Accessibility links

Лукашенко журналисті ұстау үшін Афины-Вильнюс рейсін Минскіге қондырған. Жағдайдың жай-жапсары


Милиция наразылықтан хабар таратып жүрген Роман Протасевичті ұстап жатыр. 2017 жылдың наурызы.
Милиция наразылықтан хабар таратып жүрген Роман Протасевичті ұстап жатыр. 2017 жылдың наурызы.

Еуроодақ елдерінің лидерлері Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенконы оппозициялық журналист Роман Протасевичті ұстау үшін Ryanair ұшағын Минскіге әдейі қондырды деп айыптап, Беларусь билігіне санкция салуға шақырды. 23 мамырда Беларусь Афиныдан Вильнюске кетіп бара жатқан жолаушылар ұшағын Минскіге қондырып, борттағы журналисті ұстаған. Батыс бұл жайтты "Беларусь билігінің коммерциялық рейске жасаған қоқан-лоқысы" деп санайды.

Еуроодақ (ЕО) елдері басшыларының 24 мамырда өтетін саммиті қарсаңында Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Александр Лукашенконың режиміне байланысты Беларуське салынған санкцияларды күшейтуге шақырды.

"Беларусь режиімінің өрескел және заңсыз әрекеті жауапсыз қалмайды. Ryanair ұшағын мәжбүрлі түрде қондыруға кінәлі адамдарға санкция салынуы тиіс" деп жазды ол Twitter желісінде.

23 МАМЫРДА НЕ БОЛДЫ?

Оппозициялық белсенді, журналист, NEXTA Live арнасының экс-редакторы Роман Протасевич Грекияның Афины қаласынан Литваның Вильнюс қаласына ұшып бара жатып, кенеттен Минскіге бұрылған ұшақта болған. Беларусь билігі оған "әлеуметтік араздықты қоздырды, қоғамдық тәртіпті бұзды" деген айып таққан. Минск Протасевичті 15 жылға дейін түрмеге қамауы мүмкін.

Беларусьтің БелТА мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Лукашенко "бомба жарылу қаупіне байланысты" Ryanair ұшағын Минскіге дейін ертіп жүру үшін МиГ-29 әскери ұшағын жіберген. Кейінірек ресми өкілдер ұшақта ешқандай жарылғыш болмағанын мәлімдеді.

Минск әуежайына қонған Ryanair ұшағы. 23 мамыр 2021 жыл.
Минск әуежайына қонған Ryanair ұшағы. 23 мамыр 2021 жыл.

Ryanair ұшағы Минскіге қонған соң полиция Протасевич пен оның қалыңдығын ұстап әкеткен. Ryanair әуе компаниясы Минск әуежайында бірнеше сағат тұрған ұшақтың Вильнюске кешігіп жеткенін хабарлады.

Литва президенті Гитанас Науседа Протасевичтің қамауға алынуын "адам сенгісіз жайт" деп атап, "жеккөрінішті әрекеттің артында Беларусь режимі тұрғанын" айтты.

Оның сөзінше, Брюссельде өтетін саммитте ЕО лидерлері Беларусь билігі ұйымдастырған "террор актісін" және "режимге қарсы қатаң санкция салу" мәселесін талқылайды.

Аты-жөнін атамауды сұраған ЕО шенеунігінің Азаттық радиосына айтуынша, ЕО әуе компанияларына Беларусь арқылы ұшуға, Беларусьтің Белавиа әуе компаниясына ЕО елдерінің әуежайларына қонуға және Беларусь арқылы Еуроодаққа транзит жасауға тыйым салуы мүмкін.

"Беларусьтің әуе кеңістігі кез келген коммерциялық рейс үшін қауіпті және мұны тек ЕО емес, халықаралық қауымдастық та ескеруі керек. Бұл әрекет енді Беларусьтің аспанынан өтетін кез келген ұшаққа қолданылуы мүмкін" дейді Литваның сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис.

Афины-Вильнюс ұшағының Минскіге бұрылған сәті.
Афины-Вильнюс ұшағының Минскіге бұрылған сәті.

ЕО лидерлері Халықаралық азаматтық авиация ұйымын (ICAO) оқиғаны тергеуге шақырды. Бұл ұйым ұшақтың Минскіге қонуын Чикаго конвенциясы бойынша әуе тасымалының халықаралық ережесіне қайшы әрекет деп атады.

ЕО Ryanair оқиғасы болмай тұрып Беларуське санкциялардың төртінші пакетін дайындалып жатқан еді. Оның ішінде оппозиция өкілдерін қудалағаны үшін жеке және заңды тұлғаларға виза беруге тыйым салу, активтерін бұғаттау секілді шектеулер бар. Батыс елдері мен оппозиция былтыр тамызда өткен президент сайлауын заңсыз санайды. Бұл сайлауда Александр Лукашенко жеңіске жетті деп жарияланғанымен, халық мен батыс елдері сайлау әділетсіз өтті дейді.

ЕУРОПА ЕЛДЕРІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Батыс елдері ЕО елдері арасындағы ұшақ маршрутының өзгеруі мен Протасевичтің қамалуын қатты сынға алды.

Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий Еуропа кеңесінің президентін тез арада Беларуське қарсы санкцияларды талқылауға шақырды, ал Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан оқиға Еуроодақтың "қатаң әрі бірлескен" жауабын қажет ететінін айтты.

Ryanair әуе компаниясының штаб-пәтері орналасқан Ирландия үкіметі оқиғаны "өте өрескел әрекет" деп сынаса, НАТО бұл жайтты "алаңдататын әрі қауіпті" әрекет деп атап, халықаралық тергеу жүргізуді талап етті.

"ЕО азаматтары отырған ирландиялық борт Минскіге қонуға мәжбүр болды әрі ұшақ ЕО елдері арасында ұшып бара жатқан. ЕО әрекетсіз қалса Беларусь билігі мұны әлсіздік деп қабылдайды" деді Ирландия сыртқы істер және қорғаныс министрі Саймон Ковени.

Германия мен Ұлыбритания сыртқы істер министрлері де алаңдаушылық білдіріп, жауап қатуға шақырды. Ал Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишель ICAO халықаралық тергеу жүргізу керек деді.

Лукашенко журналист мінген ұшақты Минскіге қондыруға тікелей бұйрық берген
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:16 0:00

АҚШ-тың Беларусьтегі елшісі Джули Фишер Ryanair ұшағын Минскіге бұру оқиғасы Лукашенконың халықаралық қауымдастықты "құрметтемейтінін" көрсетті деп санайды.

"RyanAir ұшағын Минскіге бұру үшін бомба қойылды деп алдап және МиГ-29 әскери ұшағын жіберу, осы арқылы саяси мақсатта айыпталған Nexta журналисін қамауға алу – қауіпті әрі жиіркенішті әрекет" деп жазды ол Twitter желісінде.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтон ІСАО-ның тергеу жүргізуін қолдайтынын және ЕО, Литва мен Грекиямен бірге Беларуське жауап беруді қарастыратынын айтты.

"АҚШ ЕО арасындағы ұшақтың бағытын мәжбүрлеп өзгертуді және журналист Роман Протасевичтің Минскіде қамауға алынуын айыптайды. Біз оның дереу босатылуын талап етеміз" деді ол.

ПРОТАСЕВИЧ КІМ?

Роман Протасевич – былтыр тамыздағы президент сайлауынан кейінгі наразылық акцияларынан хабар таратқан NEXTA Live Telegram арнасының негізін қалаушылардың бірі.

Былтыр қарашада Беларусь билігі "жаппай тәртіппсіздіктерді ұйымдастырып, қоғамдық тәртіпті бұзды және әлеуметтік алауыздық туғызды" деген күдікпен Роман Протасевич пен оның әріптесі Степан Путилаға қарсы тергеу бастаған еді.

"Бұл Беларусь арнайы қызметі белсенді, блогер Роман Протасевичті ұстау үшін жүргізген операция екені анық" деп жазды оппозиция лидері Светлана Тихановская.

Оппозиция мен халық былтырғы президент сайлауында Светлана Тихановская жеңіске жетті деп санайды. Қауіпсіздігіне алаңдаған ол Литваға көшуге мәжбүр болған.

Протасевич 2017-2018 жылдары Прагада Vaclav Havel Journalism стипендиясы арқылы Азаттық радиосында тәжірибеден өткен. The Vaclav Havel Journalism Fellowship – Азаттық радиосы мен Чехия сыртқы істер министрлігінің Еуроодақтың шығыстағы серіктес елдеріндегі және Ресейдегі тәуелсіз журналистерге арналған бағдарлама.

Былтыр Беларусь билігі Протасевичті қамауға алуға бұрйық бергеннен кейін ол "Настоящее время" телеарнасына сұхбат беріп, "меніңше, билік өзгеше ойлаудың кез келген түрін қылмыс ретінде қарастырады. Мұны қамауға алынғандардың санынан байқауға болады" деген еді.

1994 жылдан бері билікте отырған Лукашенко 2020 жылы президент сайлауында жеңіске жетті деп хабарланған соң елде жаппай наразылық басталды. Содан бері билік 30 мыңнан астам адамды ұстап, жүздеген адамды ұрып-соқты, журналистерді қудалай бастады.

Былтыр қазан айында Минскідегі сот NEXTA Live арнасын "экстремистік медиа" деп танып, ақпарат министрлігіне арна жұмысын шектеуді тапсырды. Беларусьте NEXTA Live бұғатталған.

Роман Протасеич пен Степан Путила қауіпсіздік мақсатында Беларусьтен кетіп қалған. Олардың қайда кеткені белгісіз болған еді.

Қазанда Путила мен бернеше беларусь белсендісі Еуропарламенттің "Ой еркіндігі үшін" берілетін Сахаров сыйлығын алған еді.

Беларусьтегі медиа Лукашенко үкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырап келеді. "Шекарасыз репортерлер" ұйымы (Reporters Without Borders) Беларусьті "Еуропадағы журналистер үшін ең қауіпті ел" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG