Азаттық тілшілері осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.
"Нұры тасысын". Назарбаевқа Түркістанда ескерткіш қоюды ұсынды
Қазақстанды отыз жыл билеп, президенттіктен кетсе де, ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевқа тағы бір ескерткіш қойылуы мүмкін. Ұсыныс айтылған тұста желіде Назарбаевқа ұқсайтын мүсін суреті тарады. Суреттегі депутаттар да, мүсін авторы да Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартты.
"Қаймақ асаған" Құлыбаев жайлы мақала: Нұр-Сұлтан "бәрі заңды" дейді, АҚШ Қазақстандағы "ұрлықты" айтады
Қазақстан бас прокуратурасы британдық Financial Times газетінде жарияланған мақаладағы ақпаратты ресми тексерген кезде "заң бұзу фактісі анықталмағанын" айтады. Басылым Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев Қытай мен Еуропаны жалғайтын газ құбыры жобасынан жасырын жолмен ондаған миллион доллар пайда көрді деп жазған еді. Ал АҚШ конгресі болса Ақ үйді Қазақстандағы "клептократияға" назар аударуға үндеді.
"Жемқорлық символы" атанған LRT соты аяқталды
28 мамырда Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "Астана LRT" жобасы бойынша айыпталғандарға үкім оқылды. Ең ауыр жаза – 10 жыл түрме.
"Айран ішкен құтылып..." Қазақстандағы атышулы істер немен аяқталады?
Алматыда Қызыл кітапқа енген ағашты кесуге байланысты қоғамдық резонанс туғызған іс (мәселеге президент араласып, жергілікті билікті зерттеу жүргізуге шақырған) жарты жылдан кейін жекеменшік компания қызметкеріне айыптау үкімін шығарумен аяқталды. Бұл Қазақстанда сот үкімі біраз сұрақ туғызып, соңы түсініксіз аяқталған бірінші іс емес.
Үш жыл бойы "тиісіп" келген. Өгей қызын зорлады деп айыпталған ер адам 20 жылға сотталды
Айыпталған Болат Аймағамбетов 20 жылға сотталды және жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуі тиіс. Үкімді 26 мамырда Оралдағы қылмыстық істер бойынша арнайы сот шығарды. 33 жастағы тұрғын 13 жастағы өгей қызына "бірнеше рет жыныстық зорлық-зомбылық жасады" (Қылмыстық кодекстің 121-бабы) және "азғындық жолға түсірді" (Қылмыстық кодекстің 124-бабы) деп айыпталды.
Істе жәбірленуші ретінде кәмелетке толмаған бала болғандықтан сот жабық өтті. Үкімнен кейін судья Бақыт Ермаханов журналистерге "Аймағамбетовке мүмкін болған ең ауыр жаза тағайындалғанын" айтты.
— Айыпталушының кінәсі куәгерлердің және жәбірленушілердің, экспертизамен дәлелденді, - деді судья.
Әкімі "оппозицияға өткен" мимырт қала. Павлодар облысы Ақсу қаласының тіршілігі қандай?
Қала әкімдері Азаттық тілшісіне сирек қоңырау шалады. 21 мамырда кешкісін тілшіге телефонмен хабарласқан Нұржан Әшімбетов Павлодарда таңертең баспасөз жиынын өткізетінін айтты.
– Сағат 18.00-де облыс әкімдігінің кадр бөлімінен адамдар келіп, жұмыстан шығарылғаным туралы бұйрықпен таныстырды. Осыған байланысты ертең, 22 мамырда баспасөз жиынын өткіземін. Таңертең сағат 10-да "Чайка" қонақ үйінде оффлайн болады, – деді Әшімбетов.
Жат жұртта таңнан кешке дейін жұмыс істеу. Пандемия Қазақстандағы еңбек мигранттарына қалай әсер етті?
Мансұр, 30 жаста: Өзбекстанда жұмыс болса шетел асып кетпейтін едік
– Жетісайдағы дәмханалардың бірінде аспаз болып жұмыс істеймін. Әйелім, бір балам бар. Әйелімнің ұлты – қазақ, ол – Қазақстанның, ал мен Өзбекстанның азаматымын.
Пандемиядан бұрын күніне 20-30 келі палау басатын едім. Етті маринадтап, кәуап пісіремін. Айына 150 мың теңге жалақы беретін. Карантин басталғалы дәмхана бірнеше рет жабылып, келуші азайды. 2-3 ай жұмыс болмай үйде жатып қалдық. Баланың жәрдемақысымен күн көрдік. Қазір жұмыс басталғанымен, бұрынғыдай емес. Табыс аз болған соң жалақы да азайды. 100 мың теңгені қанағат тұтып отырмыз. Ас-суымызға жетсе болды дедік.
Төрт ағайындымыз. Ағам қара шаңырақта қалды, бір інім Ресейге жұмысқа кетті. 3 жыл болды одан хабар-ошар жоқ. Кенже інім Шымкентте құрылыста істейді. Өзбекстанда тұрақты жұмыс болса, бір отбасынан үш адам бұлай шетел асып кетпейтін едік.
ПІКІРЛЕР