Қазақстанда екпе алғандардың дерегі Ashyq ұялы қосымшасында көрсетілмей тұр. Бұл ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі электронды даму департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев растады.
- Басында пилотты жобада екпе алғандардың статусы қарастырылмаған еді. Себебі денсаулық сақтау министрлігі мұны көп қарастырды. Ashyq қосымшасы басында ПТР-тест нәтижесіне негізделген еді. Кейін екпе алғандар саны арта бастаған соң азаматтардың статусын жеңілдету үшін деректерді біріктіру мәселесі көтерілді. Соған сай қазір біз деректерді біріктіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деді цифрлық даму, инновация және аэроғарыш вице-министрі Әсет Тұрысов.
Шенеуніктер деректерді біріктіру 1 шілдеге таман аяқталады дейді
Жұртты эпидемиологиялық статуысы бойынша бірнеше топқа бөлетін Ashyq қосымшасы өткен аптада істемей қалған. Тұрысов мүны қосымша "Ұлттық ақпараттық технологиялардың" операторына өту жұмыстарымен түсіндірді.
— Енді техникалық ақауларды біздің ұлттық оператор қадағалайды. Барлық маман білікті, олар сервистің жақсы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деп ойлаймын, - деді Тұрысов брифингте.
Шенеуніктер Ashyq қосымшасындағы барлық деректің қауіпсіздігіне кепілдік береміз деп отыр.
— Еgov жүйесіне сенесіздер ғой, сол сияқты Аshyq қосымшасына да сенсеңіздер болады. Себебі ол egov сияқты контурда жұмыс істейді. Онда азаматтардың барлық дерегі сақталған және контур толығымен қауіпсіз. Жеке бас деректердің қауіпсіздігіне кепілдік береміз, - деді цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрлігі цифрлық шешімдер департаментінің директоры Бекболат Молдабеков.
Кейбір адамдар Азаттыққа Covid дертімен ауруханаға түскендер Ashyq қосымшасында "көк" статуста (қоғамдық орынға кіруге рұқсат береді) болғанын айтқан.
— Бұл бірді-екілі жағдайды білеміз. Қазір әрбір жағдайды тексеріп жатырмыз. Мәселе ПТР тестің нәтижесін уақытында енгізбеуден де болуы мүмкін, - деді Есенбаев.
Ashyq қосымшасы бірнеше рет сынға ұшыраған. Мамырдың басында бұл қосымшаны iPhone телефонының жүктелмей қалған. Себебі қосымшаны жасаушылар тиісті төлемді Apple ережесіне сай төлемегендіктен Ashyq қосымшасын iPhone телефонына жүктеу қиынға түскен.
ПІКІРЛЕР