Accessibility links

Ryanair басшысы Беларусь билігін "әуеде қарақшылық жасады" деп айыптады


Ryanair компаниясының басшысы Майкл О'Лири Беларусь билігінің Афины-Вильнюс бағыты бойынша рейс жасаған ұшақты Минскіге қондыруға мәжбүрлеуін "мемлекет деңгейіндегі барымта", "әуедегі қарақшылық" деп атады.

Ақпаратқа қарағанда, Беларусь төбесінен ұшып бара жатқанда экипаж мүшелері Минскіден ұшаққа бомба қойылғаны жайлы ақпарат алған, Минск әуежайына қону туралы нұсқаулық та келген. Ұшақ қонғаннан кейін беларусь полициясы оппозициялық журналист, NEXTA телеграм-арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевичті ұстаған. Беларусьте оның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Ryanair басшысы экипаж мүшелеріне қатысты айтылған айыптардың бәрін жоққа шығарып, олардың жолаушыларды қауіпсіз жеткізуге бар күш салғанын айтты. Әуе компаниясының басшысы беларусь билігінің "опозициялық журналист пен әйелді ұстауды" көздегені айдан анық дейді. Ол сонымен бірге ұшақта беларусь КГБ агенттері болды деп санайды.

BBС сайтының хабарлауынша, Беларусьте Протасевичтен бөлек онымен бірге ұшқан Вильнюс университетінің студенті, Ресей азаматы София Сапега да ұсталған болуы мүмкін. Бұған қоса, тағы төрт ресейліктің жоғалғаны жайлы хабар тарады. Алайда олардың ұсталғаны жайлы ресми ақпарат жоқ.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Беларусьте Роман Протасевичтің ұсталуына орай мәлімдеме жасады.

АҚШ оқиғаны "120-дан астам жолаушының өмірін қауіпке тіккен" "жан түршігерлік әрекет" деп атап, оған Александр Лукашенко режимін кінәлады.

"Оқиғаға Беларусь арнайы қауіпсіздік қызметінің араласуы және беларусь әскери ұшақтарының лайнер артынан жүріп отыруы алаңдатады, бұл ірі зерттеуді талап етеді" делінген Блинкен хабарламасында. Онда сонымен бірге Протасевичті босату туралы талап та бар.

Мемлекеттік хатшы сонымен бірге оқиғаны талқылау үшін Азаматтық авиация жөніндегі халықаралық ұйым отырысын өткізу қажет деп санайды. Бұған дейін аталған ұйым Беларусь билігінің әрекеті Азаматтық авиация туралы Чикаго конвенциясына қайшы келетінін алға тартқан.

Еуроодақ елдері оқиғаны дүйсенбі күні талқылайды. Көбі Лукашенко режимін әуеде қарақшылық жасады деп айыптап, Минскіге санкция салуды қолдайды. Бірқатар елдер беларусь әуе компанияларына Еуроодаққа ұшуға тыйым салуға шақырды, Беларусьтің әуе кеңістігін жабуға үндеді.

Литвада әуе кемесін басып алу фактісі бойынша қылмыстық іс ашылды, Минскіде бірнеше сағат болып, жексенбі күні кешке Вильнюске оралған жолаушылардан полиция жауап алып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG