Accessibility links

Израиль Газаға шабуылын үдетті, қаза тапқандар мен жараланғандар бар


Йордан өзенінің батыс жағалауындағы оккупацияланған аймақта наразы палестиналықтар Израиль күштеріне тас лақтырып жатыр. 14 мамыр, 2021 жыл.
Йордан өзенінің батыс жағалауындағы оккупацияланған аймақта наразы палестиналықтар Израиль күштеріне тас лақтырып жатыр. 14 мамыр, 2021 жыл.

15 мамырда Израиль Газа аймағына шабуылын үдете түсті. Израиль ұшақтары Газаға әуеден тағы шабуыл жасады, ал ХАМАС қозғалысы Израильге қарай зымырын атты.

Йордан өзенінің батыс жағалауында, Ливанмен шекарада және Израильдегі еврейлер мен арабтар арасында қақтығыс басталғалы Таяу Шығыста бесінші мазасыз түн өтті.

Палестина дәрігерлерінің хабарлауынша, Газаның солтүстігіне жасалған шабуылдардың бірі кезінде кемінде төрт адам опат болған. Ал Израильдің оңтүстігіндегі екі қалаға зымыран атылып, дабыл қағылды.

Палестина денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, наразы арабтар мен Израиль қауіпсіздік күштері арасында болған қақтығыс кезінде Израиль әскерилері атқан оқ пен снарядтан 11 адам қаза тауып, 50 кісі жарақат алған.

10 мамырда қақтығыс басталғалы Газада кемінде 132 адам қаза тапты, оның 32-сі бала, 21-і – әйел, 950 адам түрлі жарақат алды. Израильде 8 адам қаза болды.

Израиль армиясының хабарлауынша, 14 мамырда бастаған шабуыл кезінде Газада қарулы топтар қолданып келген "бірнеше километр" тоннель жойылды.

Израиль Газадағы қару жасалатын қоймалар мен зымыран ұшырылып жатқан орындарды нысанаға алған

Ең қанды қақтығыс болған Лод қаласында әлі коменданттық сағат тәртібі алынған жоқ, өткен тәуліктерде мұнда синагогаларға шабуыл жасалып, көшеде атыс болды.

Израильдің солтүстігінде ливандық және палестиналық наразы топ шекара қоршауын бұзып, Израильге кірмек болғанда оларға әскерилер оқ жаудырған.

Иранға жақын "Хезболла" қозғалысы осы атыста бір мүшесінің қаза тапқанын хабарлады. Израиль әскері атқан оқтан жараланған ливандық тағы бір наразы адам кейіннен көз жұмған. Бұл туралы Ливанның ресми дереккөздері хабарлады.

Көршілес Сириядан Израильге үш зымыран атылды, дегенмен олар Сирияның аумағына не бос жерге құлаған. Бұл зымырандарды кім атқаны әлі анық емес деп хабарлайды Израиль ақпарат құралдары.

Мұсылмандардың басты діни мерекесі – Ораза айт қарсаңында Израиль арабтарды үйлерінен көшіріп, мұсылмандардың қасиетті орны әл-Ақса мешітінде шектеуді күшейткен, мұның соңы Шығыс Иерусалимдегі қақтығысқа ұласты.

Артынша Газа аймағында билік жүргізетін ХАМАС қозғалысы әл-Ақса мешіті маңында палестиналықтарға күш көрсету әрекетіне жауап ретінде Израильге зымыран ата бастады.

Халықаралық қауымдастық Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге тырысқанымен, бұдан әлі нәтиже болмай отыр.

АҚШ-тың жоғары шенді дипломаты Израиль мен Палестинаның ресми өкілдерімен кездесу үшін Тель-Авивке барды. Вашингтон 2014 жылдан бергі ең қанды қақтығыс деп бағаланған бұл кикілжіңді тоқтатуға күш салып көрмек.

  • Аймақтағы жағдай мамырдың басында ушықты. Израиль Шығыс Иерусалимде бірнеше араб отбасын басқа жаққа көшіруді ойластырып, сот бастаған. Бұл палестиналықтардың ашуына тиді. 7 мамырда жұма намазынан шыққан жұрт полицияға тас, бөтелке, арматура лақтыра бастады.
  • Кейін полиция бұл жанжалды тоқтатамыз деп Храм тауына кіреберісті жауып, мұсылмандарға шектеу қойды. Палестиналық басылымдар израильдіктер мұсылмандарды тарату үшін резеңке оқ пен құлақ тұндыратын граната қолданғанын хабарлады. Артынша полиция Әл-Ақса мешітінің ауласына басып кіріп, жұртты күштеп шығара бастаған.
  • Палестиналықтарды басқа жаққа көшіру ісі бойынша сот шешімі кейінге қалғанымен, қақтығыс тоқтамады.
  • ХАМАС тобы Газа секторын бақылап отыр. Бұл ұйымды бірнеше ел террорлық ұйым деп таныған. Оны террорлық ұйым деп санамайтын елдер де бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG