетілдіру керек деп ойлаймын.

Алматыда зағиптар арнаулы жолдың сапасына разы емес

Алматыда зағиптар арнаулы жолдың сапасына разы емес
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:29 0:00

Азаттық: Қазақстандағы жағдайды жақсы білетін адам ретінде заңға тағы қандай өзгертулер мен толықтырулар ұсынар едіңіз?

Вениамин Алаев: Біріншіден, біздің құқығымызды бұзған азаматтардың жауапкершілігін күшейтер едім. Екіншіден, заңға дискриминацияның не екенін түсіндіретін және оған тыйым салатын толықтыру енгізу керек. Үшіншіден, мүгедек адамдарды алып жүретін жеке көмекшілердің қоғамдық көлікте жүру, шипажайда емделу және т.б. шығынын өтеуді ұсынар едім.

Азаттық: "Мүгедек" сөзіне қалай қарайсыз? Бұл сөзден бас тарту керек деп ойлайсыз ба?

Вениамин Алаев: Мені бұл эволюциялық процесс қуантады. "Мүгедек" сөзі француз тіліндегі "invalide" сөзінен шыққан. Ол латынның "validus" – мықты, "invalidus" – әлсіз деген сөзінен тарайды. Біз дәрменсіз емеспіз, бар болғаны, компенсаторлық және қосымша құралдардың көмегіне мұқтажбыз. Пікірталас әлі де жалғасады. Бұл – біздің құқықтарымызды кеңейтуге жасалған қадам. Жаңа атаумен бірге өмір сапасы да өзгергенін қалаймыз.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG