Accessibility links

Нұр-Cұлтанға 20 талап. Еуропарламент Қазақстанды сынайтын қарар қабылдады


Полиция наразылыққа келген адамды ұстап әкетіп барады. Алматы, 2020 жылдың қыркүйегі.
Полиция наразылыққа келген адамды ұстап әкетіп барады. Алматы, 2020 жылдың қыркүйегі.

11 ақпанда Еуропа парламенті басым көпшілік дауыспен "Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі" қарар қабылдады. Елдегі азаматтық қоғам аясының тарылуын, адам құқықтарының бұзылуын және сайлаудағы әділетсіздікті сынайтын қарарды дауыс берген 693 депутаттың 598-і қолдаса, тек 43 депутат қарсы шыққан.

БӘСЕКЕСІЗ САЙЛАУ ЖӘНЕ БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚУДАЛАУ

10 қаңтарда Қазақстанда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауына бақылау жасаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сайлауды бақылау бюросының есебіне сүйенген депутаттар дауыс беру кезінде "түрлі заңдар негізгі бостандықтарға елеулі шектеу қойғанын, азаматтық қоғам мен балама көзқарастардың аясы тарылғанын" атап өтті. Еуродепутаттар сайлауға "оппозициялық партиялардың қатысуына мүмкіндік берілмегенін", яғни сайлаушылардың "таңдау мүмкіндігі болмағанын", "тәуелсіз бақылаушыларға биліктен ерекше қысым болғанын" айтты.

Екінші маңызды мәселе ретінде Еуропарламент депутаттары сайлау күні Қазақстанның түрлі қалаларында өткен наразылық жиындарын, биліктің оларды күшпен басып тастағанын, азаматтардың еркін жиналып, өз пікірін бейбіт түрде білдіруіне мүмкіндік берілмегенін ескертті. Қарарда көрсетілгендей, сайлау күні елдің 10 қаласында кемінде 350 адам ұсталған. "Қазақстан билігі үкіметтің саясатын сынайтын бейбіт наразылықтарды үнемі басып тастайды" деп жазылған Еуроодақ парламенті қабылдаған құжатта.

САЯСИ ТҰТҚЫНДАР, ТҮРМЕДЕ АЗАПТАУ

Депутаттардың дерегі бойынша, Қазақстанда 26 саяси тұтқын бар, олардың кейбірі тергеу орнында отырса, кейбірі түрме жазасына кесілген. Оның үстіне "билік саяси оппоненттер мен сыни пікірлерді басып тастау үшін "экстремизмге қарсы заңдарды пайдаланады" деген депутаттар "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстарына тыйым салынғанын айтып, осы ұйымдарды қолдағаны үшін айыпты болған адамдардың аты-жөндерін көрсеткен.

"Жыл сайын түрмеде азаптау, қорлау оқиғалары жүздеп тіркеледі, өмір сапасы және сотталушының құқықтарын сақтау тұрғысынан жазалау институттары халықаралық стандарттарға сай емес, Covid-19 кесірінен енгізілген шектеулер жағдайды тіпті ушықтырып жіберді" деп жазылған қарарда.

"Құқық қорғау органдары мен барлау ұйымдары жүргізген заңсыз әрекеттер мен саяси репрессия кесірінен 2020 жылғы ақпан-желтоқсан аралығында Қазақстанда оппозицияның бес белсендісі қаза болды" делінген қарарда. Олар: Дулат Ағаділ мен оның 17 жасар ұлы Жанболат Ағаділ, Аманбике Хайролла, Серік Оразов, және Ғарифулла Ембергенов.

Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің жаназасына жиналған адамдар. Талапкер ауылы, Ақмола облысы. 27 ақпан 2020 жыл.
Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің жаназасына жиналған адамдар. Талапкер ауылы, Ақмола облысы. 27 ақпан 2020 жыл.

Еуропа депутаттарының айтуынша, коронавирус пандемиясы кезінде үкімет індетке қатысты шектеулерді азаматтық қоғам өкілдерін, адам құқықтарын қорғаушы белсенділерді және вирусты тоқтатудағы үкімет жұмысын сынға алған дәрігерлерді қудалауға пайдаланған.

Еуропа парламенті заң шығарушыларының ойынша, Қазақстан билігі Қылмыстық кодекстің "Террорлық не экстремистік ұйым жұмысын қаржыландыру және қолдау" (258-бап, 2-тармақ) бабымен адам құқықтарын қорғаушы белсенділерді қуғындап жатыр. Олардың ойынша, 10 қаңтардағы сайлаудан кейін адам құқықтары ұйымдарына қысым бұрынғыдан да күшейе түскен.

Биыл салық органдары түрлі бейүкіметтік ұйымдарды салық есебін дұрыс толтырмады деп айыптап, олардың жұмысын тоқтату не ақшалай айып салу туралы шешімдер шығарған, бірақ кейін олардың біразының күшін жойған. Депутаттар салық органдары арқылы жазалауды "адам құқықтары ұйымдарына қысым көрсетудің қалыпты практикасы" деп атаған.

Мұнымен қоса, депутаттар Қазақстан басшылығының "шетелдегі режим оппоненттерін" қудалау мақсатында Интерпол сияқты халықаралық құқықтық жүйелерді де пайдаланатынын атап өткен. Бұл ретте депутаттар Бельгияда босқын мәртебесін алған құқық қорғаушы Бота Жәрдемәлі мен Францияда саяси баспана алған ҚДТ басшысы, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың ісін атап өтеді.

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ

Еуропарламент мүшелері елдегі сөз бостадығына да ерекше мән берген. Дүниежүзіндегі сөз бостандығы рейтингінде Қазақстанның 157-орында тұрғанын еске салған олар елдегі ақпарат құралдарының мемлекет меншігінде екенін не мемлекеттен қаржы алатынын ескерткен. Бұл тұста депутаттар парламент сайлауы кезінде дене жарақатын алған Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен "жемқорлық туралы жазғаны үшін "жазаланған" "Уральская неделя" басылымының тілшісі Лұқпан Ахмедияровты атап өтеді.

Журналист Лұқпан Ахмедияров қолына "Президент пен пампенрсті үнемі ауыстырып тұру қажет" деген жазу жазылған плакатпен Орал қаласының әкімдігінің алдында. 12 желтоқсан 2013 жыл. Сурет Facebook желісінен алынды.
Журналист Лұқпан Ахмедияров қолына "Президент пен пампенрсті үнемі ауыстырып тұру қажет" деген жазу жазылған плакатпен Орал қаласының әкімдігінің алдында. 12 желтоқсан 2013 жыл. Сурет Facebook желісінен алынды.

Бұған қоса қарарда Қазақстанда Интернетке тосқауыл артып, цензура мен бақылаудың күшейгені айтылады. "Қазақстандық блогшылар, пікір білдірушілер, және әлеуметтік желі қолданушылары күмәнді экстремизм айыптары негізінде ұзақ мерзімге түрмеге қамалып, психиатриялық емханаларға жатқызылып жатыр" делінген қарарда.

20 ТАЛАП

Қарарда депутаттар Қазақстан басшылығын адам құқықтары мен бостандықтары бойынша мойнына алған халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырып, 20 түрлі талап қойды. Онда адамдардың негізгі бостандықтарын құрметтеу, саяси өмірге қатысу, саяси плюрализм, сайлау комиссияларының бейтараптығы, сайлау және сайлану құқықтары, сайлау нәтижесін жариялау мәселелері алдымен айтылады. Мұнымен бірге депутаттар "құқық қорғаушы белсенділерді, діни ұйымдарды, азаматтық қоғам ұйымдары мен кәсіподақтарды, журналистер мен саяси оппозициялық қозғалыстарды саяси себеппен қудалауды тоқтатып, жұрттың саяси, діни және басқа да көзқарастарын еркін білдіруіне жағдай жасауға, еркіндікті қамтамасыз ету үшін бейбіт жиындар туралы заңдарға өзгеріс енгізуге" және саяси тұтқындарды дереу босатуға шақырады.

Бұған қоса депутаттар әйелдерге жасалатын зорлықпен тиімді түрде күресуге, ол үшін заңды күшейтіп, жапа шегушілердің бұл туралы жедел хабарлауына мүмкіндік беретін механизмдерді қалыптастыруға үндейді. Сонымен бірге депутаттар Қазақстан үкіметін ЛГБТ қауымдастығының құқықтарын толық қорғауды, оларды кемсітпеуге толық кепілдік беруді талап етті. Қарарда Еуропарламент Қытайдың Шыңжаң ауданында қайта үйрену лагерлерінен қашып келген қазақтар мен басқа да азшылық өкілдерінің "қауіпсіздігін қамтамасыз етуге" шақырды.

"ҚАЗАҚСТАНҒА САНКЦИЯ САЛУ"

Қарар жобасына дауыс берердің алдында Еуропарламенттің түрлі елден келген депутаттары Қазақстандағы адам құқықтарының жайына байланысты пікірталас өткізді. Олардың көпшілігі елдегі жағдайдың нашарлап бара жатқанын, адам құқықтарының жиі бұзылатынын айтты.

"Қазақстан үкіметі тәуелсіздіктің отыз жылын тойламақшы. Бірақ саяси тұтқындардың бәрі босамайынша, саяси астары бар сот шешімдерінің күші жойылмайынша, адам құқықтарын қорғаушылар мен белсенділерді қудалау тоқтамайынша, шынайы той болмайды" деген польшалық депутат Эва Божена Копач "адам құқықтарын бұзуға қатысы бар мемлекеттік қызметкерлерге мақсатты түрде санкция салуды ойластыруға" шақырды.

Нұр-Сұлтандағы Еуроодақ өкілдігі алдындағы наразылық. 10 маусым 2020 жыл.
Нұр-Сұлтандағы Еуроодақ өкілдігі алдындағы наразылық. 10 маусым 2020 жыл.

"Қазақстанда адам құқықтары күн сайын бұзылып жатыр" деген Еуродепутат Петрас Ауштревичюс "адам құқықтары мен демократияны экономикалық табыстан жоғары қою керек" деді.

"НАЗАРБАЕВ ДИКТАТУРАСЫ"

Пікірталаста сөз алған Еуропарламент депутаттарының біразы Қазақстанда билік ауысқанымен, адам құқықтары мен саяси еркіндік саласындағы жағдайдың жақсармай келе жатқанына тоқталды.

Германиялық депутат Виола фон Крамон-Таубадель "бірде-бір сайлау әділ өтпеген" Қазақстандағы қазіргі жағдайды "Назарбаев диктатурасы" деп сипаттады. Ол да басқалар сияқты "Адам құқықтары ақшаға сатылмайтынын" шегелеп, бұл мәселені экономикалық мүддеден жоғары қоюға шақырды. Депутаттар арасында "көрші елдерді авторитаризмнен демократия жолына түсіруде Еуроодақтық экономикалық мүмкіндіктерін пайдалануға шақырғандар" да болды.

Еуродепутаттар арасынан Қазақстан билігіне ара түскендер де табылды. Германиялық Максимилиан Крах "кісі өлтіру айыбымен сотталған Әблязовтың лоббиіне" берілмеуге шақырды және демократияға өту жолында тұрған "транзиттік ел" Қазақстанға "лекция оқудың" орынсыздығын ескертті. Бұған қоса ол Еуроодақтың "адам құқықтары империализмі" әдісін қолданып, басқа елдерге қысым жасауының өзі "ұят" деген пікір білдірді.

Қазақстан соты билікке қарсы пікір айтып жүрген экс-банкир Әблязовты 2018 жылғы қарашада "2004 жылы "Тұранәлембанктің" басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берді" деген айыппен сырттай өмір бойына соттаған. Ал 2017 жылы ол "ақша жымқырды", "қылмыстық топ құрды" деген айыппен 20 жылға бостандығынан айыру жазасына сырттай кесілген. Әблязов бұл айыптардың барлығының "саяси астары бар" деп мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG