Accessibility links

Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағалығын Тоқаевқа тапсырды


Нұрсұлтан Назарбаев 1 мамыр Қазақстан халықтары бірлігі күнін тойлап жүр. 2016 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев 1 мамыр Қазақстан халықтары бірлігі күнін тойлап жүр. 2016 жыл.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев 28 сәуірде Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағалығын елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Бұл туралы ол Нұр-Сұлтанда өткен ассамблеяның 29-сессиясында мәлімдеді. Ал Тоқаев Назарбаевты ассамблеяның құрметті төрағасы етіп тағайындады. Бұған қоса, Назарбаев бұл консультативті-кеңестік органның өмірлік төрағасы болып саналады.

"Менде Қазақстан халықтары ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы бар. Сондықтан сіздермен бірге боламын, бас тартпаймын. Дегенмен кейбір құзірет ел президентіне тиесілі" деді ол.

Қазақстанды отыз жыл басқарған Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кеткенімен, "Нұр Отан" партиясының лидері және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке ықпал етіп отыр. Ол президенттікті Тоқаевқа тапсырғанда оны "өзімен бірге көп жыл еңбек еткен", "істі жақсы білетін адам" деп сипаттаған.

Ассамблеяның сессиясы Тараз қаласында Қордайдағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы ұлтаралық жанжалға қатысты сот үкімі шыққан соң келесі күні өтті.

Жиында Назарбаев "Оппозиядағы кейбір жолдастар "мені тұрақтылық, тұрақтылық, тыныштық деп айта береді" дейтін көрінеді. Тұрақсыздық жақсы ма? Тұрақсыздық дегеннің не екенін көрдік. Революциядан революция, соғыстан соғыс, мұндай да ел дамымайды, бәрінен қалады. Сондықтан тұрақтылық пен азаматтардың тыныштығы бәрімізге байланысты. Еліміз тыныштықтың эпицентрі болғанын қалаймын. Біздің азаматтардың өмірін соғыс, діни я ұлтаралық қақтығыс бұзбаса деймін. Біздің балаларымыз бен халқымыз қазір бүкіл әлемде болып жатқан қақтығыстарды көрмесе деймін" деді.

Назарбаев "тұрақтылық" деп жүрген оппозиционерлердің атын ашып айтпады.

Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, 28 сәуірде өткен ассамблея сессиясына елдің әр өңірінен 600 адам онлайн форматта қатысқан.

2020 жылы 7-8 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақ-дүнген жанжалынан 11 адам қайтыс болған.

Қазақстан тарихындағы ең ірі ұлтаралық жанжалға байланысты 51 адамның үстінен сот жүріп, 19 адам түрмеге қамалды. Жауапқа тартылғандар арасында 14 дүнген бар, олардың алтауы түрме жазасына кесілді. 24 адам шартты жаза алса, жеті адамның бас бостандығы шектелді. Бір адам ақталды.

Қазақстанда басқа ұлт өкілдері мен қазақтар арасында жанжал жиі боп тұрады. Қазақстан бұл оқиғаларды "тұрмыстық жанжал" деп сипаттайды. Билік Қазақстанды "жүзден аса ұлт пен ұлыс тату тұрып жатқан ел" ретінде көрсетеді. Бірақ сарапшылар елдегі тұрмыстық және қылмыстық жанжалдар басқару жүйесіндегі әлсіздікті көрсетіп жатыр дейді

Қазақстан халықтары ассамблеясы 1995 жылы 1 наурызда "ұлтаралық келісімді нығайту үшін" құрылған. Қазір ассамблея атынан мәжіліске тоғыз депутат сайланады. Сарапшылар бұл институт Назарбаевтың билігін нығайту үшін құрылды деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG