Accessibility links

Нұр-Сұлтанда краншылар үкімет пен Назарбаевтан еңбек жағдайын жақсартуды талап етті


Мұнаралы кран операторы болып жұмыс істейтін азаматтар еңбек жағдайын жақсарту, жалақыны көтеру және өзге де талабы жазылған арыз-өтінішін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсырып отыр. Нұр-Сұлтан, 27 ақпан 2021 жыл.
Мұнаралы кран операторы болып жұмыс істейтін азаматтар еңбек жағдайын жақсарту, жалақыны көтеру және өзге де талабы жазылған арыз-өтінішін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсырып отыр. Нұр-Сұлтан, 27 ақпан 2021 жыл.

27 ақпан күні Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне келген Нұр-Сұлтан қаласындағы әртүрлі құрылыс компанияларында жұмыс істейтін мұнаралы кран операторлары еңбек жағдайын жақсартуды талабы жазылған арызды тапсырды. Министр Серік Шапкеновпен қоса арыздың бір данасы биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы, елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да жолданған.

Арыз иелері биліктен:

  • еңбекақыны 800 мың теңгеге дейін ұлғайтуды;
  • жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек келісім-шарты жасалуын;
  • өндірісте еңбек қауіпсіздігін, кран операторларын қауіпсіздік құралдары және жұмыс киімімен қамтамасыз етуді;
  • күніне 8 сағаттан, аптасына 40 сағаттан аспайтын жұмыс тәртібін белгілеуді және артық жұмыс істегені үшін екі есе еңбекақы төлеуді;
  • кранда жұмыс істеу қауіпті саналатындақтан еңбекақыға 1,5 коэффициент қосуды;
  • заңға ерлер 60 жастан, әйелдер 55 жастан зейнет демалысына шығатындай етіп өзгеріс енгізуді талап етеді.

– Бізге жалақыны бір ай кешіктіріп береді. Қолымызда еңбек шартымыз жоқ. Зейнетақы қорына, медициналық сақтандыру қорына жарна аударылмайды. Крандар ескі. Желді күні де, қатты аязда да "жұмыстан шығарамыз" деп қорқытып, жұмыс істеумізді талап етеді. Кейде қатты желден мұнара басына шыға алмай, кешке дейін желдің басылуын күтеміз. Бірақ ол күні жұмыста болғанымызға қарамастан бізге еңбекақы төлемейді. Артық істеген сағатымызға да ақша төлемейді, – деп шағым айтты кран операторлары.

Олар талаптары орындалмаса, 1 наурыздан бастап жұмысқа шықпай, ереуіл бастайтынын ескерткен.

Наразы азаматтармен кездескен Қазақстанның бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов арызды тексеруге он бес күн мұрсат сұрап, оған дейін наразылыққа шықпай, сабыр сақтауын сұрады.

– Жауап берілгенін күтіңдер. Жалақыны жұмыс беруші өз жағдайына қарап төлейді. Жұмыс жағдайы мен еңбек кодексінің сақталмай отырғаны туралы жазылған жайтты тексереміз, – деді Оспанқұлов.

Еңбек министрлігіндегі кездесуден соң наразы азаматтар талабын экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізу үшін ол басқаратын "Нұр Отан" партиясының орталық аппараты кеңсесіне барған. Кран операторы Сәуле Сейдахметова Азаттыққа партия кеңсесінде сенбі демалыс екенін және коронавирус пандемиясына байланысты шектеуді алға тартып, арызды қабылдамағанын айтты.

Нұр-Сұлтанда краншылар жалақы өсіруді талап етеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00

Нұр-Сұлтанда 12 ақпаннан бері әртүрлі компанияда кранда жұмыс істейтін азаматтар еңбек жағдайына байланысты наразылығын білдіріп жүр. Олардың талабы жазылған видеолар әлеуметтік желілерде жарияланды. Кейін бірнеше адамның жұмыстан шығарылғаны туралы ақпарат тарады.

Нұр-Сұлтандағы кран операторларының талабын Ақтау, Ақтөбе, Шымкент пен Түркістан қалаларындағы құрылыс компанияларында істейтін әріптестері қолдаған.

Жыл басталғалы бері Қазақстанның әр аймағында еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көбейтуді талап еткен жұмысшылар наразылығы жиіледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG