Accessibility links

"Қылмысты жасыру амалы-ау". Навальныйды емдеген дәрігерлер бірінен кейін бірі жоғалып жатыр


Омбы облысының денсаулық сақтау министрі Александр Мураховский аңға шығып, жоғалып кетті.
Омбы облысының денсаулық сақтау министрі Александр Мураховский аңға шығып, жоғалып кетті.

7 мамырда Омбы облысының денсаулық сақтау министрі Александр Мураховский аңға шығып, жоғалып кетті. Ол былтыр жазда комаға түскен Алексей Навальныйды шұғыл түрде ауруханаға қабылдаған дәрігер ретінде танылған болатын.

Мураховский Поспелово Омбы облысы Большеуковский ауданындағы ауылдан кешкі бестер шамасында квадроциклмен тайгаға жалғыз кеткен. Baza телеграм-каналының хабарлауынша, Мураховский көлікпен кеткен достарынан қалып қойса керек. Ол радиобайланыс арқылы квадроциклы батпақтан жүре алмай қалғанын, сондықтан Поспелово ауылына кері қайтуға бел буғанын айтқан.

Мураховскийдің серіктестері оны іздеуге кіріскен. 8 мамырда полицейлер де іздеуге қосылды.

Министрді іздеу жұмыстарына еріктілер, ІІМ мен Росгвардия қызметкерлері мен «Лиза Алерт» ұйымының өкілдерін қосқанда жүзге тарта адам тартылған. Операцияға тікұшақ та жұмылдырылған. Бірақ әзірге Александр Мураховскийден хабар жоқ. Оның квадроциклы аңшылар базасынан алты жарым километр жерден табылған. Іздеу жұмысына ормандарда жүрудің қиындығы және батпақ жерлердің көп болуы кедергі келтіріп жатыр.

Большие Уки ауылында тұратын 50 жастағы аңшы Евгений Дармешкин бұл маңда адам жоғалып кетті деген хабарға таңғалғанын жасырмайды. Бұрын-соңды мұндай жағдайға куә болмаған қарт аңшыға бұл оқиға «таңсық» көрінген.

– Бұл жақта Омбының табиғатына тән орман мен жазық арасында батпақты жерлер кездеседі. Бұрын бұл жерде ауылдар болған. Қазір ол ауылдар жойылды. Ауыл орнында жер суғаруға арналған арықтар ғана қалған. Құрғатылған батпақтардың орнында пайда болған шұңқырлар мен арнасы тар, бірақ түбі терең өзендер бар. Сулы батпақтар кездеспейді, бірақ мүлде қауіп жоқ деуге тағы болмайды. Мысалы, жоғары жылдамдықпен келе жатқан адам қамыс жауып қалған өзенге түсіп кетуі мүмкін. Бірақ айналасына қарайлап, абайлаған адам кез келген жерге ұрынып, қатты жылдамдықпен жүрмесе керек. Олкешкі төрттер шамасында аңға шығып кеткен деседі. Бұл – нағыз аң аулайтын уақыт. Көктемде құстар мен аюды атуға болады. Мураховский Большие Уки ауылына құс атуға келді деп ойламаймын. Құсты әлдеқайда тыныш көлде немесе өзен жайылмасында-ақ атуға болады. Демек аю ғана қалады. Ол адам аяғы баса бермейтін жерлерге барамын деп ойламаған болар. Бірақ аңшылықтың қызығына түсіп кеткен болуы керек. Болмаса, аңды атып, квадроциклдан түсіп, олжасын алуға барғанда, жаралы аң біраз жерге ұзап кеткен болуы мүмкін. Аю үнемі оқ тиген жерден кетіп қалады. Жаралы аң өте қауіпті. Оны алып кету үшін тәжірибелі аңшы болу керек. Біраз аңшы қанжығасына ілінген аңды алып кетемін деп, аюға жем болған. Шындыққа жанасатын жалғыз әрі қорқынышты нұсқаға сүйенсек, Мураховский адасып, бір жерін сындырып алып, аюға кезігіп, хабарласып үлгермеген шығар деп топшылаймын, - дейді аңшы.

Түрмеде отырған ресейлік оппозиционер, Кремль сыншысы Алексей Навальныйге салынған мурал. Санкт-Петербург, 2021 жылдың сәуірі.
Түрмеде отырған ресейлік оппозиционер, Кремль сыншысы Алексей Навальныйге салынған мурал. Санкт-Петербург, 2021 жылдың сәуірі.

Евгенийдің айтуынша, әдетте тәжірибелі аңшылар болмаса, қарапайым адамдар бұлай ұзаққа бармайды (Омбыдан Большеуковский ауданына көлікпен төрт сағат жүру керек).

Алексей Навальный уланғаннан кейін екі тәулік жатқан Омбыдағы №1 жедел көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Александр Мураховский былтыр жазда сынның астында қалған.

Оған Навальныйды шетелге алып кетуге кедергі жасады, пациенттің шынайы диагнозын жасырды, арнайы қызметтің бақылауымен жұмыс істеді деген айып тағылды. Ол былтыр қарашада Омбы облысының денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындалды. Бұл лауазымға ие болардан бір ай бұрын Мураховскийге жедел көмек көрсету ауруханасымен бірге қалалық №1 аурухананы басқару тапсырылған. Мураховский Омбыда болған үлкен даудан кейін отставкаға жіберілген бұрынғы министр Ирина Солдатованың орнына келген (пандемияның екінші толқыны кезінде ауруханада орын болмағандықтан, екі жедел жәрдем көлігі коронавирусқа шалдыққан науқастарды Омбы облыстық денсаулық сақтау министрлігінің ғимаратына апарған).

Мураховскийдің министр болуына байланысты көп пікір айтылды.

– Адамның қандай да бір атақ, марапат үшін шындықты сатуы – өте қауіпті. Ол ары қарай да жоғарыдағыларға жағымпазданып, белгілі бір артықшылықтарға ие болу үшін өтірік айтатын болады. Ол – дәрігер емес. Біздің мамандығымызды сатып кетті, бұлай айтқаным үшін кешіріңіз, бірақ кәсібіміздің атына кір келтірді. Мураховский биліктегі кісі өлтірушілердің қолындағы қуыршаққа айналып, Путин мен оның айналасындағыларға қажет ақпаратты айтты. Оны жай ғана пайдаланып, осы қылмыстың басты тұлғасына айналдырды. Дәрігер бірінші кезекте адал болып, өз пациенттері үшін қолынан келгеннің бәрін жасауы керек. Бірақ Мураховский – автоматқа ұқсайтын, ақша берген адамның қалағанын істейтін механикалық адам. Осы оқиғадан кейін №1 жедел көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Калиниченко жұмыстан шығып кетті, ол ұялды. Ар-ожданны бар екен, өйткені қарапайым реаниматологтар, медбикелер, бәрі білді ғой. Ал Мураховский омбылық дәрігерлердің бәрінің беделіне нұқсан келтірді, – дейді Дәрігерлер альянсының басшысы, Алексей Навальныйдың емдеуші дәрігері Анастасия Васильева.

Омбыдағы денсаулық сақтау саласындағы сараптама орталығының директоры, экономист Дмитрий Потопальский, керісінше, Мураховскийдің министр болуын жақсы бағалайды.

– Александр Мураховскийді жеке танимын. Ол 20 жылдан аса денсаулық сақтау саласының жұмысын ұйымдастырумен айналысты. Үлкен линиялық емхананы, кейін емхана мен стационарды, жедел жәрдем ауруханасын басқарды. Денсаулық сақтау саласындағы ұйымдастырушылар үшін осындай кезеңдерден өту өте маңызды. Омбы облысында 20 жыл бойы денсаулық сақтау министрі қызметіне шенеуніктер тағайындалып келді. Ал Мураховский – бас дәрігерлер мен ұйымдастырушылардың арасынан шыққан адам. Ол теориялық және тәжірибелік тұрғыдан бірдей дайын. Бірақ оның эмоционалды дайындығына сенімді емеспін. Менің ойымша, кім не десе де, Мураховский, тамызда бүкіл соққыны өзіне қабылдады. Ол Алексей Навальный облыста жатқан кезде бірдөбір пікір бермеген денсаулық сақтау министрлігі сияқты бұғып қалған жоқ. Мураховский бас дәрігер ретінде шығып, өз жұмысын адал атқарды, - дейді ол.

Александр Мураховский денсаулық сақтау министрі болған жарты жылда ешқандай дауға қалмады. Омбы облысы 100 мың адамға шаққанда коронавирустан көз жұмған науқастар саны бойынша Ресейде 34-орында тұр.

Алексей Навальныйдың жақын серіктестері Мураховскийдің жоғалуына ерекше назар аударып отыр.

Бұрын Навальныйдың Омбыдағы штабында істеген Даниил Чебыкин №1 жедел көмек көрсету ауруханасындағы дәрігерлердің бірінен кейін бірі жұмыстан шығып, қазаға ұшырауы күмән туғызатынын айтады.

– Әуелі Навальныйды емдеуге қатысқан бірінші дәрігер Анатолий Калиниченко жұмыстан шықты. Ол басқа жұмысқа ауысты және содан бері мүлде пікір бермейтін болды. 2021 жылы ақпанда 55 жасында аяқ астынан анестезиолог-реаниматолог Сергей Максимишин өмірден өтті. Наурызда травматология және ортопедия бөлімінің меңгерушісі инсульт алып, қайтыс болды. Енді Мураховский жоғалып кетті. Жеке сәйкестіктерге сенуге болатын шығар, өмірде әрқилы жағдай болады ғой, бірақ болған оқиғаның бәрін біріктірсе, біреу қылмыстың ізін жасырып немесе куәгерлердің көзін жоюға тырысып жатқандай көрінеді. Мураховскийдің қолында біраз ақпарат болды деп ойлаймын. Навальныйдан сараптама алған химиялық зертханалардың бәрі «науқас органикалық фосфаттар тобына жататын заттан уланған, мұны растайтын клиникалық белгілер де бар» деген байламға келген. Науқаста болған ауру белгілері де әуелден-ақ осыны көрсеткен. Мұны медицина саласында оқып жүрген студент те оңай анықтай алады. Жедел-жәрдем дәрігерлерінің Алексей Навальныйға бірден атропин салуы да бекер емес. Мураховский тәжірибелі дәрігер ретінде Алексейдің комаға түсу себебін білмеуі мүмкін емес. Бірақ ол зат алмасудың бұзылуы сияқты ақылға сыймайтын дүниелер айтып, кабинетінде отырған шенділерге тиімді жағдай қалыптастыруға тырысты. Осыдан кейін екінші аурухана Мураховскийдің басқаруына берілді. Көп ұзамай оның қызметі өсіп, министр болды. Бұл оған жоғарыдағылардан берілген марапат екені белгілі, - дейді Чебыкин.

Александр Мураховский денсаулық сақтау министрі болып тағайындалардан бұрын қалалық кеңес депутаты болған. Депутат Дмитрий Петренко әріптесі туралы жылы пікір білдірді. Бірақ ол Мураховскийдің аңға шығатыны туралы айтқанын естімеген.

– Орташа деңгейлі омбылық азаматпен салыстырғанда, Мураховский – аңшылықтан алыс адам. Менің ойымша, Александр министр болғаннан кейін аңшылыққа қызығатын адамдардың ортасына түскен сияқты. Олар Мураховскийді өздерімен бірге аңға шығуға шақырған. Менің білуімше, «вип-аңшылықта» аң аулауға қарағанда, ішімдік ішуге басымдық беріледі. Адамдар таза ауада көп ішкен кезде кез келген жағдай болуы мүмкін. Әсіресе, тайгада жол табудан тәжірибесі болмаса қиын.

– Мураховскийдің жоғалуы Навальныйдың ісімен байланысты болуы мүмкін бе?

– Екі дәрігердің қайтыс болғаны туралы естігенде, олардың қазасынан қылмыс көрмедім. Адамдар өледі ғой. Бірақ Мураховский квадроциклмен жоғалып кеткенде, күдіктене бастадым. Бұл күмән туғызады. Оқиға Навальныймен байланысты болуы мүмкін деп ойлаймын. Бірақ маған әлі де таза ауада көп ішімдік ішу деген нұсқа шындыққа жақын сияқты көрінеді. Тайганы білмейтін адам квадроциклға мініп, орманды аралауға шығып, адасып кетсе керек. Ары қарай кез келген жағдай болуы мүмкін. Сонда да қасақана ұйымдастырылған манипуляциялар жоқ деп сенімді түрде айта алмаймын. Омбыда жоғары шенді тұлғалардың көбі аңға шығып, қайтыс болады. Олардың бәрі бірдей өз қатесінен өлмеген шығар деп топшылаймын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG