Accessibility links

3 жылдан 10 жарым жылға дейін. Жанболат Ағаділдің өліміне күдіктілерге үкім шықты


Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты айыпталғандар сотта тұр. 19 ақпан 2021 жыл.
Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты айыпталғандар сотта тұр. 19 ақпан 2021 жыл.

23 сәуірде Нұр-Сұлтандағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты айыпталған алты адамға үкім шығарды.

АЙЫПТАЛУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ ЖАЗА БЕРІЛДІ?

Қоғамда резонанс тудырған істің үкіміне сәйкес, Жанболат Ағаділге пышақ салды деп айыпталған Өміржан Рахметов 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот оны Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" бабымен айыпты деп тапты.

Ал Азамат Жұмахан, Мадияр Сыдық және Самат Асболат "Бұзақылық" бабымен айыпты деп танылып, үш жылға түрме жазасына кесілді.

Күдікті ретінде ұсталған Сержан Әбілдаев пен Серік Назарбеков Кылмыстық кодекстің "Қылмысты жасыру", "Құқық бұзушылықты жасырып қалу" баптары бойынша кінәсіз деп танылды. Олардың әрекетінде "қылмыс құрамы болмағандықтан" сот залынан босатылды.

Жанболат Ағаділ.
Жанболат Ағаділ.

Үкім әлі күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндігі бар.

Сотталған айыпталушылардың туыстары үкім шыққан соң жылап, көбі журналистерге пікір беруден бас тартты. Ал он жылға сотталған Өміржан Рахметовтің анасы Инабат Әбдиева соттың әділ өтпегенін, сот шешімімен келіспейтінін айтты.

- Өміржан Рахметовке қатысты ешқандай дәлел жоқ. Заңсыз қамап отыр. Қазақстан халқынан көмек сұраймын. Дәлел жоқ қой, дәлел болса, жазасын алсын деп үндемес едім. Балаларды ұрып-ұрып, қорқытып жаздырып алған. Менің балам Өміржан Рахметов түрме тұрмақ, полицияның есігін ашпаған. Мен төсекте жатсам, ол сол төсектің астында жатып өскен бала. Ол ешкімге қол көтермейді. Аппеляцияға шағым түсіреміз, - дейді ол Азаттыққа.

Жанболат Ағаділдің өліміне күдіктілердің соты. Нұр-Сұлтан, 19 ақпан 2021 жыл.
Жанболат Ағаділдің өліміне күдіктілердің соты. Нұр-Сұлтан, 19 ақпан 2021 жыл.

Сотта Өміржан Рахметовтің адвокаты болған Жандос Тұяқов та қорғауындағы азаматқа шыққан үкіммен келіспейді.

- Сот барысында алқа билер дәлелдеме жоқтығын байқағаны аңғарылды. Бірақ маған не себепті мұндай шешім қабылдағаны түсініксіз. 10 жыл 6 ай берді. Ең үлкен жаза соған шықты. Менің ойымша, сот шешімі әділ болған жоқ. Аппеляцияға береміз, - деді адвокат.

Ал марқұм Жанболат Ағаділдің жақындары тілшілерге пікір бермеді.

Бұған дейінгі сот отырысында прокурор соттан Өміржан Рахметовті 18 жылға, ал қалған айыпталушыларға қылмысты жасырғаны үшін 4-5 жылдан беруді сұраған. Бұл іс бойынша сот биыл 4 ақпанда басталған еді.

ЖАНБОЛАТ АҒАДІЛДІҢ ҚАЗАСЫ

Жанболат Ағаділ былтыр 11 қарашаға қараған түні Нұр-Сұлтанда жаппай төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, көз жұмған. Төбелес астана түбіндегі Көктал және Талапкер ауылдарының жастары арасында болған.

12 қарашада ІІМ "төбелеске қатысқандардың барлығы, негізгі үш күдікті де" ұсталды деп мәлімдеді. Ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов "іс бойынша жиналған дәлелдердің көмегімен күдіктілердің кінәсі дәлелденді" деп айтқан.

"Үш жерден пышақталған". Дулат Ағаділдің ұлы Жанболаттың қазасының анық-қанығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:19 0:00

Бұған дейін іс бойынша күдікті деп танылған екі жігіттің туыстары мен адвокаттары "тергеудегі заңсыздықтарға" шағымданған.

Марқұмның әкесі, билікке қарсы наразылық жиындарына тұрақты қатысып, азаматтық белсенді атанған Дулат Ағаділ 2020 жылы ақпанда тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қайтыс болған. 24 ақпан күні кешке азаматтық киім киген полицейлер оны үйінен ұстап әкетіп, 25 ақпанда оның көз жұмғанын хабарлады. Ағаділдің туыстары, оның белсенділік жолындағы серіктері биліктен ашық тергеуді талап еткен. Бірақ полиция "белсендінің денесінде жарақат болмаған" деп қылмыстық істі жапқан.

Еуропарламенттің 11 ақпан күні қабылданған Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі қарарында "саяси репрессия кесірінен 2020 жылғы ақпан-желтоқсан аралығында Қазақстанда оппозицияның бес белсендісі қаза болды" деп Дулат Ағаділ мен Жанболат Ағаділдің атын атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG