Accessibility links

Шымкентте баспана мәселесімен әкімдікке барған әйелдер жолды жабуға тырысты


Баспана мәселесінің шешілмегеніне наразы болған көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар жолды жауып тұр. Шымкент, 26 сәуір 2021 жыл.
Баспана мәселесінің шешілмегеніне наразы болған көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар жолды жауып тұр. Шымкент, 26 сәуір 2021 жыл.

26 сәуір күні Шымкент әкімдігіне барған жиырма шақты әйел баспана мәселесін шешуді сұрап, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің шығуын талап етті. Түске дейін әкімнің шығуын күткен әйелдер талаптары орындалмаған соң әкімдік маңындағы көшені жабуға тырысты.

Таңғы сағат ондар шамасында қала әкімдігіне келген наразы топтың арасында жүкті әйелдер мен баласын жетектегендер де бар. Олардың көбі – жалғызбасты, көп балалы, мүгедек баласы бар аналар. Олар қолдарына "Баспана берілсін!" "Жәрдемақы. Әр бала басына 42 500 теңге бер!" деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды. Бірнеше рет "баспана берілсін" деп те айқайлады. Қазақстан әнұранын айтты.

Шымкент қаласы әкімдігінің алдында наразылық білдіріп отырған көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар. Шымкент, 26 сәуір 2021 жыл.
Шымкент қаласы әкімдігінің алдында наразылық білдіріп отырған көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар. Шымкент, 26 сәуір 2021 жыл.

Үш баласы бар жалғызбасты ана Мөлдір Жамалдың Азаттыққа айтуынша, ол балаларымен бірге жалдамалы пәтерде тұрады. Жақында пәтерақысын уақытылы төлей алмағаны үшін үй иесі пәтерді босатуды талап еткен.

-Баратын жерім болмаған соң кішкентай балам болса да, осында келдім. Қазір осы баламның жәрдемақысымен күн көріп отырмын. Қашанғы қаңғырып жүреміз. Ең болмаса уақытша пәтер берсін, - деді ол.

Түске дейін қала әкімі шықпаған соң оннан аса әйел әкімдік жанындағы Шаяхметов көшесін жапты. Ол жерде де "Баспана берілсін" деп айқайлады. Шамамен он минут өткен соң оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, әйелдерге көлік қозғалысына кедергі жасамауды сұрап, жол жиегіне шығарды. Содан кейін әйелдер әкімдік алдына қайтып келді.

Қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Балықбаев қалада 43 мыңнан аса адам баспана кезегінде тұрғанын, олардың 7 мыңнан астамы көпбалалы отбасы екенін айтты. Ол аз қамтылған не көп балалы отбасыларға уақытша баспана қаралмағанын жеткізді. Ал наразы әйелдердің пәтер алуға кезегі келмеген.

Шымкенттік әйелдер бұған дейін де бірнеше рет баспана мәселесін шешіп беруді сұрап, әкімдікке келген.

Баспана сұрап, әлеуметтік салаға назар аударуды сұраған көп балалы және жалғызбасты әйелдер наразылығы соңғы бірнеше жылда күшейген. Билік өкілдері "баспана мәселесі бір күнде шешілмейді, шама-шарқынша көмектесіп жатырмыз" деумен келеді. Ал кейбір наразылар "мемлекет беретін баспананы оған шын мұқтаж отбасылар ала алмайды, баспанаға кезекке тұру өте қиын" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG