Қордайдағы ұлтаралық жанжалға байланысты Таразда өтіп жатқан сотта жарыссөз басталды. 13 сәуірде прокурор айыпталушыларға жаза сұрады. Ол судьядан кейбір айыпталушыларға 18-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды өтінген.
– Арасы өте үлкен. 2 жыл шартты жазадан басталып, 18-20 жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасы сұралды. Бір сөзбен жеткізу қиын, – деді айыпталушылардың бірінің адвокаты Болат Омаров Азаттық тілшісіне. Ол сотты ақпарат құралдарының назардан тыс қалдырғанын, істің маңызды екенін атап өтті.
Бір күн бұрын Қазақстандағы дүнгендер қауымдастығының төрағасы Хусей Дауров прокурордың айыпталушыларға "әділетсіз" жаза сұрағанын жазып, назаланған. Ол Facebook-тағы жазбасында ойран кезінде "оқ пен тасқа төтеп беріп, ауылы мен отбасын қорғағандарға" прокурордың 5-18 жыл түрме жазасын сұрағанын, ал "Қазақстан тарихындағы ең ірі ұлтаралық жанжал тудырғандарға" 2 жыл шартты жазадан бастап жоғары жаза сұрағанын жазды.
"Егер сот прокурор айыптауына сүйене отырып, үкім шығарса, біздің болашағымыз жоқ" деп жазды Дауров.
Қордайдағы жанжалға байланысты сот процесі 2020 жылдың желтоқсан айынан бері жалғасып келеді. Сот процесіне 51 айыпталушы, 60-қа жуық адвокат және бірқатар өзге қорғаушы қатысып жатыр.
51 айыпталушыға "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап), "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" (287-бап), "Қорқытып алу" (194-бап), "Қарақшылық" (192-бап) және "Адам өлтіру" (99-бап) бойынша айыптар тағылған.
2020 жылы 7 ақпанда түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Жанжалдан соң 120-дан астам қылмыстық іс қозғалып, 50-ден астам адамға айып тағылған. Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам сараптама жүргізіліп, 1,5 мыңнан астам адам сұралған.
Қордайдағы жанжалға байланысты айыпталған тағы жеті адамға үкім былтыр қыркүйек айында шыққан.
ПІКІРЛЕР